Ең ыстық сөз
жеке
блог

Ең ыстық сөз

         Қоңырау соғысымен оқушылар баршасының қызығына айналған «әдеп» сабағына асыға кіріп, жайғаса бастады. Бұл пән ересек өмірге жол тартқалы тұрған түлектер үшін адамгершілік, кішіпейілділік, мейірімділік, ізгілік сияқты асыл қасиеттердің мәнісін шын ұғатын сабаққа айналды. Өзі жап-жас мұғалима әрдайым жаңаша дайындықпен, жасөспірімдердің назарын аудару үшін көрнекіліктерін қалдырмай әкелетін.
      Бұл бір шуақты күні де оның жүзі бал-бұл жайнап, сыныпқа кірген бойда оқушылардың сәлемін алып, ұстаз орындығына әдеттегі сыпайы жүрісімен ақырын барып жайғасты.  Өзіне қадалған оқушылардың жәудіреген көздері тағы да жұмбақ дүние күткендей  у-шудан сып беріп, тыйыла қалды. Физика, химия, алгебрадай қиындық туғызбас бұл пәнге бозбала мен бойжеткендер бір сергіп қалу үшін қуана қатысатын. Бүгінгі тақырып: «Алдымен сүй ардақты ата-анаңды» деп аталады. Апай оқушыларға өзі дайындап келген парақтарды әрқайсысына бір-бірден үлестіріп берді. Сөйтті де: - «Қолдарыңдағы бір жапырақ қағаз бетіне әрбірің өз ата-аналарыңнан естігілерің келетін сөздерді жазыңдар!»,-деді. Оқушылар абыр-сабыр, бірі партаға телміріп бірдеме шимайласа, бірі: «Ей, не жазамыз өзі?»,- деп қояды. Ұстаз оларға түсіндірмек болып: «Мәселен: Құлыным! Жалғызым! - деген сияқты сөздерді жаза берсеңші!»,- деді. яндекс
     Берілген уақыт та мәресіне жетті. Ұл-қыздар бір-бірлеп тақтаға шығып, неше түрлі ерке сөздерді сызылтып оқып тұр. Айдана: «Балапаным! Ботақаным! Айналайын! Алтыным!» деген сөздерді естігісі келсе, Абзал: «Қоңыр қозым! Құлыным!» деген еркеліктерді жақсы көреді екен. Барлығы осы сарынды сөздерді көлгітіп, біріне-бірі ыржалақтап, балаша мазақ қылады. Осы бір сыныптастардың риясыз күлкілері мен достық қағытуларына шаттанып, күле қарап отырған Зереге мұғалиманың сұраулы көзі қадала қалды. Үндемей жымиып отырған қызға ұстаз: «Ал қане, Зере, сен не естігің келеді?» деп, абыр-сабыр болған оқушыларды тынышталдыра қойды. Зере өзінің ұяңдығымен асықпай, бетінің ұшы қызарып күлімдей көтерілді. «Мен бір ғана жалғыз сөзді естісем болғаны»,- деді. Баршасы оған үңіле қалыпты. Сәл кідіріп барып: «Ол – «Рахмет!» деген сөз деді. Ұстазда да, оқушыда да үн жоқ. Зеренің бұл тапқырлығы осында отырған баршаға  шындығында күтпеген жауап болды.  Жер бетіндегі балаларға айтылар ата-аналардың ойлап тапқан еркелік сөздеріне қарағанда, ауқымына ғаламды сыйдырған «Рахмет» - алақандай жүректердің ішіне бүгінгі айтылған ең ыстық сөз  болып қонды.
     «Рахмет!» - бұл жай ғана үй шаруасынан бастап, үлкен-үлкен істерді бітіргенде баланың ата-анасының аузынан естігісі келетін ең қымбат сөз ғана емес, олардың сый-сыйапаты, үлкендік алғысы, ұрпағына берер ең биік мәртебесі. Осы бір асыл сөзді көбірек естіген бала қандай бақытты десеңізші!