Жауырынды жауға береді

Жауырынды жауға береді
жеке
блог

 

Ертеректе береке-бірлігі жарасқан  ағайынды екі жігіт өмір сүріпті, ағасы сәл мақтаншақтау болса керек: «осы береке-бірлік менің арқамда орнап отыр», - деп мақтана беретін болған соң жұбайы:

-         Көп мақтана бермесеңші көз тиер, көз болмаса сөз тиер. Оның үстіне жалғыз сенің арқаңда емес, әуелі Алланың, содан соң сені тыңдайтын жандардың арқасында орнаған береке ғой, - деп басу айтқан екен. Сонда отағасы:

-         Сенде айтады екенсің, қолыңнан келсе бұзып көрші осы бірлікті – деп кеудесін соғыпты.

-         Жарар,  тек кейін маған ренжімесең болды депті жары әлденені ішіне түйгендей.

Күндердің бір күнінде екі отбасының балалары басқа шахарға оқуға жүретін болып, інісі ағасының жанұясын: балалар кетер алдында біздің үйден дәм татып кетсін деп, асқа шақырыпты.

Ет турап отырған інісі өз ұлына ортан жілікті, ағасының ұлына жауырынды ұсынған екен. Үйіне келген соң ағасының әйелі:

Інім дегенде сондайсың, ініңнің істегенін көрдің бе? Жауырынды жауға береді дейді қазақ. Біздің балаға жауырынды ұстатып, өз ұлына еті мол ортан жілік бергенін байқадың ба? – деп бір қойыпты.

Ертеңіне інісі атпен апарып салмақ болып жол жүрер кезде өз ұлын алдына отырғызып, ағасының баласын артына мінгестірген екен. Мұны көрген жеңгесі тағы да келіп: аттың алдына отырғызса не болар еді, өз ұлын алдына отырғызып, біздің ұлды артына отырғызғанын қарашы деп тағы бір қыжыртыпты күйеуін.

Екі баланы апарып салып қайтқан інісі базарлық деп жеңгесіне басына салар орамал, өз үйіне шай әкелген екен. Сонда жеңгесі тағы да: Маған да шай әкелсе несі кетеді, терлеп-тепшіп отырар ем ғой шай ішіп деп тағы бір ылаң салған екен отағасына. Осының барлығын кеудесіне түйген ағасы сол күннен бастап інісіне қырын қарап араласуды тоқтатыпты. Бәлкім ай немесе бірнеше ай өткен соң жаңағы әйел күйеуіне: Әй ана ініңмен қатыспай кеттің ғой не болып қалды саған деп сұрақ қойыпты. Сонда күйеуі: Мен оны інім деп жүрсем оның істеп жүргені анау – деп, жоғарыдағы жағдайды тізіп беріпті. Сәл жымиған әйелі: Аңғалсың-ау отағасы, жауырынды бергені жолың ашылсын дегені емес пе. Қазақта жауырын – жол ашар деген сөз  барын ұмыттың ба?

Аттың артына мінгестіргені – қандай жағдай болмасын алдыңнан келген қиыншылықта аға баласының жолы үлкен соған алдынан қорған бола жүр деп өз ұлын алдына отырғызғаны емес пе.

Басыма тағар орамал әкелгені – басың жерге жеткенше жамандық көрме дегені ғой, әйтпесе шай осы үйденде табылады ғой деген екен.

Өз қатесін түсінген ағасы бір малын сойып, інісін қонаққа шақырып өкпе-ренішін кешірген екен.