Мен қалай "автомат" алдым

Мен қалай "автомат" алдым
жеке
блог

     Охо, ол кез тәтті бір дәурен еді ғой. Уақыт шіркіннің жарық жылдамдығындай зымырағаны соншалық, физикадан бас қатып, математикадан ми ашып жүрген күндеріміз де өткен күннің естелігі болып қалыпты. Бәлкім, студенттік күндердің естелігі тым әсерлі болатыны да осындай тәттілігінен шығар деп ойлаймын.

     Екінші курста оқимыз. Бір оқытушымыз айтпақшы, "физмат үшін бір граммға татымайтын элементарный пәндерді" оқып тауысып, күрделі пәндерге ден қойған семестр еді. Сондай қиын пәндердің бірі философия болды. Қанша оқимын, тегі миыма кірмейді. "Философияны оқығанша, математиканың есебін шығарған артық" дегенім өз ортамызда нақылға айналып кетті. Аптасына бір рет лекциясы, екі мәрте семинар сабағы болады. Лекцияға қатысудан қара оздырмаймын, дәптерде барлық тақырыптар тізіліп тұр. Қырсығында семинарға келгенде сүрінем. Сүрінгенде де құлап барып, тұра салсам жақсы ғой, тырп етпей жамбастап жатып алам. Сол халіммен оқитынымды алып, ары төңкерем, бері төңкерем... "Философия - ғылымдардың атасы" дейді апайымыз сұқ саусағын көкке қарата нұсқап. "Е, бәсе, кез келген пәнді бірден ұға қою қиын, неге десем, аталары мылжың екен ғой" дедім бірде оқытушы жоқта әртістігіме салып. Бәрі қыран-топан.

     Не деген көп термин. Термин емес-ау, теріңнен миыңды аршып алатын сөздер. Жаттап та оқыдым, елестетіп те оқыдым, бейнелеп те оқыдым. Жоқ. Нәтиже - "zero". 

     Апай да қасарыс-е-е-еп алады ғой. Сабақ сайын менен сұрайды. Менен бұрын сұрағандардан бір нәрсе ұғып алайын деп ойлаймын ғой, қайдағы, бірінші боп мені атайды. "Толқынов" - дейді журналынан көз алмай. "Дайын емеспін" - деймін орнымнан зорға көтеріле міңгірлеп. "Отыр, екі!" - дейді кезекті бағасын қойып жатып. Сүлей-сапа сұлқ отырам. Сабақ сайын осы көрініс. Екіліктердің саны оннан асқан шығар. Жағдайымның қиындап бара жатқанын сезем. Не істеу керек?..

     Бір күні үйдегілер сабаққа киіп жүрген күртешемді жуып тастапты. Ертеңінде киейін десем, кеппеген. Енді қайттім? Ауылда кешкі "прогулкаға" киіп жүрген дәл сондай сұр күртешем бар-тұғын. Аздап кірленіп қалған. Амалсыз соны кидім де, жөнелдім. Кимейін десем, күн салқын. 

     Қырсық шалған деген осындай болатын шығар. Бірінші пар - философия. Автобус болса уақыттан кешігіп келе жатыр. Алқын-жұлқын аудиторияның есігін қақтым. "Кіріңіз" деген дауысты естіп, ішке ендім.

- Ә, Толқынов, сізді іздеп, дауысыңызды сағына бастап едім... Қайда жүрсіз?

- Кешіріңіз, автобус кешігіп...

Көзәйнегінің үстінен мен жаққа екі көзі тесіле қарап тұрды да,

- Отырыңыз, - деді.

Соңғы парта бос екен. Отыра бергенім сол еді,

- Студент деген таза киініп, кешікпей жүру керек... Толқынов, мен сізді көшеде көрсем, студент емес, бомж ба дер едім, - деген зілді дауысты естідім.  

     Өз кінәмді түсініп тұрмын. Егер мына кінәлауы жөнсіз болса, мектеп кезіндегідей есікті бір теуіп, шығып жүре берер едім. Оқушы кезімде ондайдың талайы болған. Мына жерде өйтуге болмайды. Есім ауып қалғандай күй кешіп отырмын.

     Өз-өзіме қаным қайнап отыр. "Атаңа нәлеттің баласы, киім құрып қалғандай... Кеппесе де киіп кету керек еді... Сабаққа бекер кірдім... Үйдегілер де қызық, ертерек жуып қойса қайтеді..." - ойым бірде анда, бірде мұнда. Көңіл-күй деген атымен жоқ. Намыстан өртеніп барам. Әлгі аты құрғыр жаман теңеуі миымды шұқып, құлағымнан түбінде қайта-қайта ызыңдай береді. "Бір амалын табу керек", - деп аялдамада ойланып тұрмын.

     Гоголь көшесінде Чехов атындағы кітапхана бар. Сол жерде нағашы әпкем жұмыс жасайды. "Қайдан тапсаңыз да, маған философия деген кітап тауып беріңіз" - дедім аман-саулықты сұрасқан соң. Жиені айтқанда жан қалсын ба, архивтерін біраз ақтарып, шыққанына отыз жылдай уақыт болған "Философия және культурология" деген кітапты қолыма ұстатты. Тақырыптарын түгендесем, тура біз өтіп жатқан тақырыптар. Ал, кеп оқы.

     Философияның семинары басталды. Оқытушы әдетінше мені атады. Тұра салып, сарнай жөнелдім. Әйтеуір түсінгенімді шатып-бұтып айтып шықтым. Бәрі аң-таң. 

- Сенсация! - деді апай орнынан тұрып. - Толқынов бүгін таң қалдырды. Сізді бүгін танымай тұрмын, Еркебұлан. Жағдайыңыз қалай? (Сол күні есімімді бірінші рет атаған шығар)

- Сіз жақсы баға қойсаңыз, жақсы болады, - деймін қутыңыма басып.

- Жағдайыңыздың менің қоятын бағама қарап тұрғаны қызық екен. Ал қоймасам ше?

- Онда нашар.

- М, отырыңыз. Алдыңғы алған бағаларыңызды ескеріп, сізге "төрт" қоям.

Ухххх! Жеңдім-ау! Кімді немесе нені екенін білмеймін. Дәл сол сәтте жеңімпаздың күйінде болдым. Терең демалып, кітапты қайта қолыма алдым.

     Содан кейін сабақ сайын "бестік" алам. Тіпті, аудиторияда пікірталас жасап жіберетін шақтар да болды. Тоқсан минуттың қалай өткенін білмей қаламыз. Менің философияға деген қызығушылығым шынымен артты. Бас алмай оқыдым. Баға үшін емес, өзім үшін, таным-түйсігім үшін оқыдым. Ақырында сессия кезінде "автомат" бестік алдым. 

- Нағыз жігіт екенсіз, Еркебұлан. Рухыңыз тірі екен. Намысыңызға бір рет тиген едім, философияның күл-талқанын шығарып жібердіңіз. Намысшыл қасиетіңізді бойыңызда сақтай білсеңіз, алдағы күндерде шығатын белестеріңіз бен бағындырар биіктеріңіз көп болады. Мен соған сенем, - деген еді сонда оқытушымыз "зачеткаға" баға қойып жатып...

      Міне, менің оқиғам. "Өзен ағысына екі рет кіре алмайсың" деген...