Қатынастардың бұзылу себептері

Адам атаулы жаралғалы жалғыздыққа үйренбеген, өзгелермен тілдескісі, сөйлескісі келіп тұратыны хақ нәрсе. Бабаларымыз "жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше" деп тектен текке айтпаса керек, мүлдем танымайтын адаммен бір сөйлесіп-ақ оны өзімізге жақын етіп ала аламыз. Алайда, кейде тіпті ең жақын жандардың арасында да дау туындап, арақатынастар үзілуі мүмкін. Сыры неде?

Әрине бұл зерттеуді талап ететін өте күрделі мәселе. Өйткені әрбір қатынастың үзілуіне себеп болатын ренішке әрқилы дүниелер түрткі болады және барлығына ортақ нәрсе жоқ сияқты. Біреулер қызғаныштан ренжісе, біреулер сатқындықтан көңілі суиды, ал, біреулер ашу-ызадан айырылысады. Бірақ та, байқауымша барлығына ортақ бір дүние бар, ол - түсініспеушілік. Біз бір көрген адаммен де жақын дос, құрбы болып кетуіміз мүмкін. Тіпті, кейде ет жақын бауырымыз секілді болып кететіні рас. Өйткені біз сол жанның ішіне үңілеміз, біз оны түсінеміз. Біз оның қуанғанда қаншалықты бақытты болатынын, мұңайғанда қаншалықты азапталатынын түсіне аламыз, біз өзімізді оның бейнесінде көре отырып оның ішкі тебіреністерін ұғынамыз, біз түсінеміз. Жаратылыстың заңы сол, түнекпен қатар жарық, жақсылықпен қатар жамандық бар. Сол сияқты табысумен қатар айырылысу бар, ал, екеуінің де түбінде түсіністік жатыр. Егер біз адам жанын түсінуден қалсақ, онымен болған байланыс та үзіле бастайды. Неге сіз ең қатты жақсы көрген жаныңызды иттің етінен жек көріп кеттіңіз? Ол сізге ең қымбат жан еді ғой. Себеп біреу, ол - түсініспеушілік. Біз айырылысқан сәтте ол жанды түсінгіміз, ол жанның ішкі дүниесінде не болып жатқанын білгіміз келмейді. Біз бар жоғы жалтарамыз, сылтау іздейміз, бар кінәні өзгеге арта саламыз. Ал, егер сол сәтте ол жанды түсіне алғанымызда біз оған қайта кешірім берер едік. Мысалы осы сөздерден соң сіз мені жек көруіңіз мүмкін. Өйткені сіз менің айтқым келгенін, әлем туралы ойларымды толықтай түсінбедіңіз. Өз кезегінде түсінудің орнына жеккөрушілік атты қараңғы бөлмеге тұмшаланып алып, сылтау іздеуіңіз мүмкін. Бар ақиқат - осы! Алайда, түсіну деген өте қиын нәрсе. Біз адам жанын бір ғұмыр бойына түсінбей кетуіміз мүмкін. Меніңше адамдарды түсіну үшін оның ішкі азаптарына үңілуіміз керек. Алайда өзгенің азаптарын түсіну сол жанды толық ұғына алу дегенді білдірмейді. Өйткені сол азапқа түрткі болған жағдайды сіздің қабылдауыңыз сол жандікіне ұқсамауы мүмкін. Ақыр аяғында қуысқа келіп тірелдік. Бәлкім мұның бәрі жай ғана ақымақтық болар, кім білсін?!

Қорытындылай келе айтарым, қай кез болмасын, өзгенің жанын түсінуге тырысыңыз. Кез-келген шешімді сол жанды түсінгеннен соң ғана шығарыңыз. Бастысы бақыттың түсіністікте екенін ұмытпаңыз!



Бөлісу: