Көңіл бөлші...

                                          Көңіл бөлші...

Көше бойында кетіп бара жатсың, айнала абыр-сабыр. Сабылысқан адамдар өз беттерімен асығыс жүріп жатыр.

-Ескі дүкеннің бір бұрышында мүгедектер арбасында отырған жасы егделеу ер кісі. Әрине, қайыр сұрап отыр. Оған  көпшілік қауым мүсіркей қарайды. Оның белінен төмен қарай жабылған  көрпешеден денсаулығында кінәрат бар екендігін байқайсың. Күннің қақаған суығына қарамастан тиын тебенге күнелтіп отырғанына қарап, бұрын қандай адам болғандығын, және оның отбасылық жағдайы қалай екендігін аңғару қиын болмайды. Күні бойы осы кісінің не істейтітінін бағамдасаңыз, әр  2 сағаттта әлгі адамның туысы немесе әйелі ме екен, келіп қалтасындағы тиындарын санап алып кетеді. Көңіл бөле отырып отбасылық бизнеске күә боласыз!

-Жеңіл автокөлік жүргізіп бара жатқан жас жігіт сенің алдыңнан жердегі шылқыған суды лепіртіп, үстіңді былғап кетті. Оның бұл қылығына қарап, болашағын ойламайтын, бір күндігімен өмір сүретін адам екендігін аңғару  қиын емес.

-Егер көңіл бөліп қарасаңыз, жадыраған жаз кетіп, күз келгенде жапырақтар амалсыз, өте қиындықпен жерге қарай ылдилап құлай бастайды. Әр жапырақ-бір өмір. Бір тағдыр. Өзінің жапырақтық міндетін атқара келе уақыты жеткенде жерге түсіп тіршілігімен қоштасады. Көңіл бөліп қарасаңыз, бұтадан түсер кезінде жапырақтар соңғы қайраты қалғанша күресіп, тал бұтасында бір секунд болса да тұра тұруға тырысады. Дәл адамның еш өткен жалған өмірі сияқты.

-Біраз уақыттан бері кездесіп жүрген сүйіктіңнің мінезі өзгере бастады. Не айтсаңда қарсы жауап аласың. Сен әрине, 1 ші кезекте оның өзге біреуі бар деген оймен саналы түрде қырсыға бастайсың. Нақты оның рухани дүниесіне үңіліп қарасаң, оның отбасында немесе денсаулығында үлкен, саған айтқысы келмейтіндей проблемалары болуы әбден мүмкін!

-Көңіл бөліп қарасаң, сенің жолың бола бермейді. Кей жағдайда тіпті, бір күн бойы бір  істі ойыңа алып, сол бойынша күні бойы жүресің. Бірақ, түк бітірмейсің. Жұмысқа сөйлесіп бастықпен кездесуге барғанда, қандай да бір жағдаймен саған ол мекеме есікті тарс жабады. Қырсыққанда  сол күні әмияныңды ұрлатып аласың. Үйіңе жаяу қайтасың. Көңілің жасып, үйге келе сала ас ішпей ұйқыға кетесің. Көңілің құлазып, осы уақытқа дейнгі іште жүрген шеріңді шығарып түні бойы ойланасың. Осының арқасында сенде қиындыққа тура қарауға деген, оны мойынмен көтере білетін жігерлік пайда болады.

-Көңіл бөлші, анадайда мектеп оқушысы, қыз бала. Жан-жағына алақ-жұлақ етіп, сағатына қарағыштай береді. Байқап қарасаң  мектепте оқитын жасөспірім  қыз өзінен екі сынып жоғары оқитын ұл  баламен достаспақ ойы бар. Әрі ол жігіт кездесуге кешігіп жатыр. Қыздың  мінезіне, әрі жасының кішілігіне байланысты ол тәкәппарлануды білмейді. Күту керек, күтіп тұр.Ал , жігіт қыздың кіші жасын пайдаланып күте тұрсынға салып асықпай келеді.

-Үйдегі жеңгеңнің келін болып түскелі қабағы ашылмайды. Ата-анаңа артық ауыз сөз сөйлеп, қырсығып қалатын сәттерін көп байқайсың. Ол кезде әрине, ата-анаңды қорғап, бөтен үйден келген келіннің сөзін өліп кетсең де сөйлемейсің. Егер сол кезде жеңгеңнің іштей сығылып, көзінде жүрген мейірімсіз мұңды  көңіл бөліп қарасаң, ағаң жеңгеңе лайықты құрмет көрсетпей жүр, үйге кеш келеді. Кейде қонбай қоятын кездері болады, тіпті жеңгең екеуі күліп дастарханда шай ішіп көрген емес. Сол себепті де ағаң сыйламағасын, жеңгең оны және оның туыстарын қалай сыйласын?

-Туған бауыр, ағайындар арасында кикілжіңдер өте көп болады. Бірге туылған, бір қарыннан шыққан ұлдар бар болса бере алмай, жоқ болса көре алмай жатады. Көңіл бөліп қарасаң, бір жатырдан шыққан бауырлардың бұл қылығына ата-ана тәрбиесі, және аталық геннің әсері бар екенін ескеру керек.

Эльмира МАТИБАЕВА

 

СУРЕТ WWW.GOOGLE.KZ САЙТЫНАН АЛЫНДЫ.



Бөлісу: