Дертім - өлең, серігім, сертім - өлең!
жеке
блог

Дертім - өлең, серігім, сертім - өлең!

Алғаш өлең өлкесіне осылай деп жырлап енгенбіз. Бойда он алтының ешкімге дес бермейтін асау толқыны бар. Өлеңдегі арынымыз да солай еді. Ал қазыр сәл де болса сабыр тартқан салмақтылық бардай. Сүйікті оқырман, қалғанын сіз сараптап көрерсіз...

 

(Он алты мен жиырма бес)


* * *

Жүрегімде мұң ұйып, шер түнеген,

Дертім өлең, серігім, сертім - өлең.

Ызыңдаған кеудемнің қос ішегін,

Күмбірлеген күйге орап шертіп өлем.

 

Кеудемдегі елітіп тұлпар күйге,

Оян, оян ұйқыңнан мылқау дүние.

Менің күйім қалады көк төсінде,

Жердегіге жеткізбес шырқау күйде.

 

Шерге байлап жұртты сәл тербеп алам,

Перне бойлап, шанақты көлге қонам.

Көк аспанға ұшырам күй - жырымды,

Кебін киіп ал өзім жерде қалам.

 

Өтер, кетер өмірден бағы ашылмай,

Мендік тағдыр білсеңіз дәл осындай.

Ақыретім топырақ. (қайтам бір күн)

Қасіретім көк пен жер арасындай.

 

Сүйем сені туған ел - биік тұғыр,

Ием сенсің, сендегі сүйікті жыр.

Босағаңнан ұшырған балапаның -

Күнге сіңіп кететін киік ғұмыр.

 

Шапағаттан, бақыттан кем несібем,

Ақын деген Алланың пендесі мен,

Қара жерден жаралдым,

Тағы қайта

Тамырымды құшақтап жерге сіңем.

2004

 

ТҰҢҒЫШ РЕТ

Тұңғыш рет мектепке жайнап барып,

Тұңғыш рет бұрқандым қайнап барып.

Алты жаста есімде, тұңғыш рет,

Алатайға мінгенім "айбаттанып".

 

Тұңғыш рет сиқырлы күйге уанып,

Құдіретін санама түйдім анық.

Есімде әлі, менменсіп мектебімнен,

Тұңғыш рет келгенім сыйлық алып.

 

Тұңғыш рет еске кеп қасқа ойларым,

Маған ашты ақ арман тас қойнауын.

Есімде әлі еліктеп ағаларға,

Тұңғыш рет төбеме шаш қойғаным.

 

Көктеміне көңілдің жыл құсы кеп,

Күн көзінен шуақты нұр құшып ек.

Есіңде ме, ерке қыз, саған арнап,

Жүрегімнен жазған жыр тұңғыш рет.

 

Тұңғыш рет арқалап нар қасірет,

Содан кейін мұң кештім жалғасы көп.

Өмір сені өлердей жек көргенмін,

Жасын көріп анамның алғаш рет.

 

Тұңғыш рет осы елден бастау алып, 

Қалған ауыл ақ жүзін жасқа малып.

Тұлпарымнан жығылып намысымды,

Тұңғыш рет кетіп ем тасқа жанып.

 

Жүрегімді жылытып өлең - бесік,

Тұңғыш рет аттандым кемемді есіп.

Тұңғыш рет осынау өмір - өзен,

Тұңғыш рет мен сені келем кешіп.

 

Тұңғыш рет жүрекке шер тұнғалы,

Лаулата алмай келемін өртімді әлі.

"Тұңғыш рет", япырай, "тұңғыш рет",

Тұңғыш рет толғандым сен туралы. 

2004

 

МЕН ЕДІМ

(Махамбетше)

Шалқайғанның ханымын, хақтың ғана құлымын,

Азуымды жаныдым, айға қарап ұлыдым. 

Мұқағали мұңымын, Махамбеттің жырымын,

Қарағайдан тұғырым, қара таудың ұлымын.

