Мен және Массагет: "Мен қалай редактор болдым?"

Массагет өмірімнің бір бөлігіне айналып кеткелі қашан?! 16 желтоқсан Тәуелсіздік мейрамында түнгі сағат 12-де Ғаламтор кеңістігіне ақ арманын арқалап жол тартқан төл жоба, сүйікті Массагет құдды бір жақын жанымдай. Біреу сын айтса, қызғыштай қорғаймын, мақтау естісем, марқайып, көңілім көл болады.

Он.кз-ке контент-менеджер болып жұмысқа орналасқаннан кейін, мені қиындығы мен қуанышқа толы күндер күтіп тұрды. Тапсырмаларға асқан жауапкершілікпен қарауға тырыссам да, университетте оқып жүріп жұмысқа төселіп кету оңайға соққан жоқ. Сергей Лукьяненко, Анна Гавальда сияқты тағы басқа қаламгерлердің еңбектерін түнімен қазақшаға аударып, бірігіп айдарлар концепциясын жасадық. Бәрін нөлден бастадық. Бәрін қолымызға қалам алып, сыздық. Бір емес, бірнеше рет. Бәрі дайын күйінде тұрған қазіргі кейпінде "Несі қиын оның?" деушілер табылар. Эх... Кейде жұмысымды жүйелі жасамай, бастықтың кабинетінен жылап шыққан кездерім болғанын да жасырмайын. 

Сол кезде бастығымыз тапсырмаларды көп бере отырып, шыңдаған екен-ау мені. Қатты айтып, ысылтқан екен-ау. Жаңа жобаның редакторлығына осылай дайындаған екен-ау деп ойлаймын қазір. 

Сенімсіз болмадық. Алғаш ашылған кезде. Өз аудиториясын жинайтынына сендік. Бірақ... Қаншалықты жинай аламыз? 1 мың? 2 мың? Бәлкім 500 адам кірер? 

Күніне порталға орта есеппен 36 материал шығып жүр. Кейде шабытымыз ашылып кетіп, 40-тың үстінде материал шығарып жібереміз. Менің ойымша, бұл аз көрсеткіш емес. Және Массагет қазақ интернетіндегі қазақша сайттар арасында бәсекелестіктің тууына себепкер болды деуге болады.

Еңбек демалысыма Оралға кеткенде, әрдайым Массагетті сағынамын. "Материалдар не болып жатыр екен?" Ойға оралатын алғашқы сұрақ осы. Сосын ұялы телефоннан болса да, бір көріп шығамын. :)

Массагетте жұмыс жасайтын жастар барынша жан-жақты болуға тырысамыз. Оқырманға қажетті ақпарат беру үшін ана тіліміздің бір өзі жеткіліксіз. Сондықтан, редакция мүшелері орыс тілімен қатар, ағылшын тілін де үйреніп жүрміз. Абайдың өзі "Ғылымның бәрі орыста" деп айтып кеткен. "Кім ақпаратқа ие болса, сол әлемді билейді" деген бұлжымас қағида бар тағы. Заманауи адам бәсекеге қабілетті болу үшін орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеруі керек. Айтпақшы қазіргі орыс прозасынан Виктория Токарева мені өзіне ғашық қылды. Сіз де бір оқып көріңіз, бас алмай қалатыныңызға мен кепіл :) (Әсіресе, мені түсінгісі келетін жандар Токареваны оқысын :))

Бүгінде порталға гугл аналитикс бойынша, 10 мыңнан аса адам кіріп жүр. Демек, Массагет 10 мың адамға керек, демек, Массагетті 10 мың оқырман іздейді. Бізді алға жетелеп, шабыт беретін де осы сөз. Біз 10 мың адамға керекпіз, Сізге керекпіз!

Мен осы жүрекжарды жазбамда Массагетімізді жасауға атсалысып жатқан барша ағайынға алғыс айтсам деймін.

Порталға әлі де бұдан да қызықты материалдар жарияланатын болады. Тұсауы енді кесілген Массагеттің жоспары таудай! Ғұмыры ұзақ болса екен деп тілеймін. 

Массагет.кз-тің шығарушы редакторы Мейіргүл Оңғарова



Бөлісу: