Жүрек қанша болса, махаббат туралы пікір де сонша

Жүрек қанша болса, махаббат туралы пікір де сонша
жеке
блог

Шыны керек, махаббат жайлы посттарды оқу мені жалықтырып жібереді. Ммм... "ол мені сүймейді", "мен оны мәңгілік сүйемін" секілді бітпейтін толғаулар басталды деймін ішімнен. Қатыгездік? Мүмкін. Бірақ мен ондай сөздерді әкем қалжыңдап айтпақшы "жүрген кезде бір, үйленер кезде бір" айтқанды қалар едім. Сол себепті бұл жазба да махаббат жайлы алғашқы әрі соңғы жазба болсын деп ойлаймын

Жиырма жылғы тәжірибем бойынша және де өзімнің "бақылаушы" табиғатымның нәтижесі қазірде менің алдыма "махаббат" ұғымын "сыйластық" ұғымымен тығыз байланыстырып отыр. 

Оқушы кездегі тізбек бойынша бүкіл сыныпқа таралатын анкеталар естеріңізде ме? Сонда "болашақ жарыңның қандай болғанын қалайсың?" дегенге бәрі де "Ол әрине мені сүю керек, сыйлау керек, мені қорғау керек", сияқты ұзақ тізімді жазып қоятын. Дәлірек айтсақ арамыздағы "ерте есейген" біреу солай жазып, қалғандары соның жауабын қайталап жазатын. Мен де қайталадым. Алайда ол кезде маған "сыйлау" деген түсінік бос сөз болатын. "Сүю" дегенді түсінесің, "қорғау, аялау" дегенді де түсінесің, ал "сыйлау" тек әріптер жиынтығы сияқты. 

Тек қазір менің ми талшықтарыма шіркеудегі ауыр қоңыраулардың ұрылғаны сияқты "адамдарды сыйлау" түсінігі жеткен тәрізді. Иә, Ватсон, бұл деген қарапайым нәрсе ғой. "ӘР АДАМДЫ ӨЗІҢДЕЙ СЫЙЛА"! (Айжан). Тек бұл сөздерді сен қаншалықты терең түсінесің? Кез келген адамды бірден сырт бейнесіне қарап сынап тастамай, әлеуметтік жағдайына қарап "ярлык" қоймай, өзіңдей қабылдай аласың ба? Өзіңнен кішіге де, кәріге де, танысыңа да, бейтанысқа да... Қандай нәсілге, дінге, биологиялық сатыдағы орнына қарамай, БӘРІНЕ де өзіңдей қарай аласың ба? Өйткені біздің барлығымыздың да Жаратушымыз  - бір...

{Сол себепті де мен боксты көре алмаймын, қабылдамаймын, қарсымын. Әкем "Руслан, жарайсың!" деп қазақ жігітіне болысып отырғанда, мен "ой, ой" деп Русланның әр соққысынан кейін тыржиып, араб жігітіне жаным ашып отырады. Әрине мүмкін мен тағы да артта қалып кеткен шығармын, бірақ қалайша бір адам еш себепсіз екінші адамның мұрнын сындырып, басын жарады? Сол қырғын үшін қаншама жылдар бойы саналы түрде дайындалып, "оны бастан ұрам, құлағын жұлам" деп неше мәрте ойша елестетеді... Не үшін? Тек өзгенің қызықтауы үшін, атақ үшін, ар үшін, "өйткені ол әлемдік спорт" болғаны үшін, "қаншама жылдар бойы келе жатқаны" үшін... Футболды түсінемін, түрлі жеңіл атлетика жарыстарын да, Ильяның спортын да түсінемін. Ал боксты жоқ. Болдым.}  

Айттым ғой, махаббат жайлы жазбалар ұнамайды деп). Сонымен егер тақырыпқа қайта оралсақ, менің айтқым келгені, нағыз махаббаттың негізі сыйластықта жатыр. Егер жұп арасында сыйластық болмаса, кішігірім ұрыстың өзінде қарым-қатынас шорт сынуы мүмкін. Ал араларында сыйластық жоқ жұптарды мүлде некеге тұрғызбау керек. Өйткені 20-30 жылдан кейін махаббат өшуі мүмкін, ал бір-біріңе деген сыйластық өміріңнің соңына дейін ол адаммен бірге тұруға себепші болады.

Ал жалпы махаббаттың не екенін кім білсін... (тағы бір рет тақырыпқа көз жүгіртіп жіберіңіз). Ол қолыңда 5 балаң болғанда, немесе жасың 61-ге келгенде, немесе әлемнің ең шеткі нүктесінде жүргеніңде кезігуі мүмкін. Тек бір кеңес: махаббат желісіне өзіңнің сүйікті радио толқыныңа қосылғаның сияқты көтеріңкі көңіл-күймен жалғанғаның жөн. Сонда бәрі де жақсы болады. 

P.S боксшылар мені сөкпейді және подъезімнің алдында күтпейді деп ойлаймын, өйткені бұл жай ғана жеке пікір)