Хабарлама

Хабарлама
жеке
блог

Түн кеп тағы кірпігіме орнады,
Тереземді тырналайды ескі үміт.
Телефонды қолыма алсам болғаны,
Сенің үнің қалатындай естіліп.

Мұңлы әуенге елітеді жан-денем,
Жапырақтай дір-дір қағып күздегі.
Ал содан соң өз ойыңмен әурелен,
Көп қиялдың көшіп сансыз тізбегі.

Іздейсің бе,сіз дейсің бе еркелеп?
Ағаң болып жарыта алсам игі еді.
Сені сезім еліктірді ертерек,
Күйретеді көңілсіздеу күй мені.

Жанарыңнан көріп тағы сан арай,
Өң мен түстің арасында хал кешкем.
Кеткем сосын Есентайды жағалай,
Шығара алмай Мүкең жазған әнді естен.

Сол әуенде жазылғандай тағдырым,
Іздерім де қалып жатты жол жұтқан.
Ұмытпаққа мұңдарымның барлығын,
Сүйгем сені,сүйгем тағы сондықтан.

Абайсызда жүрген болсақ сүйіп қап,
Екумізде жоқ та шығар жазық шын?
Телефоныңы күте-күте ұйықтап
Кеткенімде хабарлама жазыпсың:
“Қайырлы түн!”....