Тағдыр лотореясы

Тағдыр лотореясы
жеке
блог

Бүгін көңіл-күйім тамаша! Алматының да... Дәл осылай көңілденуіме аяламадағы орыс әжейден сатып алған лоторея билеті себепкер. Өйткені ұтып алған 3000 доллар жанымның бір бөлшегі - сіңлім Жәудірдің ендігі тағдырының құлпы іспеттес еді.

Оның миында ісік пайда болғалы ауруы асқынып, талып қалуы жиілей түсті. Дәрігерлер тез арада ота жасалмаса, сіңлімнің өмір қауіпсіздігіне кепілдік бермейтіндіктерін қайталауда.

Лотореядан ұтып алыпты дегенді ара-тұра естіп калатынымыз болмаса, анау айтқандай сене қоймайтынбыз. Ал енді сенбеске амал қалмады. Ұтқан соманы мұқият алып келуді екі көзі төрт болып сарғая күтіп отырған әке-шешем маған тапсырған-ды.

Келісілген жерден 3000 долларды алған соң, көлік тұрағына құстай ұшып келемін. Кенет... Бір адамның ізіме түскенін байқадым. Ұры! Мен асыға басқан сайын ол да жүрісін жеделдете түсті. Ендігі ойым – қашу керек! Қараңғы ұясына батқан күн мен менің үрейім астасып жатқан тәрізді. Қолымда 3000 доллар емес сіңлімнің өмірі тұр ғой. Оның тағдырын қарақшыны қолына қалай табыстайын. Жүгіріп келем, жүгіріп келем, қарақшы да қалар емес.

Көктен іздегені жерден табылып, үкілі үмітін аялап маған таққан ата – анам мен қаршадай боп қараңғы әлеммен арпалысып жатқан сіңлімді ойлағанда кірпігім жасқа толып, көзім бұлдырап алдымда жатқан үлкен қара тасқа шалынып құлап түстім.

Оңтайлы сәтті пайдаланған ұры да жан алғыштай жетіп келіп, қолымдағы ақшаға жармасты. Жәудірдің тағдыры таңылған 3000 долларды мына еңгезердей ұрыдан қалай аламын деп уайым шектім. Осы кезде ұры менің қолыма кісен салып полиция бөлімшесіне баратындығымызды айтып жатты. Қалайша?! Сонда ұры мен болғаным ба?!

Ал керек болса ұры мені полиция бөлімшесіне өзі ертіп келді. Қандай ақылды ұры, абзал тонаушы?!

Бөлімшеге келгеннен кейін бірақ білдім, ұры дегенім полиция қызметкері екен. Күдіктіні үркітіп алмау үшін қарапайым киініпті. Маған тергеу жүргізе бастады. Сұрақтарға дұрыстап жауап бергім де келмеді. Өйткені бұл сіңлімнің тағдыры талқыға түсіп жатқан сәт.

- Ақшаны банктен неге ұрладыңыз?

- Ұрлаған жоқпын.

- Онда мына 3000 доллар ше?

- Ол лотореядан ұтып алған ақша.

- Лоторея! ХХІ ғасырда ертегіге бесіктегі бала да сенбейді.

- Міне, - деп ұтып алғандығым жөніндегі анықтамамды алдына тастай салдым. Анықтаманы көрген тергеуші сеніңкіремей аз-кем отырды да, мені босатты. Сөйтсем 3 сағат бұрын банктен ақша ұрланып, жедел тексеріс барысында сол маңайдан жүгіре басып өткен мені көреді. Күдікті деп ойлап, ізіме түскені сол екен...

Ұрыдан да, полиция ағайдан да құтылдым, ендігі міндет тезірек ауруханаха жету. Зулап жатқан машинаның бірін тоқтатып, аурухананы бетке алдық. Алматының кептелісі де жолымызға көлденең тұрғандай. Бір сағат дегенде жеттік-ау әйтеуір!

Аурухана дәлізінде тұрған туыстарымды көріп жүрегім су ете қалды. Бірден сіңлім жатқан палатаға беттедім. Құдайға шүкір! Үлгеріппін! Жәудір әлі де сол ес-түссіз қалпы, дәрігерлік қондырғыдан  оның жүрегінің әлсіз соғысы ғана естіледі.

Бәрінің үміті ота жасату. Тағдыр таразысының ақшамен өлшенгеніне қатты қапа болғанымызбен, оның табылғанына қуандық. Дәрігерлер дереу ота жасауға кірісті. 4 сағатқа созылған ота дәрігерлер үшін күрделі, біз үшін ауыр. Бағымызға орай, сәтті өтті!!!

Көңіліме үміт пен күдік қатар ұялап, Жәудірдің жұмулы жанарына  ұзаааааақ қарадым!

Жаңа өміріңе қош келдің, періштем!!!