Қазақстандықтар комедиялық сериалдарға құмар

Осыған дейін Қазақстанда бірнеше отандық сериалдар көрсетілген еді. Олардың ішінде драма, мелодрама жанрындағы сериалдардың ішінде «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы ғана өтімді болды-ау деймін. Қалған кезде ел аузынан отандық комедиялық сериалдардың аса қызық екенін байқап жатамыз. Мысалы, Қазақстан арнасының «Көк тарландары», «Үй болу қиын», Балапан арнасының «Санжар мен Қайсар» телехикаясы, 31-арнаның «Базарбаевтар» ситкомы, Астана арнасының «Домашние войны» және т.б. сериалдары сұранысқа ие.


Ал осыдан кейін драма, мелодрама жанрында түсірілген «Әке серті», «Тағдыр», «Жаным» сынды телехикаялар неге өтпей қалды деген сұрақ туындайды? Бір жағынан актерлер тым жасанды ойнайды деген пікірлер айтылуда, ал екінші жағынан халық жылаңқы сериалдар мен қайғылы махаббат, қиын өмір жайлы тақырыптардан шаршады ма деген де ой келеді. Жаңалықтардан адамдардың қиын тағдыры жайлы хабарлардан кейін 1 сағат біреудің зарын көру миға үлкен салмақ түсірері анық. Сонымен қатар, дамып кеткен корей, түрік телехикаяларының жанында отандық өнімдер ойнамай қалатындай. Алайда, әр сериал көбіне хэппи ендпен аяқталатынын ескерсек, сериалдар да мотивация көзі болып жататынын ұмытпайық.


Осылайша, 31-арналықтар күзде тағы бір комедиялық сериалды көрермендерге ұсынбақшы. «Гейзер» деп аталатын телехикая бизнесмен Георгий Гейзер жайлы баяндайды. Ол Қазақстанда ұлы бар екенін біліп, тапқан адамға он мың доллар сыйақы беретінін айтады. Мұны естіген жас жігіттер Қайрат пен Вася Гейзермен аттас таныстарын есіне алып, жеңіл ақша тапқылары келеді. Бизнесменмен келісіп қойды, бірақ құрбысының танысы аяқ асты жоқ болып кетеді. Шытырман оқиға осылай басталады. Басты рөлдерді Владимир Толоконников, Ислам Нұртазин, Гүлнар Сильбаева, Антон Митнев, Сергей Пагосян, Роман Альманский, Сергей Никоненко, Сергей Уфимцев, Дәурен Айдарқұлов сынды актерлер сомдаған. Бұл да "Базарбаевтардың" табысын қайталап, сұранысқа ие сериалдардың бірі болады деп сенеміз. Отандық телехикаялар көбейе берсін!

Ал сіз қандай қазақстандық сериалды сүйіп тамашаладыңыз?



Бөлісу: