Репортаж

Бір апта бұрын «Медианет» журналистика мектебінде «Репортаж» жанры бойынша, өзіме өте қызықты сабақ өттік. Бізге дәріс беріп, тәжірибесімен бөлісетін - Нәзия Жоямергенқызы. Ол «Репортаж» деген ұғымды санамызға құйып, үйге тапсырма берді. Тапсырма, өзің қалаған тақырып бойынша, репортаж жасап келу. Менің таңдаған тақырыбым «Кинотеатрдан көргендерім», яғни ол жақтағы байқағандарымды сөзбен суреттеп жеткізуім керек.

Сабақ бітіп, сыртқа шыққан бетте «Жібек жолы» кинотеатрына асықтым. Бірдеңені сезгендей асыққаным жақсы болыпты. Барсам, менің көргім келген кино 2 минуттан кейін басталады екен және ең соңғы 2 билет қалыпты. Оның өзі бір жерден емес, екеуі екі жақта, ең шеткі орындықта орналасқан. Ойланып тұруға еш уақыт жоқ, амалсыздан алдым. Өйткені менің артымда кезекте қаншама адам қаумалап тұр. Бәрі де осы киноны көргілері келеді. Мен соңғы билетті алып қойған соң, олар «ендігі сеансы» - қаншада деп жанталасып сұрап жатты...

Кинотеатрға кірсем іші адамға лық толы. Қараңғы болса да орнымды тез таптым, себебі шатасатындай басқа бос орын жоқ. Әлі де бастала қоймапты. Жақында кинотетрлардан көрсетілетін кинолардың жарнамасын беріп жатыр екен. Жанымдағылардың бәрі бір-бірімен сөйлесіп, поп-корнды да қолдары көз ілеспес жылдамдықпен ауызға салып жатыр. Пакеттерінен әлі де сақырлатып әлдене іздеп жатқандар бар... Кино басталатын кезде не іздейтіні қызық. Олар осы жерге құдды кино көру үшін емес, ішіп-жеп, бір арқа-жарқа  сөйлесуге келгендей. Мен киноның басталуын іштей тынышсыздана күттім.

Кино басталды... Басталғаннан көзіңді жаулайтын бейнелер көрсетіліп, мен енді сол бейнелердің ішіне еніп кеткендей болдым. Өйткені жанымдағылар тынышталмағанмен, олардың дыбыстары үйдің сыртында қалғандай...



ЫМЫРТ. ТАҢСӘРІ.


Қызыл гүлдің желек ашып жатқан бейнесі – қанталап тұрған көзге айналады. Басты рөлде ойнайтын Бэлла мына өмірге қайта келіп, көзін ашқанда қызыл көзді қанішер болып оянады.

Ал өзі өмірге әкелген сәби жартылай адам, жартылай қанішер. Бэлла көзін ашқанда қасында өзінің сүйікті жары Эдвард қарап тұрады. Ол Бэлланың адам кезіндегісінен де гөрі шырайлана түскеніне сүйсініп тұрады. Ал Бэлла өз бойындағы қанішерге тән қасиеттердің пайда болғанын, күшінің еркінен тыс көптігін байқай бастайды.

Өзінің адамдық өмірін айырбастап, дүниеге әкелген сәбиін көргісі келеді. Алайда Эдвард оған оның күші қазір бәрінен көп екенін түсіндіріп, оны басқара білу керек екенін айтады. Содан соң Қанішерлердің қасиеттерін орман таудың арасына апарып егжей-тегжейлі түсіндіруге кіріседі. Ол жердің табиғатына көзің тоймайды, жан-жағың жап-жасыл желектер, аспанмен астасып тұрған заңғар таулар, көкті тіреп тұрғандай ұзын ағаштар, сарқырып биіктен төмен ағып жатқан сарқырамалар көзіңді қарықтырады. Ал Бэлла мен Эдвард сол жерлерден еш кедергісіз көз ілеспес жылдамдықпен жүгіріп келе жатыр... Биік жардан да қорықпай секіреді. Олар алғашқы аңшылыққа шықты. Алыстан жанын шүберекке түйіп тауға өрмелеп бара жатқан адамды көріп, Бэлла соған қарай атылады. «Адамды құтқару үшін»-деп ойлаған едім... Жоқ! Ол адамның қанын ішкісі келген секілді. Бірақ оны Эдвард жарты жолдан тоқтатып, райынан қайтарды. Ол «біз адам қанын ішпеуге тиіспіз» дегендей болады. Енді ол елікті аңдыған арыстанды көріп қалып, соған қарай ұмтылады. Сосын алпамсадай арыстанның мойнынан қыршып тістеп құлатады. Артынан жеткен Эдвард оның Қанішердің қасиеттерін тез меңгергеніне сүйсініп, күлімдеп тұрады.

Сонымен Эдвардтың бүкіл туысқандары жиылып, Бэллаға қызын көрсетеді. Есімі – Рэнэсми. Сүп-сүйкімді сәби анасына күлімдеп қарап тұрады. Ал Белла тебіреніп қызды қолына алғанда, қызы жайлап қолын анасының бетіне тигізеді. Сөйтсек бұл қыздың өзгелерден ерекше болып жаратылғандығының бір белгісі, басқамен қатынас орнату тәсілі екен. Қыздың тағы бір ерекшелігі – тез өседі. Шашы қалың әрі ұзын, өте сүйкімді сұлу қызға айналады.

Бәрі жақсы еді... Бірақ аяқ астынан бастарына бір қорқыныш төнеді. Бэлла қызын аппақ далада қыдыртып, айналасымен таныстырып жүрген еді. Үлбіреп тұрған сүп-сүйкімді қыз қолына жауып жатқан ал ұлпа қарды алақанына қондырып, қызығып қарайды. Тағы біреуін қолына қондырмақ болғанда өзі де жайлап аспанға ұша бастайды. Сол кезде, кенеттен... Қатыгез, мәңгілік өмір сүретін жас балаларға жаны қас, қара ниетті қанішерлерге сатылған туысқан әйел көріп қалады. Ол қара ниеттілердің басшысына айтып барған соң, олар осы қызды өлтіруге дайындала бастайды.  Мына жақта олардың сол ниетін сезген Рэнесмидің бүкіл туысқандары, қарсы шығуға әрекет жасайды.

Содан дүние жүзі бойынша әр түрлі қасиеттері бар Қанішер қызыл көзділер жиналады. Олардың басты мақсаты соғысу емес, алдымен қыздың Адам екенін дәлелдеу болады. Егер сенбесе, өздері де құр алақан отырмау үшін қарсы қол жинай бастайды. Онымен қоса Джейкоб деген қасқыр досы, бүкіл қасқыр достарымен қарсы шығуға уәде береді.

Сонымен ол күн де келіп жетті... Аппақ қар басқан жазық далада бүкіл қызды қорғауға келгендер жиналып тұрады.

Арғы жақтан қара тұман секілді болып, бір қора Қара ниеттілер келеді.

