Агенттiң әлегi

Агенттiң әлегi
жеке
блог

Агенттiң әлегi

Бұрынғының жастары сүйгенiне жүрекжарды сөзiн өз аузымен айтуға жүрегi дауаламай, жең­гесiне жүгiнсе, бүгiнгiнiң жастары ғаламтордағы ғашығымен тiлдесу үшiн теңгесiне жүгiнетiн заман туғанына Сiз бен Бiз куәгер болып келемiз.
Агент десе iшкен асын жерге қоятын даусыз дертке ұшырадық бұл күнде. Жайшылықта күнделiктi шаруаны ертеңге қалдырып үйренген мына бiз, ұялы телефонымызға агент “ұя салғалы” заманауи техниканың құрбанына қалай айналғанымызды байқамай да қалдық. Өзiңiздiң күнделiктi мiнiп жүретiн қоғамдық көлiктi алып қараңыз: әр орындықта жайғасқан жас қауымның назары ұялы телефонда, агенттiң “әлегiмен” түсетiн аялдамасынан асып кеткенiн де аңғармай қалып жүр. Бұл тек автобуста ғана емес, сабақ үстiнде, ұйқыға жатар алдында, тiптi ас iшiп отырғанның өзiнде “онлайн” болып отыратындар бар. “Болашақ жастардың қолында” деймiз-ау, жастардың қолында болашақ емес, ұялы телефон ғана жүрген сияқты болып көрiнедi.
Агент еңбектеген баланың да, еңкейген кәрiнiң де ойын жұтуға айналған аждаһа секiлдi. Оның сананы улап, көздiң көруiн нашарлататынын, есте сақтау қабiлетiн төмендететiнiн және психикаға керi әсерiн тигiзетiнiн медицина әлдеқашан дәлелдеп қойған. Соны бiле тұра, онда отырушылардың қатары күн санап артып келедi.
Агент бiреу үшiн қызық. Ендi бiреу үшiн – зая кеткен уақыт. Таяқтың екi ұшы болатыны сияқты, мұның дұрыс жағы да, бұрыс жағы да бар. Ғаламтор арқылы танысқан кездейсоқ кездесулер – бiреулер үшiн бақыттың бастамасына айналып та жатыр. Осы агенттiң көмегiмен танысып, шаңырақ көтерген құрбыларым бар. Олардың дәм-тұзы жарасып, ұрпақ өсiрiп, өнегелi отбасына айналса, бұларды қосқан агенттiң кiнәсi не?
Сонымен бiрге атқан таңы агентпен басталып, агентпен бататын азаматтар да көп. Алтын уақытымыздың қадiрiн бiлмей, күн ұзақ телефон экранына телмiрiп отырғанша, адами болмысымызды қалыптастыру үшiн рухани байлықтың көзi – кiтап оқыған әлдеқайда артық. Бiрақ, бiздер көз майын тауысып кiтап оқығанша, мобильдi агентке лек-легiмен келген хаттарды оқығанды тәуiр көремiз.
Тағы бiр айта кететiн маңызды мәселе бар. Ол – агенттегi қарiп, яғни, тiл таңдау. Онсыз да ойсырап тұрған тiлiмiзде сауатсыз жазатындар бар. Грамматикалық қателер көзге ұрады. Тiптi, мобильдi агенттiң әлiпбиi пайда болып, өзiнiң “тiлi” қалыптасып келе жатқандай. Қарапайым сәлемдесу “прив”-тан басталады, “қалайсың?” дегенi – “каксың”, “не жаңалық” – “не жана?” я болмаса, “не жнлк?” болып, рақмет сөзi “раха!”-ға айналып кеткен. Осылайша, ананың сүтiмен бойымызға сiңген туған тiлдiң тағдырына өзiмiз тосқауыл қойып жүрмiз. Мағжан бабамыз тебiренiп, мақтанышпен сипаттаған “Таза, терең, өткiр, күштi, кең” тiлiмiздi өзiмiз қақ ортасынан шорт кесiп, өзге тiлмен шұбарлап, байлап-матап тастадық. Жаһандану үрдiсiне бой алдырған бұл дәуiр қоғамның өзгеруiне тiкелей ықпал етуде. Ал адамзат өзi жасаған техниканың құлына айналып бара ма, қалай өзi?

Балжан Бекмағамбетова