Армысың, МАССАГЕТ!

Армысың, МАССАГЕТ!
жеке
блог

Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанымыз үшін қуануымыз керек. Себебі, техника біздің өмір сүруімізге қолайлы жағдайлар туғызып, барған сайын мүмкіндіктерін көбейтуде... Твиттер деп аталатын әлеуметтік желі арқылы қазақ жастарының ғаламторда жиі жиналатын жері «Массагет» ұлттық порталы дегенге көзім шалып, өзіме осы желіден парақша ашуды ойлай бастадым. Жаңа орта, жаңа достар, жаңа әлеуметтік желіге тіркелгеннің өзі өмірдің азғантай болса да жаңа белесі болып табылады. Сіздердің орталарыңызға келгеніме қуаныштымын!

Өзімді таныстыра кетсем, Қазақтың батыс өңірі, Ақтөбе облысында өмір сүретін Есмахандар отбасында дүниеге келген «кенже» қызымын. Сондықтан Ерке деген есімге ие болдым! Ақтөбе қаласындағы №37-мектепті, сонымен қатар музыкалық мектептің 4-жылдық домбыра классын тәмамдадым. Кейін Ахмет Жұбанов атындағы колледждің классикалық вокал бөліміне оқуға түстім. Кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті атанып, ән өнерінің тізгінін ұстаған әншіге айналсам деген арманыма жеттім! 2007 жылы Баян Есентаева құрған «Shine» продюсерлік орталығына келіп, осы орталықтың «Іңкәр» деп аталатын жобасына қатыстым, яғни топ құрамында ән айттым. Қазір де осы продюсерлік орталықта жұмыс жасаймын, жеке орындаушымын!

Әлеуметтік желілерге қызығушылығым артып келеді. Мұндағы достармен жаңалықтарыммен бөлісіп отырамын. Жалпы,шығармашылық адамы үшін ғаламтордың әлеуметтік желілерінің пайдасы көп. Бос уақытымды мейлінше өзіме пайдалы өткізуге тырысамын: вокалмен айналысамын, велосипед айдағанды ұнатамын, тамақ әзірлеймін, кітап оқимын, айтпақшы, қазір «Шантарам» деп аталатын кітапты оқып бастадым және домбыра шерткенді ұнатамын. Қазақтың дәстүрлі өнерін биік бағалаймын, домбыраның үнін жақсы көремін. Айтыс өнеріне де қызығамын. Кішкентай кезімнен отбасымызбен бірге теледидар алдына айтыс көруге жиналатын дәстүріміз бар еді.... Қазір Алматыда өтетін айтыстарға барып тұрамын.


Дәстүрлі өнер демекші, қазіргі кезде біздің шоу-бизнесте, жалпы мәдениетімізде музыка өнерінің сан алуан түрінің өкілдері көбейіп жатыр. Ескімізді естен шығармауымыз керек әрине, төл өнерімізді бірінші орынға қоямыз. Дегенмен, заман көшімен бірге ілесіп, заманауи стильді де қолданғанымыз , меніңше қазақ жастарына өте жарасымды!

Алдағы уақытта осы типтес менің блогтарым жарық көріп отырады! Жаңалықтарыммен де бөлісермін! Фотолар мен видео есептерді де назарға ұсынғым келеді! Сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын!

Массагетте көріскенше!

Ерке!