Қанішер қызыл көзділерді жинап, бастап келген Рэнэсмидің атасы - Қара ниеттілердің басшысына қыздың Адам екенін, яғни мәңгілік өмір сүре алмайтынын айтады. Оның сөзіне сенбеген түрі сұп-сұр болған сұрқия, қарғаға ұқсап қарқылдап күледі. Алдымен қыздың әкесі Эдвардты тексереді. Содан кейін қызбен танысқысы келеді. Жас қызды анасы Бэлла мен қасқыр досы Джейкоб алып келеді. Бойындағы қорқыныш пен үрей болса да, Қара ниеттіге жайлап жақындаған қыз, алақанын оның бетіне басады. Сол кезде Қара ниеттінің көзі ойнақшып, барлық мән-жайды түсінеді. Осы қызды көріп, оған жеткізіп келген әйелді, жаңылысқаны үшін басын жұлып, жағып жібереді. Бірақ бәрібір «Бұл қыздың болашақта не болатыны белгісіз, ал белгісіздік қорқытады»-деп өзінің ойындағы күдігін айтады. Сол кезде Эдвардтың болашақты алдына ала болжай білетін қасиеті бар қарындасы көмекке келеді. Оның қолын ұстаған соң, сәлден кейін сұмдық басталады. Қарындасын қара ниеттілер алып қашпақ болады, оны қорғау үшін Қара ниеттілерге қарсы шыққан ағасының басын жұлып алады. Сол кезде Бэлла қызын қасқыр Джейкобтың арқасына отырғызып, қашып кетулерін өтінеді. Ары қарай бүкіл Қызыл көзді қанішерлер мен Қасқырлар, Қара ниеттілерге қарсы шығады. Кәдімгідей қырғын соғыс басталады. Бэлланың мүмкіндігі де кәдімгідей зор. Ең соңында Эдвард екеуі қосылып, Қаралардың басшысының басын жұлып алып жатқан кезде... Қарасақ қайтадан бәрі тірі... Қаралардың басшысының көзі шығып кетейін деп тұр. Сөйтсек оның бәрі тек Эдвардтың қарындасының қолын ұстап, алдын ала әлі болмаған нәрсені көріп тұрғаны екен. Өздерінің жеңілетінін біліп, олар табанын жалтыратып, зытып қалады. Сосын көмеке келген басқалары да өз жөніне кетеді.

Соңында Бэлла мен Эдвард, қызы Рэнесми мен Джейкоб қалады. Рэнесмиді Джейкобқа сеніп тапсырып, өмірлік жар етуге рұқсатын береді. Олардың барлығын тек бақытты болашақ күтіп тұрғанын, Эдвардтың қарындасы болжап, көріп тұрады... Кино "Мәңгілік" деген сөзбен аяқталады. Яғни, олардың бақыттары мәңгілікке созылады.

Сонымен кино бітті. Зал сілтідей тынып тұрған еді... Бәрі де ерекше толқынысқа толы көңілмен орындарынан тұра бастады. Арнайы пікір алмасам да, олардың киноның авторына, режиссерына риза екендігін естіп отырдым. Өзім де іштей ойладым: «Адамның қиялы ұшқыр екені рас қой, ал бірақ оны іске асырып, киноға түсіру – неткен шеберлік. Менің де Қанішер Бэлла болғым келіп кетті. Егер осындай мүмкіндік адамға берілсе, бұл өмір мүлде басқаша болар ма еді?!... Мәңгілік өмір сүрген адамды жалықтырмас па еді?!» деген, тағы сол сияқты ойлармен үйге қайттым. Басты рөлде ойнайтын Эдвардқа ғашық болып, өзімді бір сәт Бэлла сияқты сезіндім. Түнімен киноның әсерінен арыла алмадым десем де болады... Таңертең жұмысқа келген соң да, сол киноны көргендермен әсерімізді бөлісіп, көрмегендердің көзін қыздырдық.

Міне, менің жасаған кинорепортажым осылай болды. Медианеттегі сабақ үстінде бәріміз өз репортаждарымызды оқып, талқыладық. Менің репортажым бәрінің көңілінен шықты. Нәзия Жоямергенқызына да ұнады. Мен: - Минустары жоқ па? - деп едім, - Бар, бірақ аз екен - деп күлді. Сосын: - Рейтингі бойынша қарайтын болсақ, ең жоғарғысы сеніңкі! - деп қуантты. Сол күні үйге ерекше желпініп, "Маған басқасынан гөрі "Репортаж" жанры жақын екен" - деген ой түйіп қайттым.   



Бөлісу: