Жарапазан немесе ақ тауық, қара тауық

Қасиетті Рамазан айының белортасынан асып, аяқталуға жақын күндер қалды, Аллаға шүкір. Міне, осы Рамазан айымен сүйіншілеп келетін, ұлттық дәстүріміз болып табылатын "Жарапазан" жайында аз-кем пікірімді білдіргім келіп тұр. Жарапазанды біз бала кезімізде қалай айтушы едік, қазір бұл үрдістің қоғамымыздағы орны мен рөлі қандай деген сұрақтардың төңірегіне шолу жасасақ. Еміс-еміс есімде, мектеп қабырғасында оқып жүргенімізде, (ол уақытта Рамазан айы қыс мезгіліне түсетін) бізде барлық балалар сияқты топ-топ болып Жарапазан айтатынбыз. Және бір айтқан үйге екінші рет айтпаймыз деген принцип болатын. Ол кезде шыны керек Жарапазанды ақша тауып, оған тәтті-пәтті сатып алып жегенге мәз болатынбыз. Бірақ, түбіне түсіп, беталды үйді-үйді аралап кете бермейтінбіз. Бертін келе, мектепті бітіріп, қалаға оқуға түсіп, қаланың да күйбең тіршілігіне бейімделе бастадық. Рамазан айы келіп, қаладағы жарапазан айту үрдісін көріп, аздап таңырқаған жағдайым бар. Әлі есімде, 2 курста оқып жүрген кезіміз, жігіт болып қыздарды кездесуге шақырып, саябақта аралап жүргенбіз. Саябақ ішіндегі скамейкада қыз бен жігіт отыр, оның қарсысында жасы шамамен 7-8 болатын бір қыз былдырлап, өлеңдетіп отыр. Аздан соң әлгі жігіт қызынан ұялды ма, қалтасынан тиын алып әлгі қызға ұстатып жіберді. Сол кезде барып түсіндім әлгі қыздың Жарапазан айтып тұрғанын. Таңырқағанымнан ауылдағы өзіміз айтып жүрген жарапазанды есіме алдым. Бізде кемі 4 бала топтасатынбыз және дауыстап, әуезімен, үйдің сыртынан естірте айтатынбыз, бата бергенде бір жігітті алдын-ала бата жаттатып, дайындататынбыз. Ауыл мен қаланы салыстыра отырып, айырмашылықтың жер мен көктей екенін көзім жеткен еді. Кейін келе мұндай көріністерге көзіміз үйреніп, жай ғана жымиып отыратын болдық. Биылғы Рамазан айы мен үшін ерекше болып тұр, өйткені алғаш рет ниет етіп, ораза ұстауға бел байладым. Осы Рамазан айымен бірге біздің қозғап отырған жарапазан айту үрдісі қабаттаса келді. Рамазанның бірінші күнінен бастап, әдеттегідей кішкентай балалар жамырасып, подьезді бастарына көтеріп жарапазан айту маусымы басталып кетті. Тыңдап көрейін десең, мәні, сөзінің ұйқасы, мағынасы жоқ өлеңдерді(өлең деймін-ау, өлеңге де келмейді) естігеннен тез жерініп қаласың. "Алып шық, алып шық, сары табаққа салып шық" немесе "ақ тауық, қара тауық" деп жамырасып жатады. Мына көріністі көргеннен кейін, тіпті біздің құндылығымыз осыма еді деп кейігендей болдым. Жұмыстан қайтып келе жатып, қаладағы негізгі көшелерінің біріндегі кафенің жазғы алаңқайында сыралатып отырған екі қыздың столына барып балалар жарапазан айтып отыр. Сонымен, Жарапазан дегеніміз осы ма? Әлде, бұл ұлттық құндылығымызды асқақтатушы, дәстүрімізді ұлықтаушы үлкен өнер ма? Осы сұрақтың жауабын табу мақсатында әріптес ағамыз "Қазақстан-Шымкент" телеарнасында жаңадан қолға алынған "Атадан өсиет, анадан қасиет" бағдарламасына осы жарапазанды тақырып етіп көтеріп, біраз сауалдарға тұщымды жауап қайтарды. Бағдарламаның толық нұсқасын алдағы уақытта youtube-ке жүктеп ұсынамыз. Сол бағдарламада дінтанушы, өнер саласында қызмет атқарып жүрген мамандардың пікірлері ортаға салынды. Арасында бейнесюжеттерде бағдарламаның мәнін аша түсті. Сонымен, жарапазан дегеніміз мамандардың пікірінше қандай? Дінтанушы ағамыз: "Жарапазан сөзінің түпкі мағынасын алып қарайтын болсақ, "Жә" арабтың етістігі "келді", "Рамазан", яғни, Рамазан келді деп, жария ету, мұсылмандардан сүйіншілеп, ораза келді деп жар салу" болып табылады. Араб, парсы, түркі халықтарының арасында кең тараған жарапазан басында сәресі уақытында айтылатын болған. Бертін келе өзгеріске ұшырап, ауызашылғаннан кейін айтыла бастаған".(қазіргі айтып жүргендер сағат кешкі 7-9 арасы екенін ескерсек, бұғанда қайшы келіп тұр) Біраз өнерпаздардың басын қосып, асабалық та қызмет атқарып жүрген ағамыз: "Жарапазанның құрылымдық-мәтіндік, әуендік жағынан бірнеше түрге бөлінеді. Еліміздің дәстүрінде жарапазанды "өлеңмен өрнектеп, әдемі әуенмен әсемдеп" айта білген. Қазақ халқы бата алу, бата беруге айрықша көңіл бөліп, тілекті ықтиятпен қабылдай білген, ал қазіргі таңда жарапазанның қадірі қашып, мәнсіз, мағынасыз сөздерді тықпалап ақша табу, табыс көзіне санау белең алып кетті" деп пікір білдірді.

Айтамыз жарапазан елімізге,

Байлай көр барша орамал белімізге.

Байласаң барша орамал белімізге,

Барамыз мақтай, мақтай елімізге.

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Оразаң қабыл болсын ұстаған жан! - деп басталатын жарапазанның тыңдаушы жанды адамгершілік, имандылыққа тәрбиелейтін мәні бар дәстүрімізді орнымен, жөнімен, ретімен қолданғанымыз абзалырақ!



Бөлісу: