МЕН ҚАЛАЙ АУЫЗ БЕКІТТІМ...

МЕН ҚАЛАЙ АУЫЗ БЕКІТТІМ...
жеке
блог

 

Өзінің ғана айтқанынан қайтпайтын, өзіндік пікірін оңайлықпен өзгертпейтін, шылым мен алкоголь  өнімдеріне ешқашан жолап көрмеген қырсықтығы бір басына жетіп-артылатын адамның бірі – мен...)))))) Осыдан 10 шақты жыл бұрын «ораза тұтсаңшы» деушілер көп болды. Жылда ораза тұтатын қызбен бірге жұмыс істедім, ал түскі асты іште – әркім өзінің үйден әкелгенін ортаға қойып, бөлісіп ішетін едік. Неғып екенін, мен сол қызға бола тамақтанғым келмейтін. Екеуден екеу қалғанда тіпті түскі асты да ұмытушы едім... Әрі ол қызды іштей ерекше сыйлап тұратынмын. Ауызашар уақыты таяғанда шай қойып, дастарқан жасап, ішілмей қалған түскі асымды тоңазытқыштан шығарып жылытып дегендей, сол қызбен бірге маңдайым тершіп шай ішетінмін, тамағымды да бөлісіп жеп, үйге «тоқ қайтатын» едім... Сондықтан да шығар, «ауыз бекітсеңші» дегенді айтушылардың көбейгені. Ал мен оларға: «Шілде айына тұспа-тұс келгенде бір-ақ бастаймын, өйткені өзімнің туған күнім сол айда... Қиыннан бастағаным дұрыс. Сосын ораза ұстауды «ашығу» деп қана түсінетіндер бар, тіпті бес жыл ауыз бекітіп, алтыншы жылы ұстамағандарды көрдім, ал менің өйткім келмейді», – дейтін едім және үнемі тек осы жауап...

Былтырғы Ораза айы шілденің ыстық күндерімен тұспа-тұс келгенін білгенде... Сонау өзіме өзім берген «сертім» және елге айтқан сөздерім есіме түсіп, қатты қиналдым. Өйткені ішкі дайындығым аз болатын. «Шөлге шыдай алам ба» деген ой басыма кіріп те шықпады, одан гөрі «басқа талаптарды орындай алмай, қателессем қайттім», «бір кезде солай деген едім, жылда ұстай алам ба», «бастаған соң өмірімнің соңына дейін қасиетті айда ауыз бекітем деген сөзімде тұра алам ба» деген сансыз сұрақтардан, шынымды айтсам, қатты қиналдым. Менің сол жауабымды естігендер мүмкін ұмытып кеткен де шығар, тіпті сол адамдардан мүлде басқа ортада жұмыс істеймін әрі одан бері қаншама жылдар өтті. Бірақ Алла тағала бәрін көріп тұр ғой... Өзімді-өзім аз уақытта осылай «жеп жібердім». Былтырғы жылдың тағы бір ерекшелігі – менің 40 жасқа толуым. Осыны ойлағанда әлгі сансыратқан ойлар өзінен-өзі зым-зия болды... Дым болмағандай, тіпті жылда ауыз бекітіп жүргендей оразаны бастап кеттім. Өйткені мендегі шүкірлік бәрінен басым болатын. Себебі анам 40-қа да толмай өмірден мезгілсіз өткен еді... Бұл жазбаның жазылуына себеп болған М.Балмолдаға рақме-е-ет!

Қасиетті айдың қадірін біліп, шүкірлігімізді еселей түсейік!