Мен қалай сабақ бердім? )

Мен қалай сабақ бердім? )
жеке
блог

Бос отырғанша, қалай сабақ бергенім туралы айта отырайын. 

Не керек, маңдайыма NN мектеп-гимназия жазылыпты. Жетекшім "Қазір 8 сыныпқа қазақ тілі" деді де, есікті сыртынан тарс жауып, шығып кетті.

Бұл бір 40 жылдық тәжірибесі бар мұғалімнің өзі аман шықпайтын пәленшенің сөзімен айтсам, "Құдай ұрған" сынып екен. Айғайлағанда төбе шашың тік тұрып, мына жерден безіп-ақ кеткің келеді.  Бәрі бір сорт )Сөйлей-сөйлей дауысым бітіп қалды. Көзіме жас үйіріліп, өзімнен-өзім ыза болдым. 

-Әй! -дедім сосын мәдениеттілік пен ұятты жиып қойып. - Бәріңе бар ғой! Бәріңе де үш шығарам, түсіндіңдер ме? Маған бәрібір, өзім түсетін оқуыма түсіп алдым, білмей қалатын өздерің! Міне,қызық, университеттегі Айжан апайым сияқты сөйлеп тұрмын. ) Тіпті, сөйлеу ырғағым да тура Айжан апайымдікіндей ) 

-Ешқайсысың тырп етуші болмаңдар! Енді дауысым Бақыт ағайыма ұқсап кетті. -Тырп етпеңдер!

-Сен немене қайта-қайта орныңнан тұра бересің?! Саған біреу тұр деді ма? Бұл енді өз сөзім )

Шу кішкене саябырсиын деді. 

- Апай, мен үздік оқимын, мені де үшке шығарасыз ба? - Шудың бәрін бастап жүрген әлдебір оқушы орнынан атып тұрды.

-Әрине. Енді ше? Мені тыңдамайды екенсіңдер, мен де сендерді тыңдамаймын!

Жаңа ғана менің алдымда кішірейіп тұрған оқушы күшіне еніп:

-Мейлің ендеше! Шығара беріңіз, маған бәрібір!-деді де, қолындағы қалың дәптермен қасындағы баланың басынан бір перді. Жазықсыз таяқ жеген бала ол да орнынан өре түрегеліп, екеуі алыса кетті.

Иә, меннен мұғалім шықпайды екен.

Алдыңғы партада отырған оқушыдан:

-Сабақ қашан бітеді, а?-деп сұрадым. Ол лезде: -Апай, мен де соның тез біткенін қалап тұрмын!-деп жауап берді.

45 минут қырық жылға созылғандай, уақыт та өтпей қойды. Айғай салып әндетіп отырған оқушыларға аяй қарадым, олар да мені аяп отырған болар. Анау бір екінші партада отырған қыздың жүзі сондай суық екен. Үсті-басыма тесіліп қарады да отырды. )

***

Сыныптан жыларман боп шығып, дереу анама телефон шалдым. Анам музыка пәнінің мұғалімі. Мамама болған жайдың бәрін бүге-шігесіне дейін баяндап бердім. Анам рахаттанып бір күліп алды да:

-Көкем-ау, сабақты олай бермейді ғой...-деді.