Бүгінгі жастар еліктегіш

Бүгінгі жастар еліктегіш
жеке
блог

Бүгінгі жастар еліктегіш, батыстық біздің санамызға мүлдем жат қылықтарын сәнге айналдырудан олар ешқашан жалыққан емес. Өздерінің табынатын жын жұлдыздарына қарап, денелеріне аймандай қара таңба басудан тайсалмайды. Бүгінде денесін шимақтаған жандарды кездестіру таңсық емес. Менің айтпағым, бастауын атам заманнан алған денеге сурет салу үрдісі немесе татуировка. яндекс.ру

Бұл сөз ежелгі полинизей тілінде «татау» - сурет ұғымын білдіреді екен. Оны ағылшын тіліне 1773 жылы әлемге саяхат жасаған әйгілі Джеймс Кук енгізген. Ежелгі Маори және Канаданың үндіс тайпалары жасаған дене кескіндері бертін келе Еуропада кең тарала бастаған. Мұндай сәннің қызығушылары тіптен, бірлесіп өздерінше қоғам да құрған, мәселен ең үлкен ағылшын тілді тату портал -«БМЕ» интернет-журналын төлемсіз қызықтай алмайсыз. Ал көрші Ресейде осы мәндес аты затына сай портал «Клуб глупых наколатых людей», денесіне сурет салуға әуес жандарды біріктіреді.

Татудың құрамы әр кезде әрқалай болып өзгерген, ежелгі заманда негізгі бояуыштар ретінде минералды қоспалар қолданылған. Көп ретте охра, сажа, тасты көмір мен киноварь заттары пайдаланылған. Орта ғасырларда көмір негізіндегі порохтың түрі ойлап табылған. Бертін келе химия өнеркәсібінде түрлі синтетикалық бояуыштар шығаратын арнайы тату зертханалары ашылды. Денеге инелердің көмегімен өмір бойына таңба басып алушылардың татудан арылуы мүлдем қиынға соғады. Ол үшін дененің сол бөлігін хирургиялық опа көмегімен алып тастау не лазерлік сәулелерді қолдану арқылы құтылу жолдары бар, ал мұның барлығы адам денсаулығына қаншалықты зиян келтірерін айтпай ақ түсіне жатарсыз. Денеге сурет салу үрдісін орта буын өкілдері түрмемен байланыстырады. Криминалды әлемде әр айыпталушының өз кескіндері болады. Кейде сотталушылардың өз еркінсіз күштеп салдырады. Татудың түрлері өте көп, шамалап айтсақ олардың саны 300-ден асады. Оның косметикалық түрі де бар.

Ислам дінінде денеге сурет салуға қатаң тыйым салынған, оның себебі шариғат бойынша сурет салу немесе салдырудың үкімі - харам. Тәнге сурет салу, Алланың жаратқан бастапқы түрін өзгерту болып саналады. Бұл туралы Алла тағала Құранның «Ниса» сүресінің 119-аятында ескерткен. Денеге сурет салу немесе салдыру сияқты мәселелердің негізі Исламнан бұрын болған. Яғни жәһилиет дәуірінде кейбір адамдар пұттарының суреттерін кеуделеріне, қолдарына сызып алатын болған. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Денеге сурет салғанға да, салдырғанға да Алла елшісінің лағнеті болсын» - деу арқылы қатаң түрде сурет салуға болмайтындығын ескерткен. Сондықтан денеге сурет салдырудан сақтанған жөн. Исламды кейіннен қабылдаған жан бұл істің харам екенін кеш білсе, денесіндегі суретті кетірген абзал. Ал кетпейтіндей болса Алладан кешірім сұрап тәубе жасау керек. Сондай-ақ қайтыс болғанда сурет салынған жерді кесіп алып тастайды деген дұрыс емес. Алла тағала шынайы ықылас, ниетпен жасалған тәубаны қабыл етуші. Алла елшісінің (с.ғ.с.) Амир ибн Асқа (р.а.): «Исламға кіру - бұрынғы күнәларды жояды» деген хадисі де осыны анықтай түседі. Христиан дінінде де тату рұқсат етілмеген, ал салдырған жағдайда адамның басқа дінге кіріп кетпеуі үшін денесіне крест белгісі болуы керек екен. Медицина тұрғысынан алып қарағанда, тату арқылы сары аурудың В түрін жұқтырып алу жиі кездеседі. Тазалық жағдайы дұрыс сақталмаған жерден аурудың түр-түрін жұқтыру қаупі бар, тіптен ВИЧ індетін ілестіріп алуға болады. Жүкті әйелдерге тату рұқсат етілмеген және қыздардың мықын тұсына салдырған суреті болашағына қауіпті болып саналады.

Денелеріне тату жасататын адамдардың бұл іс-әрекеттерге баруының бірнеше себептері бар: біріншіден, жас кезде албырттыққа ұрынып, өзгелерге еліктеу мен уақытша сәнге беріліп салдырып алатындар. Мұндай адамдар уақыт өте келе өз тәніне жиіркенішпен қарайтын болады. Біздің қазақ жастары да осы себепке көптеп бой алдырады. Екіншіден, өзін басқалардан кем санайтын, сырт келбетіне көңілі тоймаған, психологиялық ауытқуға ұшыраған адамдар немесе тәніндегі көріксіз іздерді жасыру үшін баратындар. Үшіншіден, әр түрлі діни белгілерді, арнайы бір ұйымға тәуелділігі, мемлекеттік нышандар мен өзі табынатын дүниелерді салдыру арқылы қоғамға кім екенін таныту. Түптеп келгенде, барлық жағдайда адам өзінің психикасына байланысты, қоғамнан ерекшеленгісі келеді. Алматыда денеге сурет салдыратын орындар көптеп кездеседі. Тату - біздің мәдениетке жат нәрсе. Онымен әуестенудің еш мәні жоқ, денесінде таңба басқан адамдарға біздің қоғам жиіркенішпен қарайды. Себебі, денеге сурет салу түрмемен, басқа да лас ұғымдармен ұштасып жатыр. Өзіміздің ұлттық болмысымыздан ауытқымайық жастар! Пулатова З.Т