Журналистика- жүрегімнің қалауы

Журналистика- жүрегімнің қалауы
жеке
блог

 Журналист ол- сыншы, ақпаратты жеткізуші, коммуникатор, адамдарға білім мен ілім беруші адам. Әлемдік аренадағы жаңалықтарды сүзгіден өткізіп, қоғам мен мемлекет арасындағы қатынасты құрып, байланыстыратын да журналист. Бүгінгі күн- кешегі күннің болашағы, ал бүгінгі тарихи сәттерді қағаз бетінде дерек ретінде жазып қалдыратын- журналист. Сондықтан да, бұл өте үлкен жауапкершілікті қажет ететін сала. Мықты журналистің бойында зерттеу , талдау, тайм-менеджмент дағдысы, сонымен қатар психологиялық денсаулығы мен медиа иммунитетті мықты болуы қажет. Себебі, журналист-  әлемге өз елін таныстыратын, ұлттық рейтинг қалыптастыратын, әлемдік аренадағы ең қажетті де маңызды маман иесі. Шексіз ақпаратты өңдеп, дұрыс бағыт-бағдар ұстанып, жаңалықтардан оқырман өмірлік сабақ алатындай жеткізу де оңай емес. Сол үшін де, кез-келген адамның журналистика саласында нағыз журналист маманы атанып, халық алдында өз орнын алып, биік белестер мен шыңдарды бағындыруы екі талай.

  Сондай ақ, мамандық жайлы мынадай пікір бар: «Адам мамандықты таңдайды ма, әлде мамандық адамды таңдайды ма? » Бұл әрине екі ойлы сұрақ. Себебі, әр мамандықтың адамға қоятын өз талаптары бар. Бұл сұрақтан екінші сұрақ туындайды, сонда журналистің бойында қандай қасиеттер болу керек? Бәріміз білетіндей, 21 ғасырдың әлемдік тренді- сын тұрғысынан ойлай білу, коммуникативті болу, коллаборациялар жасау және креативті болу. Журналистикадағы этиканы ұстану, ұжымда жұмыс істей білу, Осы дағдылардың барлығы нағыз журналист маманына тән нәрсе. Және мен өзімді журналистика мамандығына сай көремін. Себебі, бұл қабілеттің барлығы бойымда бар деп айта аламын. Дана бабамыз Абай Құнанбайұлы айтқандай «Сен де — бір кірпіш, дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!». Әр адам бұл дүниеде өз орнын тауып, маман атанып, өз мақсатына жетуі- өз қолында. Өзіме деген сенімділік арқылы нағыз маман атанып, қоғамның айнасы болып, халқыма қызмет еткім келеді. Журналистика мамандығын жоғары деңгейде меңгеріп, қолымнан келетін барлық шығармашылық дағдыларды пайдаланып, мықты медиа өнімдер жасап шығару- менің мақсатым.

  Қорытындылай келе, әр журналистің өз ұстанымын, суық ақылын пайдаланып, таза әрі парасыз жолда жүруі керек деген ойдамын. Себебі, БАҚ көздері саяси басқарудың да мықты қаруы деуге болады. Жаңалықтарды дұрыс жеткізу, ақпаратты оқырманның санасына қондырудың өзі бір өнер. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамды бағындыруға да, тіпті дұрыс бағытта ілім беріп, пайымдауын өзгертуге де болады. Журналистика мамандығын таңдауымның басты себебі де осы. Журналист- қоғам мен мемлекет арасындағы көпір. Мен мемлекет үндеуін халыққа емес, халық үндеуін мемлекетке жеткізетін журналист атанғым келеді.