Тұшпара

Тұшпара
жеке
блог

Қасиетті Рамазан айы биыл жаздың шіліңгір шілденің ыстығымен тұспа-тұс келді. Бұл ыстық әсіресе Оңтүстік қалалары үшін айқын білінеді. Бірақ, басқаларға қарағанда сауабы да молырақ деп ойлаймын, себебі ыстыққа шыдаудың өзі үлкен сабырды қажет етеді. :) 

Осы ыстықта денеміздің біраз сұйықтық жоғалтатыны анық. Сол себепті ауызашарда сұйықтықты көбірек ішіңіздер. Сұйық сорпа тағамдарын жасағандарыңыз дұрысырақ. Сондай сұйық мәзірдің бірі - тұшпара. Сіздермен біздің үйдегі тұшпара мәзірімен бөлісейін. :)

Қамыр үшін:

  • 3 стакан ұн;
  • 1 дана жұмыртқа;
  • тұз және су.

Салма үшін:

  • туралған ет (фарш);
  • 2 дана пияз;
  • тұз бен бұрыш.

Негізгі қажетті заттар осы, сонымен қатар тұшпараның сорпасын да әзірлеу керек. Ол үшін: 1 дана пияз, 1 дана қызанақ, 3-4 дана картоп, 1 дана сәбіз, 1 дана бұрыш, тұз, аскөк қажет. Енді кірісеміз. :)

Қамырға қажетті заттарды ыдыста жақсылап араластырып, бетін таза шүберекпен жауып 10-15 минутқа қоямыз. Қамыр илеуге икемді болуы қажет. 

Дайын болған қамырды жұқалап жаямыз және оны шағын төртбұрыштарға кесіп салма салуға дайындаймыз.

Төртбұрыштап кесілген қамырға салмадан салып, әдемілеп бүреміз. Сонда бізде мынадай тұшпараның формасы шығады. 

Тұшпарамыз дайын, енді сорпасын әзірлейміз. Ол үшін алдымен ыстық майда сәбіз, пияз, бұрыш, қызанақты майдалап төртбұрыштап турап, жақсылап қуырып аламыз. Одан кейін үстіне ыстық су құйып, сәл қайнатамыз. Қайнаған соң сорпаға тұшпараны салып, қазан астын жәй отқа қоямыз. Сәлден кейін картопты төртбұрыштап турап қосамыз да, қазан бетін жауып, піскенше күтеміз. Міне, тұшпара дайын! Аскөкпен сәндеп, қаймақ не майонез қосып дастарханға ұсынуға болады.

Астарыңыз дәмді болсын! :)