Мен оқыған кітап

Мен оқыған кітап
жеке
блог

 Кітап- нағыз рухани байлықтың, білім мен ілімнің бұлағы. Адамзаттың сан ғасырлар бойы қолы мен ойын жеткізген ең ұлы жетістік ол- кітап. Барша адам баласының бабалары талмай еңбек етіп тарихи, рухани, тәрбиелік өсиеттерін қағаз бетіне түсірген. Сол себепті, кітап- бағажетпес мұралардың бірі. Кітапты таңдап, талдап, оқи білген адамның ой-өрісі терең, өмірлік ұстанымы мен пайымдауы, сөз саптауы жоғары деңгейде болады. Сондай-ақ, кітап арқылы әр кейіпкердің өмірін сүріп, оның сезімін толық сезінуге болады. Осылайша, оқырман әр кітаптан өзі үшін маңызды деректер мен құпия болған жолдарды аша алады. Кез- келген жанрдағы кітаптан өмірлік азық болатын сабақ алып, білімді түбінен үйреніп, санасына тереңінен қондыратын адамның болашағы жарқын болатынына кәміл сенемін. Сол себепті, мен де түрлі жанрдағы, ұлттық және шет елдік авторлардың еңбектерін оқығанды жақсы көремін.

  Соңғы оқыған және екі ойлы әсер қалдырған Ирландиялық жазушы Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» атты кітабы болды. Әңгіме мінсіз сұлу және сымбатты Дориан Грейден басталады. Дориан Грэйдің сымбаттылығына шабыттанып, суретші Бэзил Холлуорд оның мінсіз портретін салады. Бэзилдың досы лорд Гэнри өзінің аморальді ойлары мен өмірге деген көзқарасымен Дорианның санасын түбегейлі улап, жамандыққа бейімдейді. Және сол сәттен бастап Дориан Грэйдің ішінде қара мен ақтың күресі басталады. Себебі, Дориан Грэй өзінің сұлулығы мен жастығын мәңгілікке сақтап қалып, тек өзінің портретінің қартайғанын қалайды. Және өзінің өмірі мен қолындағы бар бағын өмірден тек ләззәт алып, күнә жасау мен қатігездікке арнайды. Адам өзінің қатыгездігі мен күнәләрін өмірінің соңына дейін әдемі жүзінің астына жасыра ала ма?! Әрине, жасыра алмайды. Тек бұл шындық Дорианның санасына тым кеш жетті. Бұл романның идеясы- өмірдің шын бақыты әдемі келбет пен көзбояушылықта емес, адамның өзіне деген адалдығы мен дұрыс ниетінде екенін көрсету. Себебі, сен кімді алдасаң да, өзіңді алдай алмайтының ақиқат. Адам өзінің күнәләрін жасырып, өтірікке толы өмір сүріп, шындықты жасырған сайын, ол күнәләр адамның жанын іштей жейді. Әркім өз қалауынша өмір сүреді және оның ақысын өмірінің соңына дейін өзі өтейді. Бұл да өмірдің бір жазылмаған заңы.

  Қорытындылай келе, Оскар Уайльдтің еңбегінен әр адам өз өмірі мен таңдауы үшін жауапты екенін түсіндім. Маңдайыңа қонған бағыңды ұшырып алмай, берілген ғұмырыңды дұрыс кеше білу- әр адамның қолынан келмейтіні өкінішті. Бұл кітаптың моральдық мәні де осында. «Көп жасаған білмейді, көп оқыған біледі»- дегендей, жасаған жасың емес, ғұмырыңды қалай сүргенің маңызды. Адам баласы әрқашан жақсы өмірге талпынып, ізденісте болып, кітаптан дұрыс түйін қалыптастырып, келешек ұрпаққа мұра қалдыруы- әр адамның парызы. Қазіргі қоғамның осал тұсы да осы деп есептеймін, кітап оқуға қызығушылық танытатындар саны көп емес. Дегенмен, түрлі «book club»-тардың есігі оқырмандар үшін әрдайым ашық екенін ұмытпағай.