Дала – Жүрек!

Дала – Жүрек!
жеке
блог

Далам, сенің жамалың әжім-әжім,
Сезіледі жаныма қажығаның!
...Жанарынан жас кеппес Баян барын,
Кеудесінен кек кетпес Қозы барын

Сен көрдің ғой!
Заманның тылсым әнін,
Түйсінуге ұмтылам, ұмсынамын.
...Сарыбайды бауырыңа қысып алып,
Қарабайды арқалап жүрсің әлі.

Қай кезеңнің сүртейін айғыздарын,
Қай жақсымды іздейін қай құздағы?!
Айтаңсықтың баса алмай зарлағанын,
Жұбата алмай жүрмісің Айқызды әлі?

Далам, сенің бауырың қатпар-қатпар,
Әр қатпарда таңбалар, ақтаңдақтар.
Жапырағын тонатқан шоқ шынарлар,
Ғашықтарын жоғалтып жатқан бақтар!

Шерлі заман жүрекке жара қатқан,
Шып-шып етіп тұр әлі жарадан қан.
Шынжырлары бар әлі білек кескен,
Мылтықтары бар әлі марал атқан!

О, биігі болса да обал ұғар,
Сұңқар емес, сол тұсқа қонар ұлар.
Әр бақсының бір-бірден сайтаны бар,
Әр жақсының бір-бірден Қодары бар!

Далам, сенің жауырының жырым-жырым,
Жүріп өткен жолы ма бұрынғының,
Ат сүйреген жер ме екен тұлымдыны,
Жат сүйреген жер ме екен бұрымдыны?!

Жер ме әлде Қарабай жылқы айдаған,
Батырып қара өкшесін жырта айдаған,
Баян қыздың қасына қорқау еріп,
Ер Қозының басында бұлт ойнаған?! 

Жау ере ме жаныңа, дос ере ме,
Не жазғанын көрерсің пешенеге.
Әулиелерді іздесең – мазарларда,
Ғашықтарды іздесең – кесенеде! 

Қарабайлар – жылқысы өткен жерде,
Заманасы басына шөккен жерде.
...Сол далада кездесіп жас жүректер,
Жауқазындар гүлдейді көктемдерде! 

Далам менің – далиған жүрек қана,
Жатар бәрін Тәңірден тілеп қана.
Ғашық болса бір ұлы – гүлге оранып,
Жасық болса бір ұлы – жүдеп қана.

Сарыбайдай сарғайып арман қалды,
Қарабайдай қарайып жалған қалды,
Баян-үміт,
Қодар-дерт,
Қозы-мұң-ай,
Сол жүректе жыр болып қалған зарлы!