Мен білмейтін шоу-бизнес немесе қазақша EMA2013

Мен білмейтін шоу-бизнес немесе қазақша EMA2013
жеке
блог

Бұрын, неге біздің Қазақстанда әншілерді марапаттайтын арнайы жүлделер жоқ екен деп ойлаушы едім. Мысалы, шетелде үздік ән, әнші, үздік бейнеклип және т.б. еңбектері үшін бағалап, марапаттайтын дәстүрлі жүлделер жетерлік. Бірақ бізде мұндайды ұйымдастыру жағы ақсап жататын. Ал соңғы жылдары «Астана жұлдызы», Муззон арнасының «Eurasia Music Awards» салтанатты марапаттау концерті ұйымдастырылып жатыр. Бұл қуантарлық жайт, бірақ...


Бізде әншілердің жұмыс істеу жоспары түсініксіздеу... Мысалы, шетелде әнші біраз уақыт демалыс алса, ол «қайта оралуын» дүркіретіп жасауға тырысады. Яғни, ол керемет бір ән дайындайды, оған бейнеклип түсіреді, әнді радио, телеарналардан айналдырады, промоушнымен айналысады. Егер дебют жасаса, онысын  жарқыратып істеуге тырысады. Ол әншіні екінің бірі танитындай етеді жалпы айтқанда. Ал сосын келеді де, үздіктер қатыранан табылып, жүлделерді жинап әкетеді. Бұл дұрыс та, өйткені ол бір жыл бойы еңбек етті, яғни соған лайықты. Ал бізде ше, бір клип шығарады (оның өзінде қазірде халық әніндей болып кеткен әнді қайта шырқап шығады), оны бір айдай телеарнадан айналдырады. Ал сосын келіп, «Жылдың дебюті» деген атаққа күреседі. Жалпы, номинацияға түскендерді қалай таңдап алатыны да белгісіз, жеңіп шыққандарды айтпағанда.


Мысалы, кеше «EMA2013» байқауында «Үздік топ» номинациясы бойынша жүлдеге «Музарт», «Арнау» және «Hadn’t tea» тобы таласты. Әлбетте «Музарт» жеңіп алды, бірақ қарсыластар лайықты болды ма? Сіздерді қайдам, «Hadn’t tea» деген топты мен бірінші рет естуім. «Музарт» бұл жүлдеге түсіп жатқандарынан да бейхабар болуы керек, жүлдені алуға келмеді. Олардың келмегенін жүргізушілер алдын-ала білмеген де. Сонымен қатар «Үздік бейнеклип» номинациясын жеңіп алған «Amouage» тобы да келген жоқ. Бұндай топтың да бар екенін кеше ғана білдім. Бірақ олар «Көрермен таңдауы» деген атақты жеңіп алды. Бұл жүлдені алуға кешігіп болса да келді. Көрермен таңдаса, атақты болғаны да деп ойлап қойдым ішімнен, бәлкім мен көрмей, білмей жүрген шығармын...

Жалпы бізде концерт болсын, бағдарлама болсын ұйымдастырылу жағы ақсап жатады. Бірде номинацияны жариялайтын адам келмей қалса, бірде оны алатын әнші, не топ жоқ болып шығады. Микрофонның істемей қалуы деген сияқты техникалық қателерді айтпағанда. Бұған көрермендердің не кінәсі бар дейсің?

"Үздік әнші" атағын Әли Оқапов жеңіп алды. Ол жігіт соңғы бір жылда көп еңбек етті, шыны керек. Бірақ сайысқа Қайрат Нұртас және Kариммен түсті. Екіншісін білмеймін, бірақ біріншісі Әлиден озбаса, кем түспейтіні анық және халық таңдауы бойынша озып шығарып сөзсіз еді. Тек жұмыс істеу стильдері өзгеше дер едім.

Жалпы Mysterions, FM, Bacardi, Дуэт "L" деген топтар баяғыда пайда болып, кей-кейде телеарналардан көрініп қалатыны болмаса олардың не істеп, не қойып жатқандарынан халық бейхабар. Бірақ осындай кезде олар үздік болып шыға қалатыны таңқаларлық. Mysterions тобының бір әні "үздік махаббат әні" болып таңдалды, ал қай ән екені айтылмады.


Қазақстандық шоу-бизнеске қосқан үлесі үшін Айгүл Бабаева марапатталды, ол да жоғарыдағылардың қатарынан. Және ол да жүлдесін алуға келмеді.

Бір қызығы, тығыз кестелерінен келе алмаған әншілердің орнына осы уақытқа дейін мыңдаған ән шығарып, 60-қа жуық фильмге түсіп, 100 млн-нан астам дискісін сатқан композитор Шарль Азнавур келе алған екен.


Мына жиналған жұрт не тыңдағысы келді деп ойлайсыздар? Олардың көбі қазірде хит болған әндерді тыңдағысы келді. Бірақ оның орнына бірінші рет орындалып жатқан әндер шырқалды. Онсыз да ауа-райының бұзылуынан суық күнде тұрған тыңдармандар ыңылдаған әндерді тыңдап, одан сайын жаурағаны түсінікті. Тым құрығанда әншілер көрермендерді баурап алатын әндерін айтса-шы... Сонымен қатар, біздің әншілер стадионмен жұмыс істеуді мүлде білмейді екен. Шығып, әндерін айтып кетіп жатты. Әйтеуір соңында Нюша келіп, біраз билетіп кеткен сыңайлы. Оны күтеміз дегенше үсіп қалатындай болдық. Жалпы ұйымдастырушылар неге ашық алаңда жасауды ұйғарды екен деген де сауал туады. Ауа-райы факторларын да ескермеген сыңайлы.

Бәрін айт та, бірін айт, бұл концерттен шыққан соң, мен қазақстандық шоу-бизнестен түк қақпайтынымды түсіндім. Мен үшін Kaliyaa, Айнур Ешманова, Hadn't Tea тобы, Skillz, I Fly, Amouage топтары жылдың ашылуы болды. Жалпы бізде шоубизнес өз бетімен, халықтан тыс дамып жатқандай әсер береді. Екеуі екі планетада өмір сүріп жатқандай.

Жалпы есепті, кімнің қандай номинация бойынша ұтқаны жайында Санияның материалынан оқырсыздар...