Жастық пен мастық

Жастық пен мастық
жеке
блог

Иә, жастық пен мастық. Көңілің алып-ұшып қызықпен дамыл таптырмайтын жастықтың буы әрине жас көңілді мас қылмай қоймайды.Айналаң толған кеудесінде жалын атқан жас достар, ойың сергек, не істесең де үлкен шабытпен атқарасың, алда- жалда бір сәтсіздікке ұрынсаң да аз өтпей оның да орны әп сәтте жуылып-шайылып кетеді, буырқанған шабытпен күнің өтетін жастықтың адам өмірінде алар орны ерекше. Образды тілмен айтқанда жастық адамның көктемі. Ал көктемде істеген еңбегің зор болатын болса онда күзде орар  егінің мен алар жемісің мол болады деген сөз. Осы орайда менің жас достарыма айтар насихатым осы жас көктемдегі егетін егіндерін жіті қадағалау. Егер егін жақсы егілсе күзің жемісті болады дей бер.

  Мен шығармашылық адамымын. Өнеріммен күллі әлемді аузыма қаратып жүрмесем де айналамда өзімді сыйлайтын, жасаған дүниелеріме құлақ түретін және алдағы уақыттарда да бізден жақсы шығармаларды асыға күтіп жүретін өз тыңдармандарымыз бар. Сондықтан менің жастығым бір қырынан қарағанда шығармашылық ізденіс үстінде және буырқанған үлкен өнер алаңында өтіп жатқандай.Әрине осы жолда тыңдармандарға құнды дүниелер ұсынып жатсақ оған бірден-бір себепші бойымыздағы Тәңірі дарытқан жастықтың жігері деп білеміз. Сондықтан жастығымнан бастау алған мастығым махаббатты жырласа, салиқалы да сабырлы ағалыққа ойысып бара жатқан жастығымның нақ өзі парасатты жырласам дейді. Бұдан шығатын қорытынды жас күнімнің медаль секілді екі беті бар. Бірі жастық екіншісі мастық. Мастығым жанымды тербеген сырлы сезімдерімен үнемі жас қалпымда қалуға итермелесе жастығым ағалыққа тартып кейінгі келер буынға ақыл айтқызғысы кеп тұратындай. Осы екі нәзік те терең нүктені дер кезінде ұстай алған адам өмірінің осы тұсында көп нәрсе тындыра алады ғой деп сенемін.

   Жастығымды ойлағанда менің ойыма Мұқағалидың мына бір өлеңi үнемі оралады да тұрады:

         «Ойлайыншы не берді жастық маған,

        Үйрет деп асау берді бастықпаған.

        Жастық маған от берді жалындат деп,

        Жастық маған оқ берді жауыңды ат деп.

 

        Жастық менің жаныма жыр байлады,

        Жастық мені жалтартпай шыңға айдады.

        Жастық мені шыңдады, шынықтырды,

        Жастық шіркін өмірді шын ұқтырды.»

Солай, менің қадірлі оқырманым! Жастықтың берген асауына мініп ап алыстарға шауып, жастықтың отын алаулатып, жастықтың жырын жырлап өмірді шын ұғуға тырысып жүрген жанымның сізге баяндар азғана сыры осы болатын!