Сыр

Сыр
жеке
блог

Ей, шабыт, неге келмейсің,

Желмая көңіл желмейсің.

Аңқасы кепкен адамдай,

Әдемі жырға шөлдейсің.

Ақынға қалай сенбейсің,

Ақылға солай көнбейсің.

Сағымға кіріп жоғалар,

Сарыала құйын желдейсің

Сырымды неге бөлмейсің?

 

Бір қызып, дене бір суып,

Бір жазып, қайта бір сызып.

Өкпелеп кетті өлеңім

Кеудемде қалды тұншығып,

Жазсам ба деп ем құлшынып!

Бір батып ойға , бір шығып,

Қуанып , сосын күрсініп,

Жағамнан тартып пенделік

Қаламнан тартып тіршілік,

Солмаса дедім бір шыбық.

 

Кетемін симай тасып – ақ,

( Бұл желік қашан басылад)

Артынан іздеп жүргенім

Жыр жолдарымды шашып ап

Шалғайда қалған шашырап.

 

Тоқтаусыз өткен күнімдей,

Жоқтаусыз кеткен білінбей.

Шақтарым сені іздедім,

Шағала шабыт пірімдей,

Қаламым қолда дірілдей.

 

Не дейін мына ақпанға – ай,

Не дейін жауған ақ қарға – ай.

Қасқырдай болып отырмын

Қапыда түскен қақпанға – ай

Шабытсыз шіркін шақтар – ай!

 

Мейлі әлсіз бол, өмірде мейлі күшті,

Көтереді баршасын жердің үсті.

Өмірге өлеңдетіп келгеніңмен,

Бір ән салмай кеткенің өкінішті.