Jeff: "Мен жеу үшін өмір сүремін"

Jeff: "Мен жеу үшін өмір сүремін"
жеке
блог

Осы жаңа ғана ағылшын тілі сабағынан дайындалып отыр ем, сондай ұйқым келіп, көзім іліне беріп еді. Жарайды деп, қалауың осы болса ұйықтайын деп, жайлы төсекке құлағаным сол еді, қайта ұйқым ашылып кетті. Мені мазақ еткен секілді ше тура. Немене бәле бұл?

Төсекте жатып биылғы көктемде ағылшын тілін жетілдіруге көмектескен  Джефф есіме түсті. Джефф өзгеше мұғалім еді, өзі айтпақшы «жеу үшін өмір сүретін». Жегенде қалай, тапқан ақшасына тәтті, жылы-жұмсақтар сатып алып тамақтанғанды ұнататын. Бірде менен:

-                     Мирас, жеу үшін өмір сүресің бе әлде өмір сүру үшін жейсің бе? – деп сұрады. «Әрине, өмір сүру үшін жеймін» - деймін мен.

-                     Жооқ, сен жеу үшін өмір сүресің.

Мен шамданып кеттім. Жеу деген мен үшін күндік энергиямды беретін жанармай секілді деп түсіндіріп жатырмын.

-                     Айтып отырғаның дұрыс. Бірақ бәрібір жеу үшін өмір сүресің. Бүкіл адам жеу үшін өмір сүреді. Жұрттан сенің не артықшылығың бар? – дейді маған. Мен келіспедім, бірақ ойлана келсем, оның айтпағында шындық та бар сияқты. Ешкімнің затына көзін салмайтын еді. Өте көңілді, күлкісінің өзі көңіл күйіңді бір көтеріп тастайтын. Айқайлап тұрып, маржан тістері ақсиып түгел көрініп күлгенде, өзің де шыдай алмай қосылып күлесің.

Өмір сүру стилін сол Джеффтің стиліне ауыстырған жөн шығар. Ешқандай надандық ұяты жоқ, кез келгенмен емен-жарқын сөйлесіп, оңай тіл табысатын афроамерикандық жігіттің бойындағы қасиеттер мақтауға тұрарлық.

Бірде маған ұялшақсың деп бетіме айтып еді. Онымен қоймай маған ұнап тұрған қызға «Мирас сені ұнатады, сондықтан осы бөлмеден кетпе» деп айтып салған. Мен сол баяғы надандығыммен оған ренжідім. Бірақ артынан лезде ренішімді ұмытып, қайта достасып кеттік. Қарап отырсам, соның осындай мінездері қайта жақсы екен.

Әңгімелері де қызық әрі біртүрлі еді. Бірде судан өлердей қорқатынын айтты. Себебі жоқ, жай ғана қорқамын дейді. Біз де қоймай, «мысалы, қызыңмен бірге көлге бардың, мүмкін лагерь тіктіңдер. Сонда суға қалай түсесің немесе бассейнге қалай түспексің. Тым болмаса, қызың суға батып жатса, не қылмақсың» деп сұрақты үстін-үстіне жаудырдық. Джефф саспады да. «Мен бассейнге барсам, аяғымды суға салып шалпылдатып отырамын, түспеймін. Ал егер көлге не теңізге баратын болсақ, алдымен қызымнан жүзе аларын-алмасын сұрап алам. Сосын барып шешім қабылдаймын» деп айқайлап тұрып күліп алды.