"Адай-Мұңал-Ескелді" шежіре кітабы

Жақында қолыма «Адай-Мұңал-Ескелді» шежіре кітабы тиді. Бұл кітапты негізі 2010 жылы «Орхон» баспасынан баспаға дайындалып жатырған жерінен көріп едім. Авторы – Сұлтан Жұмабекұлы Қадір деген бейнеулік шежіре жинақтаушы.

Қазіргі кезде не көп, шежіре көп. Әр қайсысы кітабына бір рулы елдің атын беріп, мазмұнында өз әулетінен аса алмай, отбасының суреттерін жариялаумен ғана шектеледі. Бірақ қолымдағы кітап ондайлардың санатына жатпайды екен. Автор «әй, осы шежіре деген қайдан шыққан зат» деушілерге де жақсылап жауап беріп кетіпті кіріспе сөзінде: «Ертең, бізден кейін келер ұрпақ осыларды қажет етсе, не бетімізді айтамыз! Ата тарих ұмытылатын болса, бізден бұрынғылардың өмірі, арманы, мүддесі не үшін болғаны?». Және де «бұл шежірені жазғандағы мақсатымыз – ағайын арасының жігін ашып, алшақтату емес, керісінше, өткендердің өнегелі істерін баяндау арқылы жақындата түсу» деп шегелей түседі. Шежіре-кітапта Кіші жүздегі Байұлы бірлестігі, Адай руы, Мұңал тайпасы, Ескелді бөлімінің ежелгі және бүгінгі тарихын сөз қылып, сол тарихты жасаушы ата-бабалар туралы жазылған.

Автор өзінің жазушы емес екендігін ескеріп, жазып кеткен. Бірақ тіл шеберлігі анау-мынау жазушаларды щаң қаптырады. Оқып отырғаныңда ауылдың данагөй ақсақалын тыңдап отырғандай күй кешесің.

Ескелдіден Игілік, Жақсылық деген екі бала болған. Ал кітапта Игілік балаларының шежіресін нақтылап, толықтырып жинақтап қоса алмапты. Шежіре жазбашамен қатар кестелер арқылы түсінікті беріліпті. Ескелді руының атақты адамдары туралы дерек бөлімінде 28 адам туралы мәлімет қысқаша берілген. Оның ішінде атағы Адайдан асып Алты Алашқа мәлім болған жыршы-жырау, сазгер, ақын Сүгір Бегендікұлы бар. Ол 1897-1974 жылдар аралығында өмір сүрген. «Ауылға да Сүгір-ай келді деп» деп басталатын термесін естімеген қазақ жоқ шығар.

Қазақ халқының тарихы жадының өшу алдында тұрғанда шежіре жазып, ата-бабалар туралы сөз етіп, аңыздарды жазып қалдыру үлкен ерлік іс. Өйткені ойыма Айт-Манның «...Маңғыстау: баласы – абыз, даласы – аңыз! Аңыздар арасында адасамыз» деген сөзі оралып отыр. 

Кітаптың соңы шежіреге байланысты мақалалар топтамасымен аяқталады. Оның көп бөлігі Сүгір жырауға және оның Кесікбас қара домбырасына арналған екен. Сол мақалалардың біріндегі сөз соңымен осы жазбамды аяқтасам:

««...Кесікбас, шыныменен қалғаның ба?

Сен мені осылайша алдадың ба?» - деп, Сүгір атамыз бақилыққа аттанды.

Далалаық өнердің рәмізіне айналған домбыра, Кесікбас қара домбыра, мақпал қабы тозып, заманы озып, сандық түбінде жата бере ме?

Я, болмаса, замана дүбіріне шыдай алмай, бусанып, босап, Сүгір атамыздың Жемнің бойында, Хорезм ойында, Түркпеннің шөлінде, Үстірт үстінде шығарған әуендері мен әсем саздарын шарықтатып, маңғаз даламыздың меңіреу тыныштығын тағы да бұза ма?

Ол сенің қолыңда қазіргі ұрпақ!» 



Бөлісу: