...Сенгім-ақ келеді...

...Сенгім-ақ келеді...
жеке
блог

Жүрмін қалада асыр-салып, жердің бір жерін тіреп тұрғандай... Әкемнің көктеммен бірге оянып, тырбаңдап, тырнақ астына топырақ жия, жерді «тырнап», құл сүлдері қалғанша, еңбектеп ет бетінен құлағанша, ұйқысы шала болса да, таң азаннан күн ұясына батқанша, тіптен, көкте жетіқарақшы көрінгенше үйге оралмай, жазық далада түнемекке бел буып, күздің салқын ауасын кеудесімен тосып, әзер дегенде үгітпен үйге түнделетіп оралып, денесіне тиген желдің суығы түні бойы шымырлатып ұйқы бермей, таңға дейін дөңбекшіп ұйықтай алмаса да, күнмен жарыса тұрып, ен далаға аттанып, тіршілік қамы үшін жер астынан көктем көмген картошкасын жиып, әр картошканы бір тиын деп еппен жиып, маңдай тері жерге тамып, топырақ астындағы картошканы ақша етіп, уақытынан еш кешіріктірмей маған жіберіп жүрген әкемнің «еңбегін», сол құнды қағаздарды бір күнде шаша салып, байдың қызы секілді, апта өтпей жатып қайта сұрап мен жүрмін... Бұл санасыздық емес, шарасыздық. Қадірсіз ұрпақ - менмін-ау шамасы...

***...иә, бар! Бақыт бар! «Ол» ренжітіп, күлдіріп, сағындырып, өкпелетіп, аңсатып, армандатып, әлдебір үміт сыйлап, болашағыма сенім арттырып... жанымда жүр. Иә, Аллахым, жанымнан жырақтатпашы оны...

***...сенiм мен күмән егiз бе едi? Сенгiң-ақ келедi...бәрiнiң жақсы боларына... Өлдi деген күннiң өзiнде...соңғы бiр,өлiмсiреген сорлы үмiт сенiмге әл бергiсi келедi... Жарық Күн әсте керек-ақ маған...

***...үкілеген үмітімді жер еткенше, тура қарап(!), күліп... жылат! ...аңсаған арманымды қор еткенше, тұрған жерімде ұрып, құлат! ...сезімімді күлкі қылып, алдағанша, жүрегімді жұлып...мұнға арт! ...түгімді қалдырмай тауысқан шағында...өзгені «жаралауга» жол тарт!... осыдан кейін кешіреді десен... кайдам...

***...жалғыз үміт...жаңбырдан кейінгі сезілгенінен жоғалғаны тез азон ауасындай... жалғыз үміт...кемпірқосақтай түрлі-түсті...жалғыз үміт...өмірдей, бір-ақ рет берілетін мүмкіндік...жалғыз үміт...расында, соңғы, әрі жалғыз үміт...одан басқасы жоқ...

***...сағынуды сағындым...деп айтуды сағындым...

***...байқап көру керек пе?! Әрбір дүние әр адам үшін әрқашан да бірінші рет болады ғо,иә? Бір рет сүріндім/сүріндірді екен деп, «жетелеген» арманды бәз біреулердің болмашы «былықтары» үшін тастап кету дұрыс емес болар? Тағы бір мәрте байқап көру керек шығар,а? Адамдар білместіктен жасамайды қазіргі жасап жүрген «ақымақтықтарын»... Біліп тұрып, жүрегіңді тырнай отырып, көңілді жыртқан күйде, сезімнің ақша бұлттарын таптап, жүректің қалған «жалбырларын» жұлып-жұлып алатыны - бір «ғажап-ақ»...

***...мезі еткен меңіреу ой, жұлмалап жанымды...құр сүлдерімді көруге ынтық...олай бола қоймас...тағы үміт пе? Неткен, бітпейтін шексіздік...үнсіздікпен ұласқан қаран-құран күндерді білдіретін әлдебір естеліктер...сағындым.

***...не бәле,а? Алдағаны ма? Кішкентай балаға мәмпәзи бергендей... Еу, «адамдар», мәмпәзиім таусылып қалды... Неге өйттіңіздер? Мен басқа дүние қалаған едім ғой! Дегенмен, арманның орындалмайтыны рас болғаны ма? Бірақ ол арман емес, жай ғана жымиыс еді ғой...тіптен, қатты күліңіздерші демедім де, әжім түсерін ойлағандықтан... Көңіл қалған жаман-ақ екен! Ол тауға басқа жолмен шығып көру керек шығар...

***...уақыт жоқ. Хабарласуға. Иә, күтемін ғой. Біреу күту керек қой. Ол адам мен болайыншы?!  Адамдар бірін-бірі күтпесе, демек, бірін-бірі қажет етпейді... Мен шексіз, бәлкім, соңғы демім қалғанша күтер-ақ едім... егер «олар» сөздерінде тұрып, түбі бір келсе... Иә, бір көшедеміз, бір қаладамыз, бір мемлекеттеміз, жо - жоқ, бір ЖЕРде екенбіз ғой!!! Кездесерміз... Несіне сағынып жүрмін... құрбыларымды жане т.б. «әлдекімдерді»... Жер-домалақ, рас домалақ... Демек, амандық болса,  бір кездесу болары анық. Бірақ...шарлай жүріп бір кездесерміз дегенше, мен жерден сіздерден бұрын домалап кетсем ше...?

***...көктемді кім ренжітті? Қане, мойында!!!

***...Күнім, нұрында төге бер, ИншаАллах, араймен, шапағатпен болмаса да, аздаған, бірак ұзаққа жетер сәулемен қайтарармын... сен маған керексің! Күнсіз күнім болмас!

***Бір күлгенің - мендегі мың күрсіністі өлтіреді.

***...рас айтам, егер ендігі аттауым керек табалдырық дәл осындай қадамдардан басталатын болса, о, онда маған ұнайды... Бағалаймын әр сәтті!

*** ...сенгім келеді оған, деп өзімді сендіргім-ақ келетініне сенгім-ақ келеді...

***-Неменеңе жетісіп күліп отырсың?

-Енді? Жылайын ба?

-Жыла!

-Не себепті?

-Өмір-орман және бір ағаштан айырылды. Және бір жұлдыз ағып түсті. Бір отбасының ортасы түсті...

- Ааа, соған бола ма?

- Қызықсың сен?! Өлім деген - үлкен қайғы, орны толмас дүние ғой...

- Жаным-ау, өлім - көлігіне ертелі-кеш бәріміз де отырамыз ғой. Тек бүгін бұл кісінің кезегі келген екен. Өмір - көліктен келесі аялдамадамасы менікі болуы ықтимал ғой...

***...мұжылған көңілді одан ары мұжи түсіп, бар күшімен одан ары таптай түсетін ақымаққа ұқсағысы келетін «ақыл айтқыш» «ақылды» сымақтар әбден шаршатты...

***Қазақтар еттен кейiн де ет жеп, шайдан кейiн де шай iшiп, уақытын кетiрiп, одан қалды уақытын атасынан калған қара тонды жамылып, апасының көрпесiнде ұйықтаумен кетiрмей, қиялға мiне бермей, бiр сәт армандарын мақсатқа айналдырса, бiзде де роботтар пайда болуы мүмкiн бе едi, қалай өзi? Ал, егер қазақтар жоғарыда аталғандарды iстемесе...Жапон елi "ҚАЗАҚСТАН бастаған 30 елдiң қатарына кiру" жоспарын басты орынға қояр ма едi...? Сорпаланып алып, атамның тонын жамылып жатып қиялдаған бір қиялым ба? Қазақпын ғой! Мақтанамын! Бәрiбiр МЫҚТЫМЫЗ! Жапоның тұрмақ бүкіл әлемің жиналсаң да, бір қазақтың еңбек ететініндей еңбек ете алмайсыңдар, адамзат!

*** Селт еткен сезiмнiң соңынан салпаңдап ере беретiн болсақ, "махаббатқа тұрақтылық қажет" деген сөз қолданыстан шығып қалар едi. "Ақыл иесi" болғандықтан ғана бұл сөз әлi де тiрi!

***Үміт «үп» еткен желдей мені тағы да айналып өтеді ме?! Неткен ішпысарлық дүние?! Қалайша мәз болмақпын? Басын қылтитып, қызықтыра қаша жөнелген мүмкіндікке...қусам да  жеткізбес «асау арманға ма»? Бар нарсе кешігіп келетінін-ай...