Әкемді құшақтар едім...

Әкемді құшақтар едім...
жеке
блог

Анасының қолынан ұстап келе жатқан кішкентай қыз кенеттен тоқтай қалды. Жаңбыр тамшыларымен суланған көзілдірігін шешіп, әкесінің велосипедінің артына мінгесіп алған өзіне тетелес кішкентай қызға телміре қарап тұрды. Велосипедтің артында отырған әлгі қыз құлап қалмайын деп әкесінің белінен қатты құшақтап алыпты. Таңғы ызғар суықтан қызарған бетін әкесінің арқасына төсеп келеді. Әкесі қайта-қайта басын бұрып қызына бір нәрселерді айтып бара жатыр. Қыз болса ішек-сілесі қата күледі.

Велосипедтің соңынан телміре қарап тұрған қызына анасы:

 - Үйдегі ойыншықтарың жетпейтіндей велосипедке телміріп тұрғаның не? - деп дүрсе қоя берді. - Жарайды, қаласаң, әкеңе айтармыз, саған да алып берсін.

Қыз бәсең дауыспен:

- Велосипедке емес, қызға қарап тұрмын. Әкесі артында отырған қызымен әңгімелесіп бара жатыр...

Анасы қызының сөзін елеген де жоқ. Қымбат теріден тігілген бас киімін түзетіп жатып:

- Достарың осындай жаңбырлы күнде мектепке жаяу келеді. Әкең болса, жұмысқа асықса да, саған уақытын бөліп, көлігімен мектепке дейін әкеліп тастайды.

Қыз әлі велосипедтен көзін ала алмады. Шешесі одан сайын ашуланып:

-Қаласаң әкең де сені мектепке велосипедпен апарып жүрсін. Сонда тіпті жарасып кетер еді! - деді мысқылдап.

Бүлдіршін қыз жанарынан аққан көз жасын анасына көрсетпеуге тырысып:

-Онда жақсы болар еді, - деді күбірлеп, - Мен де әкемді құшақтап отыратын едім.

Гүл өскіні топырақты, суды, күн сәулесін, ауаны қаншалықты қажет етсе, бала да сүйіспеншілікті, мейірімді соншалықты қажет етеді.