ӨЛІМДІ ҚҰРМЕТТЕЙ АЛАМЫЗ БА?

ӨЛІМДІ ҚҰРМЕТТЕЙ АЛАМЫЗ БА?
жеке
блог

«Өлім – жаратылыстың бұлтартпай бұғаулайтын тұзағы. Біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Уақыт шіркін мидың ине көзіндей тесігінен құмсағаттай сырғып өте шығады. Смерть – это приговор природы, не подлежащий обжалованию! Соны анық біле жүріп өмір сүру – азаматтың ұлылығы. Қалай десең де, өлімнің аты ызғарлы, тіпті асарын асап, жасарын жасап, немере, шөбере, туажат сүйіп өлсе де, тіршіліктен адам қайтады. Қурай сынды дей алмайсың. Суық қара жерге, қара көрге – мәңгі жалғыздыққа аттанады. Айналасындағыларды дір еткізіп, бір сәт алды-артына  көз жіберуге мәжбүр  етеді. Күйкі-күйбеңмен қоқыс дүние үшін кеткен асыл уақытына өзегі өртене өкініп, алдағы күнін басқаша барлайды. Той үстінде өкпелескен өлім тұсында татуласады. Жүз көріспей жүрген ағайын арасындағы араздық осындайда ымыраға келіп жымдасады. Тірілер тірлігіне іштей тәубе етіп, жарық дүниенің қадіріне жетуге тырысады. Міне, не үшін құрметтеу керек өлімді? Марқұмды ақ жуып, арулап көмген соң, артын күтеді. Бұл деген қара жамылып, кешке дейін қамығып, тіршіліктің берекесін алу деген сөз емес. Қайтқан адамның жетісі, қырқы, жылы, асы деп туған-туысқан, жекжат-жұрат, жанашыр жолдас-жоралары жиналады. Жақсы қасиеттерін еске түсіріп, өнегелі істерін үлгі етеді. Міне, өлімнің артын күту деген – осы.Оның дінге ешқандай қатысы жоқ...»

«Шуақты күндердің» (З.Ахметова) ішіндегі  Бауыржан атаның осы сөздерін қайталап оқыдым. Анығы, құрбымыз Алтынайдың өмірден ерте кеткені «оқытты». Өйткені мені кейінгі кезде қинайтын сұрақтың бірі – «Біз өлімді құрметтей аламыз ба?», «Өлімді қаншалықты түсінеміз, мойындаймыз?»

Ресейдің талантты тұлғаларының өмірден өткенін естіп жатамыз. Өз басым Валентина Толкунованы қатты жақсы көріп тыңдаушы едім. Толкунованың өмірден өткенін ресейлік арналар көрсетті. Әншінің шығармашылығы,  жеке өмірі жайлы түсірілген деректі фильмдер,  концерттік кештері, ол қатысқан бағдарламалар – барлығы бірінен соң бірі арналардан беріліп жатты және ол әншінің өмірден өткен күнінен бастап, жер қойнына тапсырылған күнге дейін тынған жоқ. Бұл – біріншіден, өнер адамына деген құрмет, екіншіден, халыққа өмірден қандай адам өткенін ұғындыру. Мұны өзім солай қабылдадым және бұл – бір ғана мысал...

Бізде ше? Бізде кейде бәрбір сияқты көрінеді. Өмірден қарапайым қоңыр тірлік кешкен адам өтсе де, еліне елеулі болған танымал тұлға дүние салса да – бәрбір.  ... Жақсы бір жанның қырқына мүлде танымайтын, отбасына ешқандай туыстығы жоқ адамдардың келгенін көрдім. Той емес, қазаға келген адамдардың жаттығы жоқ. Бірақ дастарқанның үстіндегі дәмді таласа-тармаса сөмкелеріне салып, оқылып жатқан Құранның соңын күтпестен, бет сипамастан орындарынан тұрып, сөмке толы асты мықшыңдап көтеріп есікке беттеген шалдарды көргенде... Қарын тойғызу үшін ғана көппен бірге кіріп кетіп, ішіне ел қонған соң айтылып жатқан сөзге де, оқылып жатқан Құранға да құлақ салмай маужырап, бастарын бұлғаңдатып қалғып-шұлғып отырған жігіт ағаларын көргенде... Мені мазалап жүрген сұрақтың түп-төркінін де, «кейде бәрбір сияқты» дегенімнің мәнін де түсінген боларсыздар...

Төбелес шығармаса, тойдың сәні кететіндей көретін тентектер бар шығар. Бірақ өлімді неге құрметтей білмейміз? Сол суық өлім арқылы бәрі өткінші, дүниенің жалған екенін неге есімізге алғымыз келмейді?  Бәрінен сорақысы, жақынынан айырылып қайғы жұтып отырған жандардың қайғысына ортақтаса отырып та жандарына жара салуды «ұмытпайтынымыз» қалай? Айтпақшы, талантты қызымыздың өмірден өткені жайлы республикалық газеттердің бірінде жарияланған мақалада былай делініпті: «Сиқыршылық өнерге бала күнінен қы­зығушылық танытқан талантты қызын кеше жезді өңір (қате күйінше көшірдім) жер қойнына тапсырды. Өкініш­тісі, Қытайда білім алып жатқан ұлы Бақыт­жан екі ел арасындағы визалық құжат тол­тырудың қиындықтарына байланысты ана­сына топырақ салып үлгермеді».  Өзгелер мұны қалай қабылдағанын білмеймін, өзгелерге өз ойымды тықпалағым да келмейді. Көлемді әрі жақсы жазылған мақаланың бағасын тап осы екі сөйлем түсіргендей әсер берді маған. Себебін айтайын, біріншіден, жеке бір отбасының өзіне ғана тән мұңы мен жанға батқан қайғысын бар оқырманға «сүйінші» сұрағандай жеткізу қажет пе еді? Адамшылық қасиет демей-ақ қояйын, журналистік этикаға сай ма осы? Аруақты былай қойғанда тірінің қамын неге ойламады? Күні ертең анасынан қапияда көз жазған бала мұны қалай қабылдайды? Өлімді құрметтеу дегенді, бәлкім, түсінбеді (аңғармады, мән бермеді, әдейі емес, т.с.с), ал ағайын-туғанының, жақындарының жүректеріне осы бір сөйлемнің қандауырдай  қадаларын журналист неге білмейді?  Бүтін бір мақалаға арқау болса әңгіме басқа, азап сыйларлық сөйлемді орынсыз қыстырғанша, оның алдындағы сөйлемнің қатесін түзеткені әлдеқайда оң болар ма еді? Көңілге томпақ келіп, көкейге сыйғыза алмаған соң жазылды. Қабылдау-қабылдамауларыңыз өз еріктеріңізде...

...Жезді өңірі талантты қызын  жер қойнына тапсырған күні Алтынайдың Алматысының «көз жасы да» құрғамады.