 

Адалдықтың жарымын, жамандықтың жауымын,

Қара қазақ арымын, қара жерде тамырым,

Намыс оты тулатқан батырлардың қанымын,

Қасіреті мың батпан ақындардың жанымын.

 

Еркелетсең еркеңмін, ерге қонсам ер едім,

Кекті қолдар кезенген адырнада жебе едім.

Қиып түсіп қылыштай қылшылдаған өлеңім,

Сөзден өлген бабалар, кек алуға келемін,

Кең дүние, көзіңді аш!

Мен, мен едім, мен едім!!!

2004

 

 

АСПАННАН КЕЛЕ  

ЖАТЫР КӨКТЕМ КӨШІП 

(цикл)

1

Ақпанның соңы – ақ қардың соры,

Бақтардың бәрін жылатқан.

Сусиды көрпе жапқан күлтелі,

Сыңсиды сылқым бұлақтар.

 

Наурыздың басы – жалғыздың жасы,

Қар қыздың қош бол дегені.

Ағыл да тегіл тау-құздың басы,

А-ха-хай көктем келеді!

 

Керіліп шықты керім бел алдан,

Тебіндеп өскін – құлын жал.

Менің де, қарғам, көңілде жанған,.

Сезімге малған жырым бар.

 

Жымия келді, қиыла келді,

Құйыла келді тұмаға.

Бізге де бір бақ бұйырады енді,

Булығып, сәулем, жылама.

 

Сол ескі жырдың жалғасы қалған,

Қысырдай қылпып түлеп ем.

Биылғы жылдың төл басы болған –

Бұлқынып туған бұл өлең.

 

2

Кеш батты күлгінденіп.

Көктем – арай,

Дүркіреп қырға қашты топ қарағай.

Күн – жеңге қызыл күрең шымылдығын,

Ысырып жатты жайлап көкке қарай.

 

Ақшамның сыңғыр қағып көп теңгесі,

Аспаннан келе жатыр көктем көшіп.

Батысқа басын бұрған баба-таудың,

Басылды бір жалындап от кеудесі.

 

Көк сүңгі кірпіктерін шыққа малып,

Күрсініп жатыр шыңдар жұртта налып.

Ай анау айқасқаның тағасындай,

Ілініп тұра қалған бұлтқа барып.

 

Мүлгіген мөлдір түнін құшып ойдың,

Мынау шақ момын ауыл түсі деймін.

Жылқыдай жуасыған,

Ай астында

Жусаймын,

Анда-санда кісінеймін.

 

3

Ақпан өтті.

Алматы бұл жүдеген,

Шайыр бұлттар төкті тағы бір өлең.

Алатаудың ар жағында найзағай,

Сайтан құсап сақ-сақ етіп күледі ол.

 

Көкжиектен қызыл бөрі – күн ұлып,

Көкке ұмтылып келе жатыр тіріліп.

Масаңдау бұлт өксіп-өксіп алады,

Найзағайдың жарқылынан сіміріп.

 

Мені айналып қарлығаштай көктем жүр,

Аспан анау айғыз-айғыз көк теңбіл.

Алатаудың үрпін сүйіп ұйықтайды,

Алматыдан жылай-жылай көшкен бұлт.

 

Алматыдан жылай көшкен сол бір бұлт,

Ақ қайыңға моншақ ілді мөлдір қып.

Қарт қаланың әжім-әжім көшесін.

Қанатымен сипап өткен жел – мұңлық.

 

Қайғысы мен қуанышы сан құлаш,

Қандай мөлдір шайыр төккен таңғы жас.

Менің нәзік жүрегімді аяусыз,

Қанатымен тіліп өткен қарлығаш...

 

4

Қозы-лақтай жамыраған көгеннен,

Күннің нұры көктөбеден бері өрген.

Жұлым-жұлым жүрегімнің жыртығын,

Жамап-жасқап отырамын өлеңмен.  

2011