"ЕСКІ ДОС"

"ЕСКІ ДОС"
жеке
блог

Иә, "Ескі дос"... Ол мені солай атайтын. Басында кәдімгідей ренжідім, бірақ кейіннен үйреніп кеттім. 

1-9 сыныпта бірге оқыдық, 2 жылдай бір партада отырдық. Сыныптағы қыздарға өлең шығарып, бәрімізді қарқ қылып, қалжыңдасып, елдің бәріне "қу" тілді сөздерімен тиісіп жүретін. Кешкісін көшеге сыныптағылар жиналып, қыдыруға шықсақ, ол "әлі жерге қараңғы түскен жоқ, кеш батсын онсыз қызық емес" деп, кешке дейін әңгімесін айтып тұрып, "жарайды, жақсы қыдырып қайтыңдар" деп үйге кіріп кететін. Қыздар ренжіп, үйлерімізге қайтатынбыз. Бірақ СЕН бәрімізге бір-бір өлең жазып, өзіңе қайтарып алатынсың! 

Иә, СЕН сондай жақсысың! Темекі тартпай, арақ ішпегенің үшін біраз адамдарға ұнамаған кездерің болды, бірақ осы қасиетің маған ұнайтын. 

СЕН талантты жансың!!! Өлең жазып, әнді нақышына келтіре орындап, домбыра алып күй тартқаныңды бірі білсе, бірі білмейтін. Өзіңде ашып көрсете бермедің. Мүмкін, басқа да таланттарың бар шығар, мен білмейтін. 

Есіңдеме, бастауыш сыныпта оқып жүргеніңде СЕН: 

Қажымас қара нарым,

Кең байтақ даналарым. 

"Күнім" деп еркелеткен 

Аман бол ағаларым,- деп ән айтқансың. Сол ағаңды құтқарам деп, СЕНде мәңгілік өмірдің есігін ашып, кірдіңде кеттің. Артта қалған анам, бауырларым, туған-туыс, "ескі досым" бар деп те қарайламадың. Арттарыңа қарамастан ағаң екеуің әкеңнің жанына барып жайғастыңдар. 

Папаң қайтыс болғанда, достар жиналып барып, көңіл айтып едік. Сол кезде жанымда тұрып, "Назым, әкемнен ерте айырыламын деп ойламап едім" деп едің, ал мен сол кезде СЕНен айырыламын деген ой үш ұйықтасамда түсіме кірмеп еді. Дәл сол күні, дәл сол уақытта мен СЕНІ соңғы рет көріп тұрмын деп ойламап едім. Ал мына: 

Сәлем!

Өткіздің қалай, жаным, туған күнді?

Жылына бір келетін думан күнді.

Ұмытсаңда басқаны, ұмытпассың 

Өзіңмен бірге қызық қуған күнді! - деген смсің келгенде, бұл смстің ең соңғы және СЕН менің жауабымды күтпей кетіп қалатыныңды смсіңді оқып тұрғанда, әрине, білмеп едім, ЕСТАЙ!!!

Бүгін СЕНІҢ туылған күнің!

Бар сағынышымды мына:

Сен кеттің ерте өмірден, 

Серік боп ағаң өзіңмен. 

Қалдырдың артта туысты

Зор үміт күткен өзіңнен - деген бір шумақ өлеңге сыйдырып, құлпытасыңа жаздырып едім... Содан бері 5 жыл өтіпті.

Бүгін ертемен зират басына барып, осы жолдарды оқығанда, сағынышым одан ары ұлғая түсті. МЕН СЕНІ САҒЫНДЫМ!!! 

Жатқан жерің жайлы болсын, жан досым ЕСТАЙ!!! (Сәрсенбаев Есімбек Бойғожаұлы /09.06.1989-27.07.2008/).