Балалар қызыққан ғылым

Жыл сайын елімізде мектеп оқушыларын ғылымға баулу мақсатында Республикалық ғылыми жобалар конкурсы өтеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен суырылып шыққан жас ғалымдар республикалық байқауда бағын сынайды. Өздерінің жылдар бойы зерттеген жобаларын қорғап, қоғамға пайдасын тигізетін өнертабыс ойлап табады. Мен бұл жарыста екі рет бағымды сынадым. 2023 жылы Аудандық және қалалық конкурстан мүдірмей өтіп, қазақ әдебиеті секциясы бойынша Республикалық «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы атандым. Ал осы жылы тарих секциясы бойынша үшінші орынды қанжығама байладым. Ғылыми жоба – бұл тек зерттеу емес. Өз оқиғаммен бөлісер болсам, ғылыми жобамен айналысу арқылы қызыққан тақырыбыңды зерттеуді, сауатты жазуды, слайд және мәтінмен жұмыс істеуді, жобаны қорғауды, ортада сөйлеуді, оратор болуды үйренесің. Жобамен айналысудың әрбір этапы сынақтардан күдірмеуді үйретеді.
Ең бастысы, зерттеген жобаңның ғылымға пайдасын тигізуі – әрбір жас ғалым үшін үлкен жетістік. Айта кеткен жөн, республикалық кезеңге тест арқылы өту үшін секция бойынша таңдаған пәнді 100% меңгеру қажет. Менің жобамның тақырыбы «Қытай-қазақтарының түрме әдебиеті» болатын. Мемлекеттің саясаты әсерінен еш жазықсыз түрмеге тап болып, зынданда өз шығармаларын жазған ақын-жазушылардың шығармасын зерттеу оңайға соққан жоқ. Ақын-жазушылардың шығармаларын қазақтағы «түрме әдебиеті» деп жаңа жанр ретінде қосуды ұсындым. Сірә, тақырыбым тың әрі жастардан ешкім зерттемеген тақырып болғандықтан жеңімпаз атанған болармын. Десек те, жобамның мақсаты қытай-қазақтарының түрме әдебиетін жас ұрпаққа дәріптеу арқылы бойындағы патриоттық сезімін ояту болатын.
Бірінші маусым күні Балаларды қорғау күніне орай, Алматы қаласының қақ ортасында «Jas Galym. Science Quest» семинары өтті. Бұл семинарда қалалық жеңімпаздар бас қосты. Қонақ ретінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келіп, бізбен әңгіме-дүкен құрды. «Engeneering», «Art», «Technology» станцияларын аралап көрді. Жас ғалымдар квест форматында ұйымдастырылған шарада өздерінің ерекше жобаларын таныстырды. Оқушылардың өз қолынан, қиялынан туған туындылар, конструкторлардан жасалған роботтар, голограмма, жаңа 3-D көзілдірік, пластиктен өңделген жаңа құрылғылар таңғажайып сезім сыйлайды. Құрылғылардың әрбір бөлшегін жасау үшін қанша уақыт жұмсаған десеңізші! Мемлекет басшысы жобаларды бағалап, балаларды мерекесімен құттықтап, одан әрі ғылыммен айналысуға жігерлендірді.
Ғылым адамның дүние және оның заңдылықтары туралы білімін қамтиды. Абай атамыз 10-қарасөзінде «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ» - демекші, оқып білмек керек. Менің бұл жолғы зерттеуім оқушы ретінде жазған соңғы ғылыми жобам болмақ. Мектебімді бітірсем де, ғылыммен айналысуды тоқтатпаймын. Болашақта жасанды интеллект көмегімен өзім таңдағалы отырған журналистика саласына жаңа екпін әкелсем деген мақсатым бар. Бәрі уақыт еншісінде...



Бөлісу: