"Дети пашли орману саңырауқұлақу" немесе Нөкетайдың мазмұндамасы

"Дети пашли орману саңырауқұлақу" немесе Нөкетайдың мазмұндамасы
жеке
блог

Кеше  көк базарда  менімен бір жас әйел амандасты. Танығам жоқ. Бірақ, сыпайылық сақтап, сәлемін алдым. Әлгі әйелді танымасам да от шашып тұрған  қара көздерін  "қайдан көрдім?"   деп қалғаным рас. Артыма бұрылып қарап едім, мені көзімен ұзатып салып тұр екен. "Құдай-ау, мынау Нөкетай ғой! Нұрсәуле ше? Кластасым."

 

Біз 1-інші сыныпқа бірге барғанбыз. Қолына аттестат алған бойда күйеуге "қашып кеткен" Нұрсәулені (біз оны Нөкетай дейтінбіз) көруім осы! Тек көздері ғана өзгермепті. Сол баяғысынша от шашып тұр. Сұмдық өжет қыз болатын. Екеуміз асығыс екендігімізге қарамай, балалық шаққа  саяхат жасап, базарды басымызға көтердік.

 

Еркекшоралау, ерке қыз  бұрын ойындағысын ірікпейтін. «Апай, кеше күні бойы доп ойнаймын деп,  әбден сілем құрып, сабақ оқығам жоқ» дейтін ол тапсырманы орындамай келген күні. Немесе «Осыдан артыққа менің миым жетпейді»  деуші еді ол мұғалімнің көзін бақырайтып қойып. Менің тағы 1 есімде қалғаны — оның орыс тілі сабағындағы мазмұндамасы. «Тақтаға ілінген суреттен көрген-білгендеріңді дәптерге  түсірулерің  керек. Тапсырма аса қиын емес» деді апайымыз. Біздер  өлген орыстың моласы  жоқ жерде өстік қой. Тыраштанып-ақ жатырмыз.

 

Ертеңіне мұғалім Нөкетайға  тақтаның алдына шығып, мазмұндамасын оқып беруін сұрады. Мазмұндамасы — жалғыз сөйлем.  «Дети пашли орману саңырауқұлақу»  деді  ол мәнерлеп тұрып. Балалар қыран топан. Нөкетай аң-таң. Мұғалім сұп сұр. Сірә, ол кісі  мұны  «шектен шыққан тәртіпсіздік» деп бағаласа керек. Бірақ, мүлдем олай емес-тұғын. Нөкетай қаншалықты өжет болса, соншалықты аңғал, ақжүрек  еді. Түк өзгермеген. Сол қалпы. Қатты қызығып кеттім...