Оңтүстік Корея-Жапония арасындағы жер дауы

2023 жылдың 9-12 шілде аралығында Кореяның  Нэйль газеті мен Халықаралық білім беру институтының қолдауымен «Әлемдік Токто тілшісі» жобасы жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Бұл жобаның аясында  әлемнің 30 елінен келген 30 студент Корея мен Жапония арасындағы даулы жер – Токто аралына барып қайтты. Алайда кеме аралдың жағасына дейін барғанымен, теңіз толқыны тым көп қағып, тоқтай алмай кері қайтты.

Токто аралы Кореяның Уллың аралынан 87 км, ал Жапонияның Оки аралдарынан 158 км қашықтықта орналасқан, жер аумағы шамамен 19 гектарды қамтитын шағын арал. Б.з.б. 4.6~2.5 млн жылдар арасында жанартаудың атқылауы нәтижесінде құрылған бұл тасты аралда өмір сүру тым қолайсыз. Бірақ соған қарамастан қазіргі таңда бұл жерде Кореяның қарапайым халық қатарынан жалғыз бір кісі мен 47 мемлекеттік күзет қызметкерлері тұрады. Осыған орай жапон үкіметі «Жапонияның Такешима аралын (Токто аралының жапон тіліндегі атауы) Оңтүстік Корея заңсыз иемденіп отыр», - деп кінәлауда.  Ал Корея болса өз кезегінде тарихи тұрғыдан да, географиялық және халықаралық құқық тұрғысынан да Токто – корей жері деп өз құқығын қорғауда.

17 ғасырда басталған екі ел арасындағы дау 2023 жылдың наурыз – сәуір айларында да үкімет деңгейіндегі талас-тартыс ретінде жалғасын тапты. 17 ғасырдан бастап 20 ғасырға дейін жапон билігі Токто аралын корей халқының жері екендігін мойындағанымен, жапондық балықшы-саудагерлер оны заңсыз пайдаланып келді. 20 ғасырдың басында корей жеріне байланысты жапон отаршылдығы басталып, Токто толықтай Жапон империясының қоластына өтеді. 1945 жылы отаршылдық тарихы бітіп, корей халқы өз жерін кері қайтарып алғанымен, Токто аралы одақтас мемлекеттер бекіткен келісімшартқа тіркелмей, екі ел арасында даулы жер болып қалып қояды.

Яғни, сол заманда одақтас мемлекеттер атынан халықаралық бейбітшілік келісімшартын жасаған АҚШ өзінің геосаяси мүддесін ойлап, Токтоны жапон жері деп мойындайды. Алайда Ұлыбритания АҚШ-тың бұл пікірімен келіспей, ақыры Токто мәселесі шешімі жоқ дау болып қалып қояды. Кейін корей үкіметі АҚШ-қа бұл мәселені қайта қарастыруды сұрағанымен АҚШ өз шешімін өзгертпейді. Соның салдарынан Жапония әлі күнге дейін Токто аралын өзінің жері ретінде санап, корей үкіметі оны заңсыз пайдаланып отыр деп кінәлауда.

Жапонияның  осындай пікірі корей халқының жанын жегідей жеуде. Сол себепті Токто дауы корей халқы үшін отаршылдықтың жалғасы ретінде бағаланып, БАҚ көздерінде психологиялық соғыс ретінде жалғасын табуда.
Алайда АҚШ пен Қытай арасындағы әлемдік үстемдік үшін шайқас ушығып тұрған қазіргі таңда АҚШ бұл шешімін өзгертетіне күмән бар. Өйткені қазіргі таңда АҚШ шалаөткізгіш саласында Кореядан гөрі Жапониямен серіктес болуды қалап қана қоймай, Кореяның Қытай нарығына шығуын тежеуді талап етуде. АҚШ-тың бұл әрекеті өз кезегінде Кореяның экономикасына үлкен қысым көрсетуде.

Соған қарамастан корей халқы тарих ақиқаты үшін күресін тоқтатпай жалғастыруда. Корей үкіметі мен халқы Токто аралы төңірегінде  әр түрлі бағдарламаларды ұйымдастырып, сол арқылы Токтоның тарихын бүкіл әлемге танытып, жария етуде.

Токто аралына бағыт алған саяхатымыз толығынан іске аспай кері қайтуымызға тура келгеніне қарап мәселе саясатта ғана емес, табиғатың күшіне де тәуелді екендігіне көзім жетті. Қазіргі таңда Токто аралына тек Корея арқылы ғана баруға болады. Дегенмен саяси тұрғыда даулы жер болғандықтан Корея ол жерге үлкен, ыңғайлы круиз кемелерін жібере алмайды. Өйткені ондай әрекет екі ел арасындағы дауды үлкен қақтығысқа әкеп соқтыруы мүмкін.



Бөлісу: