Арылатын әдетіміз көп

Ақымақтық дейсің бе, ессіздік дейсің бе, әйтеуір орыстың тіліндегі «идиотизм» деген сөзді реңкін өзгертпей аудара алмай отырмын. Осы бізде, қазақтарда, оны қойшы жалпы адамдарда болмайтын дүниеге аса мән беріп, оның нәтижесін біле тұра істей беретін ессіздік бар.

Осы үлкен, жасы келген кісілерге жақсы бір ниетпен көмектесейін десең өзіне өзі қимай, бергеніңді шүберекке тығады. Көктем шығысымен өліп-талып бақша аударады, егетінін егеді, сосын оны жаз бойы тазалап, шөбін орып, ал күз келгенде терге малшынып жемісін жинап жүргені. «Қанша келі?» дейсің телефон тұтқасына сыбырлап, «Тура 36 келі болыпты!» дейді айқайлап. Иә, күшті екен. Бірақ сол екі мүшек картопты ақша беріп жіберсем сатып ала салса болар ма еді? Әрине, болады! Жо-о-оқ... олар бұл ісіне берілген, еңбекқор. Сол 36 келі сатып алынған 36 тоннадан «тәтті»! Ал керек болса! Менің ойымша, осындай бір ырым, наным, сенім дегенді қою керек сияқты бізге. Бұл ойға әсіресе өз әке-шешең не бүкшеңдеген атаң мен әжең күнге қақталып, жұмыс жасап жатқанында еріксіз қосылады екенсің.

 ***

Елдің бәрі біледі, қалалық автобустардың қалай жүретінін, ондағы қызмет көрсету сапасын. Сөйте тұра біздің халық үндемейді ғой, шіркін. Әйтеуір, тегін жүргендей, ақшаның көзіне қарамай «Қойшы, басымды ауыртпай, бәлесінен аулақ» деген секілді оймен барар жерімізге жетіп алған соң-ақ ұмыта саламыз. Екі жыл бұрын бір қызметке тұрған едім. Әл-Фараби көшесінің бойымен жүретін №63 деген автобусқа мінуге тура келді. Құдайдың құтты күні осы автобусқа тоғытылатынымды кім ойлаған. Бірінші рет мінгенімде бір қызық болды. «Мынау қай аялдама?» дегенім мұң екен, алдыңғы жақтан жүргізуші, артқы жақтан тексеруші дүрсе қоя берді. «Сен басқа жақтан келгенсің-ау деймін?!", "Бұл автобуста аялдамаларды хабарламайтынын білмейсің бе?!». «Басқа жақтың» автобусы мен бұл автобустың не айырмашылығы бар екен? Аяғы, әлде дөңгелегі аспаннан салбырап түскен бе? Ақшаны міне салған сәтте талап етіп, аялдаманы айтып отыруға ерінетін не қызмет ол? Адам сыймай тұрса да итеріп-итеріп, ауа тарылғанша адам алады. Меніңше, адамдар, оның ішінде мына біз секілді автобуспен жүретін «смертныйлер» бір-бірімізді сыйламаймыз. Сол күннен-ақ өз-өзіме серт бердім. «Анам қалаға келгенде ешқашан да автобуспен жүргізбеймін!»

***

Теледидар көріп отырасың. Әлдебір жаңалық, немесе басқа да бір хабар көріп отырсаң белгілі брендтерді жарнамалап қоймайық деген қорқыныштан экранды бұлдырлатып тастайды. Логотипті көріп қойған адам қансорғыш зомбиге ұқсап сол брендтің тауарына жүгіреді деп ойлай ма екен? Әлде осы материалды оқып отырған ноутбугыңның аты «Асус», жегенің «KFC», кигенің «Nike» екенін айтып қою соншалықты қауіпті ме?

 ***

Осы мектеп жасындағы, бастауыш мектеп балаларына қарасаң жаның ашиды. Арқаларындағы сөмке өздерінен дәу. Білім министрлігі менің жазғаныма пысқырып қарай ма екен, бір ұсыныс айтып көрейін. Баланың дені сау болып өсуі үшін том-томдап, кейін макулатураға айналатын қағаздарды миллиондап шығара бергеннен гөрі жеңіл әрі 100000000000 кітаптың орнына басатын планшет жасап, оқушыларға берсе қайтер еді? Көз ауырады десеңіз де, сол компьютер мен теледидарға телмірмей жүр ме қазақ баласы? Заман көшіне өзгенің ізімен ғана ілесетін әдетті қою керек сияқты ма, қалай?

 ***

Осы журналистердің есі дұрыс па дейсің кейде. Мен кілең емес, кейбірін айтып отырмын. «Бүгінгі күні», «биылғы жылы», «...оқиға орын алды», «88 жасар кәрі әже», «қылмыскер құрықталды» деп жазады. «Бүгінгі күні» - «бұл күнгі күні» деген сөз, «биылғы жылы» - «бұл жылғы жылы» деген сөз, «88 жасар кәрі әже» - жасар сөзін 7 жасқа дейінгі балаға айтады, сосын 88 жаста болса ол кәрі болмай қайтсін? Әлде 88 жастағы жас әжелер де бар ма? «... оқиға орын алды» - сонда оқиға дәл сол жерде туды немесе болуы керек емес пе? Оқиға анооооооу жақтан жүгірі-і-і-іп келді де дәл сол орынды алып алды ма? «Қылмыскер құрықталды» - «қылмыскер» бұл сот шешімімен анықталатын статус. Оны соты болмай жатып, қылмыскер етсең онда сен нағыз «садистсің». Айтпақшы, мақала аннотациясын нүктесіз аяқтайтын сайттар да бар. Немесе екі сөздің ортасына 2-3 пробел қойып жазатын әрі өздерін мықты журналист, шолушы сезінетіндер бар.

 

Бірді айтып, бірге кеттім. Общым, мұндай «идиотизмді» санамалай берсең көп...



Бөлісу: