Қолжетпес арман боп қала беріңдер!

Қолжетпес арман боп қала беріңдер!
жеке
блог

        Арман. Бала кезімде арманым айтарлықтай көп болмады. Таңнан кешке дейін доп қуып ойнап жүре бергендіктен, арман деген нәрсеге тоқталып, ойланып, басымды қатырмадым. Болашағымды да болжамадым. Болашақтың өзі мені болжап бақты. Мектеп түске дейін болса, кешке қарай жиналып, футбол ойнайтынбыз. Мектеп түстен кейін болса, түске дейін «әмірекәңкі» («американка»), ал кешке, әдетімізше, футбол ойнайтынбыз. Футболға да эмоцияң болады, қабілетіңді байқайсың, бар күш-жігеріңді жұмсайсың. 11-12 жасымда үй жақтың «Роналдосы» болдым. Криштиану да емес, басқасы да емес. Менің де жүгіргенім, құйрық формасы, қабілетім де соған ұқсап жатты. Ұзын бойлы Дамир «Бэкхем» болатын да, сары Мақсат «Зидан» болатын. «Роберто Карлос», өкінішке орай, ешкім болмады. Қалғандары өз есімдерімен жүре берді. Бір күні қақпашы Бақытжан ағамыз футболкаларымызға футболистердің есімдерін жазып берді. Мен, неге екенін білмеймін, «Фигу» деп жаздырдым. Ол футболистің де өнері ұнайтын. Мақсаттың ағасы «Ромарио» ма, әйтеуір, бір бразилиялық форвард футболистің есімін алды. Жалпы, осы футболистер – менің «Мессиім» де, тағы қандай футболистер бүгінгі күні атақты еді... ім-м... «Роналдинью» ше деген блогыма қызығушылық танытып оқып жатқан адамға (санаулы) айтарым: қателеспесем, 2002-де Роналдинью Англия қақпасына оң қапталдан гол салады. Содан кейін ел есінде есімі атала бастайды. Бүгінгі күннің жанкүйерлері ренжімесін, мені Мессиі де, басқасы да қызықтыра қоймады. Тіпті, бүгінгі күні футбол да көрмеймін. Ал бірақ компьютерімде Pro Evolution Soccer 2012 бар, соны ойнағанды жақсы көремін. Өкінішті, ішінде менің сүйікті футболистерім жоқ. Дегенмен, жалықпай ойнай беремін. Негізі, айтпағым бұл емес-тін...

         Осылайша, футбол ойнап өсеміз деп арман дегеннің не нәрсе екенін де білмей есейдім. Доп қуған тозар дегенге күмәнсіз сенемін. Ал бірақ бала боп доп қуғанға не жетсін, шіркін! iPhone шұқылағаннан жақсы! iPhone шұқылап өскендерге «технолог» болып жетістірер дегенге сене бермеймін. «Болашаққа» кеткендер өз «болашақтарына» оралмастай кетті... (Мен пендемін ғой, сондықтан барлығы үшін сөз сөйлей алман! «Болашаққа» кеткен екі түйір «казахты» көргенім бар. Ал екі адамды «олар» деп сөйлеуіме, «Болашаққа кеткендер» деп жазуыма кім қарсылық танытар екен!? Әрине, ешкімнің ақысы жоқ. Мен жүздеген-мыңдаған «казахты» айтып-жазып отырған жоқпын... Сондықтан маған бұл жолы «Көпке топырақ шашпа, гептил шаш, улансын!», «Бес саусақ бірдей емес, бес саусақ «саусақ» емес!» деген сияқты байқоңырлық мақал-мәтелдердің үкімі жүрмек емес!..)

         Жә! Тақырыпқа оралайын, айтқым кеп жүрген нәрсені жазайын. Оқушы кезімде телеарналардан болсын, басқа жерлерден болсын әдемі тәтелерімізді көріп, оларға қатты қызығатынмын. Неге екенін білмеймін, әйтеуір, інісі болуды армандайтынмын. Інісі болсам, әңгімелесер едім деп те ойлап қиялдайтынмын... Өскен соң олардың өзіңнен бар-жоғы төрт-бес жас үлкен екендігін білесің. Сол кезде тағы да ерекше қызығасың...

         Жасым жиырма екіге де жетіп қалды, Алла жеткізсе. Банктерге барсам да, дүкендерге барсам да, базарға барсам да, қайда барсам да, өзіммен құрдас қыздарды көріп жүрмін. Тіпті, өзімнен екі-үш жас қыздарды да байқаймын. Дүкенге барсаң, «Сәлеметсіз бе!» деп, наныңды аласың да, таясың... Банкке барсаң да... ТВ-дан да әншілерді, актрисаларды, бишілерді, тележүргізушілерді, т.б. көресің. Жастарына қарасам, өзімнің құрдастарым. Бірақ бұл жолы баяғыша қызықпаймын. Тек... Адам боп танысқың келеді, әңгімелескің келеді... Барлығымен емес! Бірақ... Білмеймін, ортақ танысымыз арқылы таныспасам, өз бетімше әңгіме айтып танысу деген мүлдем жоқ қасиет. «Сен тимесең, мен тиме» – ол менмін!

         Бүгінгі күні жұрт маған да қызықса деймін. Алайда үлгі боларлық қасиетім жоқ. Көбісіміз бір-бірімізге қызықпаймыз, алыс болғанды жөн көреміз. Мәселен, студенттер арасында бір-бірін көбінде-көп жатырқап жатады. Бірақ бір нәрсені ұмытпайық! Менің жанымда отырған адам болашақта кәсіби режиссер болуы мүмкін, ал оң жағымдағы адамның артындағы адамның алдындағы адамы болашақта кереметтей әнші болуы мүмкін. Мен енді жалпылама түрде айтып отырмын. Дегенмен, қоғамда өмір сүргендіктен, адам боп адамшылықты сақтап отырсақ екен... Рас, келешекте «байып кеткендер» сол күйі «төмен» қарамай өтуі де мүмкін, атақ-даңқы асқақтап, асу асып өтсе, «танымай қалуы да» бек мүмкін.

         Сірә, болашаққа жетпей жатып адамдар арасында қарым-қатынас адамшылық аясында болса екен. Дегенмен, бүгінгі күні әлгі «құрдастарымды» қанша рет көрсем де, таныспай өтуіміз де ғажап емес. Сол себепті оларға «Қолжетпес арман боп қала беріңдер!» демекпін.