Найзағайды сүйетін қыз

Класс Тайм газеті

Жаз...Күн шайдай ашық. Кешқұрым бір сәтте жазғы нөсердің иісі сезілді. Күн ұясына бата бере, жаңбыр да жауып кетті. Бірақ бүгінгі жаңбырдың жауысы ерекше. Аспанның көзі жасаурап, жылап жатқандай. Даланың иісі тура жұмақ мекенінің мөлдірлігіндей тап-таза. Кенет ұрған найзағай дүниенің барлық жақсылығы мен жамандығын ұмыттырып, өзге әлемге жол ашқандай болды. Осы керемет таңғажайып сәтті ұзақ бақылап, балаша қуанып, қылтимада тұрып тамсанған бойжеткен өз қиялына енгендей. Ол соншалықты найзағайдың жарқылын бар жанымен сүйеді. Әр ұрған найзағай жарқылынан болашағына деген күш пен сенім алады. Ол маған әрдайым «найзағайды жақсы көрем, найзағай ұрса екен» деген тілек айтатын. Міне, бүгін оның осы бір тілегі орындалды.

                                                                                                 

Соңғы кездері ол мұң айдынының тереңінде жүзіп жүр еді, жүзіндегі қуаныш та сейіліп қалған. Оны әлдеқандай мазасыз ойлар легі жетелейді. Дүниеден безіп, тыныштық әлеміне сапар шеккісі келеді, бірақ әттең оның қолында сол әлемге жеткізер билет жоқ. Ол балалық күндерін қатты аңсайды, ересек әлемнен үйрелене қорқады. Мүлдем есеймесем, тым болмағанда осы қалпымда қала берсем деген тілек тілейді. Оның жаны ізгі, жүрегі таза. Сондықтан да болар оның жаны әрдайым  сұлулыққа, тазалыққа құмартып тұратыны. Ол кейде өз бала махаббатын аңсайды, армандайды. Соңғы күндері оның жүрегі сезім бағында адасып жүр. Себебі ол бір жанды қалайды. Оның кім екенін ол өзі ғана біледі. Сол ойдың жетегіне батып қылтимада ұзақ тұрды. Жарқ еткен найзағайды сүйсіне тамашалады. Жауған жаңбырдың әр тамшысына өз сырын баян етіп, соларға өз тілегін жеткізді. Ол бәрін де сағынады, өте қатты. Қолын сермеп, бәріне түкіргенім бар деп шыдамай кетіп қалғысы-ақ келеді. Алайда оны найзағайдай күштілік, тәкаппарлық мінез ешқайда жібермейді. Сондықтан да ол қаққан қазықтай сол орыннан тапжылмай тұра береді. Оның найзағайды сүюі де содан болар бәлкім, өйткені оның мінезі найзағайға ұқсас. Сондай күшті, сондай жұмбақ. Ал оның өмірі жарқ еткен найзағайдың жарқылындай өте жылдам, өте жарқын, өте қоңырқай...

                                                                                                                                           Гүлжан Серік



Бөлісу: