Алматыда алғаш рет "BAQ TOGYZQUMALAQ” турнирі өтті

Алматыда алғаш рет "BAQ TOGYZQUMALAQ” турнирі өтті
жеке
блог

Алматыда тұңғыш рет БАҚ қызметкерлері күніне орай журналистер арасында "BAQ TOGYZQUMALAQ” атты турнир өтті. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Assyl Tas қорының қолдауымен ұлттық құндылықты дәріптеу, тарихы терең зияткерлік ойынды кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Алматы қаласы мен Алматы және Жетісу облыстарының БАҚ өкілдері қатысты.

Ойыншылардың көбі тоғызқұмалақты алғаш рет ойнады. Сол себепті 2 күнге жоспарланған жарыстың бірінші күні тәжірибелі жаттықтырушылар шеберлік сабақтарын өтіп, журналистерге тоғызқұмалақтың қыр-сырын үйретті.

Турнирге жалпы саны 40 қатысушы тіркелді. Тілшілер мен редакторлар, блогерлер мен телерадио саласының қызметкерлері турнирде топқа бөлініп сынға түсті. Жарыс төрешілері ойын барысын қадағалап, турнирдің тоғызқұмалақ федерациясы бекіткен талаптарға сай болуын, шын мықтылардың анықталуын ерекше назарға алды.

"BAQ TOGYZQUMALAQ” турнирінің басты мақсаты – БАҚ өкілдерінің ұлттық зияткерлік ойынға деген қызығушылығын ояту, насихатын арттыру. Турнирді ұйымдастырғандар: Тоғызқұмалақ спортының Алматы қалалық, Алматы және Жетісу облыстық федерациялары. Assyl Tas қоры, республикалық «Достық» үйі қолдау білдірді.

Тартысты бәсекеде үздік өнер көрсетіп жеңімпаз болғандар дипломдармен, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Қыздар арасында жүлделі үшінші орынды «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Қарагөз Смәділ мен «Үш қоңыр» газетінің тілшісі Салтанат Жасбатырқызы иеленді. Екінші орынмен Massaget.kz сайтының тілшісі Нұржамал Үсенова марапатталды. Ал бірінші орынды Kursiv.kz медиа агенттігінің қызметкері Ақниет Төленді иеленді.

Ал ерлер арасында спорт журналисі Нұрлыхан Жұмахан мен «Алатау арайы» газетінің қызметкері Әліби Изекенов үшінші орын алды. Екінші орынмен sportpress.kz сайтының тілшісі Нұрлан Құмар марапатталды. Ал Massaget.kz порталының  шеф-редакторы Өмірбек Сансызбай ең үздік нәтижемен жарыс чемпионы атанып, бас жүлдені алды.  

Одан өзге бірнеше журналист турнирде тартысты ойнап, жоғары нәтиже көрсеткені үшін ынталандыру марапатына ие болды. Олар: Nege.kz порталының тілшісі Динара Мыңжасарқызы, «Әділ сөз» ұйымының өкілі, ардагер журналист Ғалия Әженова, «Қазақстан» ҰТА Алматы бюросының жетекшісі Жазира Оразқызы, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Ришад Тұрғанбай және «Жетісу» телеарнасының қызметкері Данияр Мұстафаев.

Турнирге қонақ ретінде келген республикалық Тоғызқұмалақ федерациясының вице президенті, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әкім Тұрсын, Тоғызқұмалақтан мемлекеттік бас жаттықтырушы Дәулет Әбдікәрімов жарысты өте жоғары бағалап, жарыс жеңімпаздарын құттықтады.

Дәл осындай "BAQ TOGYZQUMALAQ” турнирі алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын табады.