"Гүл салған ән" бөлімінен

"Гүл салған ән" бөлімінен
жеке
блог

***

Күрсінумен көп күндердің өткені,
Сол күндердің өтеуі не өкпелі?
Жауа алмаған мына тамыз аспаны,
Саған да ұқсап, маған да ұқсап кеткені!
Өлең сүріп, өмір жазып... алданам,
Арманына алданбайтын бар ма адам?
Жанарымыз жасқа тұнып тұрса да,
қоштасарда жалғыз тамшы тамбаған.
Жылатпауға қасам ішкем, сөз беріп,
Сол бір сөзім кетпеп еді өзгеріп,
Жылатуға болмайтынын сезсек те,
Жұбатуға болатынын сезбедік!
Содан бері өтті, өшті шақ талай,
өткендердің аяулысы-ай, аппағы-ай!
Өзге жанға күле алмай жүрмісің,
Мына күннің жауа алмауы батқаны-ай! 

***

Тұңғиық мұңнан тұншығып шыққан тұмса өлең –
ғұмырым менің – адасып жүрген бір сәлем!
Жүрегім бір сәт атқақтап барып басылар,
алдымда сен боп асқақтап менің тұрса әлем!
Таңдардың саған жеткізу үшін сәлемін,
арманның саған жеткізу үшін сәлемін,
үздігіп жазып үміттің нұрлы өлеңін,
Жап-жарық Жүрек, мен сені іздеп келемін!
Кең дүние мынау тарылып кетпесе екен деп,
Кең пейіл жандар камығып кетпесе екен деп,
ағыл да тегіл сезімді іркіп келемін,
жүрегің сенің жарылып кетпесе екен деп!

***

Жас ақынның көрдім мен жылағанын,
Қорғай алмай қалған-ау сірә, жанын.
Енді ғана білді ме ол бұл өмірде,
Періштенің өзінде күнә барын.
Жас ақынның көрдім мен жек коргенін,
Алапат күш алқымға кептелгенін.
Жек көргенін гүлді де, құсты, күнді,
Күзді, жазды, қысты да, көктем демін!
Жоқ! Дүние нұрлы екен, желекті екен,
Сұлуларға сұлу жыр керек, көкем!
Бір сұлудың сүймеуі, айтшы маған,
Сұлулықты сүймеуге себеп пе екен?!
Өмір жыры жазылар үтірменен,
Тиісті емес ешқашан бітуге өлең!
Ең қатыгез ұстазы жас ақынның –
Жас сұлудың жүрегі лүпілдеген!

***

Лала гүлі: «бір қызды сүйем!» деді,
«Сүйе ғой!»,
Сүйген жүректер ғана мына әлемге ие ғой!

Лала гүлі: «сол қызды көрсем...» деді,
Көрелік,
Көре алмасақ дүние кетер еді көнеріп.

Лала гүлі: «сол қызға сыйла мені» дегені,
Ия, менің де сұлуга гүл сыйлағым келеді!

...Гүлді бердім, сонда қыз: «Сүйем сені!» дегені,
О, Құдайым, ал менің не жазығым бар еді?!