Блогта да білім бар!

  «...Көктемге шейін күндіз-түні кітап оқуға салынды. Медреседен қайтқалы кітапқа анықтап оқталғаны осы еді. Мұның қолына түскен әрбір қалың кітап соншалық бір қатты сағынып жолыққан ыстық, қымбат досы тәрізді болды. Ғабитхан да кітап оқығыш болатын соның кітаптарынаның ішінен өзін қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты...»

 

                                                                                                       Абай жолынан

 

..Жоғарыдағы үзіндіден кітап сүйгіш, бала Абайдың дана да ғұлама болып өскенін көреміз. Барлық асыл бұйымдарды кітаптан іздеген ұлы ақынның кітапқа деген ықыласы зор, бағалауы соншалықты қымбат  болған. Сондықтан да шығар Абайдың ел аузында қалып, жолы ұрпаққа үлгі болып жалғасқаны. Бүгінде қазақ балаларына «Абай жолын» оқымаған қазақ - қазақ емес» деген сыни көзқарас қалыптасқан. Бұл дегеніңіз қазақ әдебиетінің жауһары, бар білімнің бастауы кітапта екенін аңғартады.

     Десек те, қазір осы кітап атаулы асыл құндылығымыз сөрелерде шаң баспаса да, сәнді бұйымдар ретінде сақталатыны жасырын емес. Жылтырап тұрған сыртының сұлулығына бір қарап, парақтарын сапырып өтесің де, «оқу керек»-пен шектелесің. Себебі, санаңды сарқып, бұрышта ғаламтор деген алып мекен қол бұлғап тұрады. Мұндағы «блогтар» әлемі бүгінде кітаптың орнын алмастырған ақпараттық-технологиялық дүмпудің "зоры" болды. «Кітап оқимыз» деп шамданатын жас болар, алайда практикалық тұрғыдан қарасақ, көп жастардың сауат алуында блогсфераның ықпалы зор.

       Иә, біз қарайтын блогтар әр түрлі саланы қамтиды. Блогсфераға жаңадан қадам басқан адам өзінің ішкі ойларымен, шыңырауда жатқан сырларымен бөлісумен бастаса, қол үйреніп, ой-өрісі кеңейгесін қоғамдық-әлеуметтік өмірдің өзекті проблемаларын жеңудің жаңаша тәсілін табуға тырысады. Қалың қауымға ой тастап, тіршілік біткенге титтей де шарапатын тигізуді көздейді. Сондықтан «қазіргі жастар кітап оқымайды, есілдерті интернетте» деп байбалам салудың аса негізі жоқ. Жамандық атаулының күй таңдамай күл-қоқыс астында жатып-ақ көктей беретін арам шөп секілді екенін ескерсек, жаман боламын деген адам ешкімнің сүрлеуінсіз, том-том кітаптың астына бастырып тастасаң да, дегенін жасайды. Ал, блогтұғырды төңіректеп, бойындағы тәуір дағды-машықпен бөлісемін деген блогшы қауым бұл күнде ауыз толтырып айтатын іс тындырып жүр. Кейбір атқа мінер азаматтардың түйсігіне кірмейтін қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге қосып жүрген үлестерін айтпағанда, елдің түкпір-түкпіріндегі «қазақы» жастардың басын қосып, Блогқұрылтай өткізулері «жоқ»-тан бар жасаудың нақ өзі, қазаққа деген жанашырлықтың көрінісі. Алғыр жастардың тиянақты тіршілігі.

    Осы ретте алдағы жоспарланып отырған блогқұрылтайда ауыл жастарының блогсфераға бейімделу жолдарын қарастырса деген ұсыныс бар, ауылда да жастар бар екенін ескерсе деген тілек бар. Ауыл жастарының жағдайы көпшілікке белгілі, «агент»-тің маңайынан алыстамайды. Ал, мәдениетін дамытып, өресін өсіремін деген жастарға театр мен клуб алыстағы арман болып тұрғанда, түрлі блогтарды пайдалану - сауат ашудың оңай әрі тиімді жолы. Демек, біздерге блогқұрылтайдың берері көп.

Биылғы Ұлыстың ұлы күнін «аты шулы» Шымқалада өткізбекпіз, құрылтайдың арқасында, бұйырса! Маған блогқұрылтайдың Шымкентте ұйымдастырылатыны екі есе қуаныш сыйлады. Себебі, Шымкент – Астанадан кейінгі арманымдағы бас қала. Сол күні Шымқаланың төрінде еліміздің алғыр да жанашыр жастары білім үшін, даму үшін бас қосатын болады. Ендеше, көпшілікке қайыры тиер келелі іске ұйытқы болып, Блогқұрылтайдың «бағын» жандырыңыздар, блогшылар!

Түйін:Кітап оқыма демеймін, блог оқығанды айыптама! Блогта да білім қайнап жатыр, Блогқұрылтай - оның куәсі!



Бөлісу: