«АТАҢНЫҢ АСЫ» – АШЫҒАН КӨЖЕ

«АТАҢНЫҢ АСЫ» – АШЫҒАН КӨЖЕ
жеке
блог

Менде сона-а-ау 1995 жылы жарық көрген «Мұқағали» (естеліктер) атты кітап бар.  

«Ал үйде нең бар – құрт бар ма, көжең бар ма, бәрін әкел дастарқанға» деген жолдар бар естелікте (Ф.Оңғарсынова, «Аққу жырлар»).

«Мен басқа ештеңе болмай қалса да арпадан, тарыдан, күріштен көже салып, ашытып қоямын. Балалар да, Мұқағали да соны ішуге үйреніп кеткен... Мұқаң жүрегінде алауы бар жастарды үйге кіргізіп, қатар-қатар отырғызып қояды да: «Мынау ашыған көже, атаңның асы, ішіңдер», – деп шетінен үлестіре бастайды. Жасыратыны жоқ, көңілдің хошы жоқта бәрін қуып шығам. Оны Мұқаң есептемейді де, кек тұтпайды. Ертеңінде нөкерлерін тағы ертіп келеді. Балалар есік жақта «қалай болар екен» деп тіреліп, маған қарап тұрады. «Ей, қызталақтар, жоғары шығыңдар! Жеңешелерің оттай береді, оған қарамаңдар!» – деп ашыған көжесін үлестіріп жатады, дарханым. Ол да бір қатты сағындыратын дәурен екен ғой...» (Л.Әжімжанова, «Мәңгілік сырласым», 35-бет) деген ашыған көжеге қатысты сөздер де жары Лашынның естелігінен кездеседі.

«Ашыған көжеңнен әкелгін...» (З.Ахметова, «Бабалар аманаты» ).  Бұл – Бауыржан атаның сөзі. Аталмыш кітапта Бауыржан атамыздың да көжені сүйсініп ішетіні айтылған.

 Мынандай да қызық болған. Былтыр менен кітап алған көкшетаулық бір оқырман: «Апаңнан көжені қалай дайындайтынын сұрап берші, Бауыржан атамыз ішкен көжені ішкім кеп отырғаны...» – деп «қызық» өтініш айтты.  Бақытжан ағамның ауырып жатқан кезі. Әлгіндей өтінішті жеткізсем, апамды ашуландырып алатыным анық. Кітаптан алған әсерін сәт сайын қалта телефоныма қоңырау шалып баяндайтын әлгі оқырманның өтінішіне біресе күлдім, біресе ыза болдым.

        – Көжені салуды кез келген қазақтың әйелі білуі керек, аға. Қалада тұрып  жатқаныма ширек ғасыр болса да, менің дастарқанымнан көже арылып көрген жоқ. Үйдегі жеңешеміз де дайындай алады, сол да сөз болып па?! – деп «қатты» кеттім кезекті бір өтінгенінде...        

«Мұнымен не айтқысы кеп отыр» деп ойлайтын боларсыз...  Ашыған көже – біздің үйдің дастарқанынан үнемі табылатын ас.  Әсіресе, жаз айларында үзілмейді. Жаздың аптап ыстығында әрі сусын, әрі тамақ. Шөлдеп келген адамға алдымен көже ұсынып жатамыз. Ол – балама да «жұққан» әдет.

          – Көже бар, сіміріп аласың ба? – деп жатады достарына. Мақтанғандай болған шығармын, бірақ, шынымды айтсам, көже салуды жұмыс көретін қаланың әйелдеріне ренжимін. «Түу, кереметін-ай! Тамақтың керегі жоқ, тіпті» деген «сұлу» сөздерін арнап  алып, көжемнен сылқылдатады-ай келіп... Ал өздері дайындап қоюға жоқ. Мен танитындардан тек  Ақжүніс-Сәуле (Әбединова) құрбым көже салуды үйреніп, тоңазытқышынан көже үзбейді. Қалғандары...

Ал сіздің үйден әрі сусын, әрі тамақ,  Бауыржан атамның сүйікті сусыны, Мұқағали ақын айтпақшы, «атаңның асы» – ашыған көже табыла ма?