ӨЛІАРАДАҒЫ ОЙ

Қарашада қимайтындай кімім бар?!
Әрі кетсе бір өлеңдік мұңым бар...
Жазылмаса оның да жоқ салмағы,
Желтоқсанға жүк болмайды мұным дәл.

Күтеміз деп күзге тағы алдандық,
Бізді алдайтын жалғандық қой, жалғандық!
Өзімізді ақтау үшін кінәні,
Күзге аударып қарғандық...

Бірақ содан ештеңе жоқ өтелген,
Тек қараша қайғымды үнсіз көтерген.
Өкініштер өртей-өртей өзекті -
Көңілімнің еті өлген...

Менің әнім жазылмайтын жара ғой,
Өліарада тағы өксіп қалады ой.
Саған менің өкпе артар жөнім жоқ,
Кінәсіз күз, қоштасайық, бара ғой !



Бөлісу: