Махаббатты аяққа таптаған - аяусыз валентинка

Махаббатты аяққа таптаған - аяусыз валентинка
жеке
блог

       Бүгін 14 ақпан. Мектеп іші сомадай-сомадай қызылды-жасылды жүрек кескініндегі орыстың  қасиетті Валентин күніне орай шығарылған қағаздар мен  гүлдерге, жұмсақ ойыншықтарға толы.  Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы орыс-қазақ мектебінде жыл сайынғы әдетпен махаббат қорапшасы орналастырылды. Орыс сыныптарының белсенділері: «Валентин күніне келіңіздер! Би кешіне кіру бағасы 50 теңге!» деген жазуы  бар қабырға қағазын іліп қойған.  «Алтын сандық ашылып, ішінен жібек шашылуын»  сарыла күтіп жүрген сегізінші сынып оқушылары,  махаббат қағаздары қолдарына тигенше асықты. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі өздерінің сынып жетекшісі болғандықтан, оқушылар құрбы қыз алып келген хаттардың қызығына батып, еркін ақтарып отыр. Аиданың өзі алып келген түрлі жылтырақ жүрекшелерді таратуда. Кімге көбірек түседі екен?,- баршасының көңіліне қонған сұрақ бұл. яндекс

       Кезек-кезек үлестіріліп жатқан жүрекшелерді өңшең қыздар жанында жүрген құрбыларына әдейі сатып алған. Онда да өз қамы, махаббат парақшасынан құр қалып кетпеудің амалы. Айгерім Жадыраға, Жадыра Айжанға,  Әсел Дамираға, Дамира Нұргүлге, Динара Айданаға арнаған достық құттықтаулары мен сыныптың қылықты қызы Айданаға 9 сынып оқушысы Еркоштан, Ақботаға Дулаттан келген жүректер. Сегізінші сынып ұл-қыздарының бой жетіп, ер жетіп келе жатқан ең бір қызықты шағы осы еді.

        Бір кезде базарлықтың бабын бұзбай таратып отырған, қиғаш қасты сұлу қыз езу тартып, еркелеп: «Зере! Бұл саған Нұржаннан»,-деді. Жаңадан бері кітабына үңіліп отырған Зере қып-қызыл болып, дәл Аиданың алдында отырған сыныптағы ең келісті, озат оқушы Нұржанға қарады. Қолын соза беріп, Нұржанның қадала қараған шарадай мөлдір көздеріне көзі түсіп,  жерге кіріп кетердей болды-ау. яндекс

        Күнделігінің арасына жасырып қойған жүрекшесін жан баласына көрсетпей күнде бір оқып шығады. «Мен саған бұрыннан ғашықпын. Айта алмай жүр едім, тезірек жауабыңды бер...» деген жазуы бар аядай қағазды жүрегіне басып шаттанады. Сыртындағы гүл тістеген итке қарап күле береді. Зеренің қуаныштан есі кетіп, әрдайым махаббат қиялына батып кетеді. Бірнеше күннен бері сабаққа деген бұрынғы аса үлкен ыждаһаттылығын жинап қойды. Ертелі кеш армандайтын Нұржаны мұның жауабын тосып жүр емес пе? Қандай бақыт десеңізші?! Бірінші сыныптан бері құлай ғашық болған ең алғашқы таңғы шықтай таза сезімі. Мектепке де тек сол үшін барады, ол келмеген күні көңілсіз қайтады. Өзінің ең аяулы арманын, бала махаббатын 4 сыныпқа дейін, өзіне де айтуға бата алмап еді. Тек 5 сыныпта туған сіңлісіне алғаш тіс жарған. Жыл сайын өсе түскен іңкәрлігін құлын-тайдай телі өскен Жанарға ағынан ақтарылып, әр күнгі хикаясын келістіріп тұрып әңгімелейтін әдетті шығарды. Олар тіпті осы 14 ақпан күніне орай өзара  бәстескен болатын. Жанардың ойынша: «Нұржан осы жолы Зереге валентин қағазын сыйлайды. Егер ол шынында да сезімін білдірсе, әпкесі сіңлісіне бір шоколад алып береді». Керісінше болса Жанардың өзі қарыз болмақ. Бәсті, әрине, Жанар жеңді. Ал Зере өзінің ұтылғандығын ерлікпен мойындап, айтқанын қуана-қуана орындады.

       Әдеттегідей, Зере алдына кітап-дәптерлерін үйіп қойып құрбысы берген шоқтай валентинкасын бір оқып, бір сүйіп отыр. Оның бұл қылығына жаңадан бері күліп отырған сіңлісі - көңілі ақ ұлпадай таза, сенгіш әпкесінен жасырып жүрген ащы шындықты жайып салуға бекінді. Ол: «Зере бұл валентинканы саған жіберген мен едім, бәстен ұтылып қалғым келмеді»,-деген аяусыз сөздерін Зеренің жанына батырып, қадап-қадап алды. Бірақ, ғашықтық дертіне ұшыраған қыз оның сөзіне алғашқыда сенгісі келмеген. Жанар өзінің қалай қағазды сатып алып, дәл Нұржанның жазуын шебер салғандығын күле отырып баяндады. яндекс

      Зеренің көңілі алай-дүлей болып, бөлменің қабырғасына бетін басып еңкілдеп жылады-ай кеп. Бұл оның өміріндегі алғаш рет шын алданғаны. Сенгені жоғалып, жүрегіндегі оттың мәңгі өшкені. Өмірдің шынайы болмыс-бітімі. Ғажайыптардың болуы мүмкін еместігі. Әттең, осы бір 30 тиындық валентинка мен бір шоколадқа қыз жүрегіндегі пәк, нұр сәулелі сезімнің айырбасталып кеткені өкінішті-ақ. Енді ол махаббатқа да, алдамшы адамдарға сенуден қалды. Бір сәтте бір мүшелге есейген ол, алғаш рет өз-өзіне мысқылмен күлген-ді.яндекс