CЕН ТУҒАН КҮН...

Бүгін - 29 каңтар сенің туған күнің! Сонау мектепті бітіретін жылдан бері танимыз бір-бірімізді. Ал жан досымның беймезгіл өмірден өтуі бізді ең жақын достарға айналдырды. Менің жан досым, сенің кластасың әрі досың, дарынды журналист Фируза жайлы айта жүріп, сол бір жаны жайсаң досты іздей жүріп, сағына еске алыса жүріп, бір-бірімізді іздеп жүрер жанашыр жандарға айналдық... Одан әрі бізді тым жақын еткен - сенің "Ақжүнісің"! 2002 жылы әріптес ретінде сол бағдарламаның ыстық-суығын бірге көрдік. Көптің ықыласына бөленіп, танымал болғаныңды "сол кезден басталды" дер біреулер... Ал сен болсаң бұған дейін республикалық "Қыз сыны" байқауына қатысып, артынан іле-шала "Наурыз" атты деректі фильмге түсіп үлгерген болатынсың... Кейіннен еңбек жолымызды "Айқын" газеті тағы тоғыстырды. Солай кете береді. Қай жерде бірге істесек те, жұмысқа келгенде ортақ мүдде, қайшылықты пікір, бірегей көзқарас астасып жататын. Мен бірбеткеймін, сенің иінің бостау, көбінде менің айтқаныммен келісесің... Кейде керісінше қырсыға түсем, бірақ көзқарас - бір, түсінік те бір-бірінен алыстамайды. Парасат-пайым, ой-толғам... барлығы ұқсас. Пендешіліктен жоғары тұруға ұмтылатынымызға дейін... Аяулы дос Фирузадан айырылғанымызға да, бірге жүргенімізге де 10 жылдан асыпты.

 

          Мына қайшылықты қара, сенің жақын досың Ажар (Түзелбекқызы) біз бірге жүрген оныншы жылы өмірден өтті... Оның туған күні де тап бүгін - 29 қаңтар. Өз басым сен арқылы танып, дәм-тұздас болған от ауызды Оразәлінің (есіме алып отырмын, бір аунап түссінші жарықтық)  "ажарлым" деп еркелетер, сені ең бірінші құттықтайтын (тұп-тура түнгі 12-ден кейін) сол ажарлы Ажар 35-ке толар еді...

 

         Бүгін сол Ажардың орнын жоқтатпай, түн қатып бірінші құттықтап, жазба арнап отырған жайым бар, Сәуле... Алла екеумізден жақсылығын аямай келеді, Құдайдың көзі түзу болсын! Алла тағаланың бермегенін ауызға алмайық, бергенін аман қылып, берерінен танбасын, "тәубе" дейік! Кез келген нәрсеге қанағат дейтін басымыз, "шүкір" деумен еңсе түсірмей, өмір сүре берейік! Мендегі тілек - осы! Басың аман, бауырың бүтін болғай, елдің Ақжүнісі, менің Айсәулем... 

      Тү-у, мына бір шумақ өлеңнің еске түскені-ай...

                   Мен өмірге келген ай,

                   Қасат қарлы қаңтар - бұл.

                   Қыл шылбырын қолға оңай,

                   Ұстатпайды тарпаң жыл... (Қалқаман.С)

  Өзіңе мақтанып айтар менің бауырымның "Әлдилей бер..." атты өлеңі ғой... Сен туған күн қасат қарлы қаңтарда болғанымен, өмірдің өкпек желі өзіңнен алыс болғай! Сол тілек... "Арқаңды - елге, табаныңды жерге тапсырдым!" )))

 

                                                                                  (көңіл күнделігінен)   



Бөлісу: