Нұрболдың жырлары

Нұрболдың жырлары
жеке
блог

Мүмкін білерсіздер, мүмкін жоқ бір ақынмен таныстырғым келеді сіздерді...мен поэзияны басқаларша керемет түсінбеуші ем. Бірақ оның өлеңдері жетті жүрекке, еріксіз сүйсіндіре алды. Нұрбол Ибрав Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы университеттің тарих-филология факультетінде 4-курс оқиды. Осы керемет ақын жайында әдебиет бөліміне көлемді мақала жарияласаңыздар екен.

Мама, ұлыңның өр көңілі аспандап,

Жүр қалада жүрегінен жас парлап.

Көрген жұрттар «мынау ақын жігіт» деп,

Арманыма салып берді баспалдақ.

 

(Есіңде ме бала Нұрбол, жас Нұрбол?)

Деуші едің ғой «адам емес, қасқыр бұл…».

Жан біткенді тамсандырып өзіне,

Көшелерде жыр оқиды мас тағдыр.

 

Сірә, менің көгермейді-ау көсегем,

Мінезімді бетке басып бөседі ел.

Күйікті мұң сыйладым ба, кім білсін?

Сүйікті ұлың бола алмасам, кеше гөр!

 

Жүрегіме жұбаныш боп текке жыр,

Миығынан күліп тұрып өтті Өмір.

Бақытына қалатындай жете алмай,

Өзің кейіп ұрысатын «жетпегір».

 

Қақпасы да елестемей Жұмақтың,

Сұм дүниеден өтіп барам сұлап тым.

Әкім ұл боп қуантсам деп армандап,

Амал қанша, ақын ұл боп жылаттым…

 

Балаң жайлы сөз айтпайды ел тегін,

Бақытты боп бітсе екен тек ертегім.

Шаштарыңа ақ кіріпті, ал маған

ес кірмеді. Өзгерген жоқ тентегің.

 

Өлеңімнің маңдайынан сипалап,

Нені аңсап жүрмін осы, не қалап?

…Не ғой… Мама… Келіп кетші қалаға,

Сізді тағы шақыруда деканат.

 

 

ХАТ 

 

Түн НҰРлы айды сырға етіп таққанда,

ЖҰЛДЫЗ тұрды жол сілтеп…

Бас тартар-ем бақыттан да, бақтан да,

тек сен аман болсын деп.

 

Қия алмаймын маужыраған ақпанға,

Тым бейкүна күлкіні.

Үмітімді жалғап тұрдым ақ таңға,

Жылап жатып сол түні.

 

Өлім келіп сұрамасын Уақытын,

Қайда, неге асығам?

Сенің күлкің – менің аңғал бақытым,

Күн күлетін жасынан.

 

Тұншықтырып жүрем кейде Сезімді,

Сен қиналған сәттерде.

Саған деген Сағынышым көз ілді,

Өлең болып дәптерде.

 

Сен бар кезде – жоқ қасірет, жоқ қайғым,

Жоқ ренішім, өшім де.

Сірә, сені мәңгілікке сақтаймын,

Жүрегімде, есімде.

 

Қимасымды біледі бұл жалған да,

Жылатады жатып-ап.

Мен аңсаған сол бір аппақ арманға,

Сен керексің, ақымақ!

 

…Бақытсыздың бақытындай тоналдым,

Мұң жылатпай қоя ма?

…Мен ешкімді аямайтын боп алдым,

Сен де мені аяма!

 

***

 

Өзегімді өртеп түнде өртті өлең,

Арпалыстым жазылмайтын дертпенен.

Бір кездері сені сүйгем жанымдай,

Қазір сені… жек көрем!

 

Аңқау тағдыр сезімімді сезбеген,

Енді саған жазылмайды өзге өлең.

Сол бір түні батырдың да күнаға,

Қалай ғана некелестің өзгемен?

 

Сен мен үшін орны бөлек асқақ ең,

Сол бір түннен жаңа ертегі бастап ем.

Ертегіні бақытсыз ғып аяқтап,

Қалай ғана тұрмыс құрдың басқамен?

 

Жанарыңнан жас боп ағып көктемің,

Қасіретпен қауыштырып неткенің?

Ақымағым, сол бір түні сездің бе,

Жүрегімнің құшағың да кеткенін?!

 

Қоштасуға жетіп біздің шамамыз,

Сағынышқа жүгінеді санамыз.

Сен де, мен де – өкінішке бой ұрған,

Тоғыспайтын ессіз тағдыр ғанамыз…