Дін - ізгілік пен туралыққа жеткізетін ақиқат заңдар жиынтығы

Адамзат өткеніне көз жүгіртер болсақ, байырғы заманнан бері адам дінсіз өмір сүрмегенін байқаймыз. Адам жеке тұлға ретінде де, қоғамдық тұрғыдан да дінге мұқтаж. Себебі, дінге дeгeн сeнім оның болмысымен мен жаратылысында бар, туа біткен қасиет болып табылады. Дін - адамзаттың  ғұмырында арқа сүйeр тірегі, сарқырап аққан өмір-өзeндегі қайығының діттеген мақсатына апарар ескегі мен жөн көрсетер темірқазығы.

Жеті қабаттан тұратын ғаламат әлeмге бір сәт көз тастайықшы! Неткен ғажап жаратылыс?! Неткен тіл жетпес жүйе?! Мына  дүниеде адамнан басқа әрбір жаратылыс өз қызметін қалтқысыз атқарып, тыныс-тіршілігін жасауда. Алдын ала келісіп қойғандай бірігіп, жұмыла кірісіп, әлемнің тепе-теңдігін сақтап, жағдай жасап, соған бағынуда. Ал адам баласы осынау жеті қабат әлем өзіне бағынса да, бақытты емес. Ол ұзақ уақыт бойы ойланып, бұл ғұмырға неге келгенін, қайда баратынын таба алмауда. Мына әлемнің өзіне не үшін бағынатынын, өзінің кім екенін түсіне алмай жүр. Кейде ол өзінің дүниедегі жалғыз ақыл-ой иесі екенін аңғарса да, жақсы ғұмыр сүре алмай жүр. Құс екеш құстың ұясы қараған жанды тамсандырса, ал адам өз баспанасын әзер салуда.

Адам - әлемде бірден-бір саналы жан. Бірақ зор тауқыметті де сол санадан көрді. Өйткені, санасы өзін қашан да сұрақ қойып мазаласа да, бірақ жауап бере алмайтын. Әлемдегі әркімнің өз қызметі мен мақсаты бар. Бәрінің мақсаты - адамға қызмет ету. Бірақ адам баласының мақсаты не болмақ? Әсіресе, оның жанын қатты қинайтыны өлім. Өлімді ойлай бастағанда-ақ жүрегінің терең түкпіріндегі мәңгілік өмірге деген сезім, бейне бір жанартаудай атқылап, тұла бойын өртейді. Ол саналы бола тұрып, көбінесе жақсы мен жаманды айыра алмауда. Бүгін жақсы дегені ертең жаман, ал жаман дегені, жақсы болып шығуда. Жанын ең қатты қинағаны, ақыл иесі бола тұра, қауқарсыз, әлжуаздығы. Кейде жауыннан қашып, жапырақты тасалаған көгершінде ғұмырдың зардабынан қашып, құдіретті бір күшті паналап, бой жасырғысы келеді. Адам соларды көріп әлемнің жалғыз Жаратушысы бар екендігін тапса да, оны тани алмауда.

Адам баласының хал-күйі осылай. Сондықтан, ол шеше алмаған жұмбақтың жауабын діннен ғана табады. Ол дін илаһи (құдайылық) болуы керек. Яғни, дін өзі мен жалпы жаратылысты жоқтан жаратқан Ұлы Жаратушыдан келуі ләзім. Өйткені, адамның бақытты өмір сүру жолдары Ұлы Жаратушыға ғана аян. Әркім өзінің жасағанын жақсы білмек. Сол секілді адам да өзін-өзі жасамағаны белгілі. Оны өзіне қызмет еткен табиғат-әлем де жасауы мүмкін емес. Ендеше, оны жаратылыстан үстем біреу жаратқан. Ұлы Жаратушы! Олай болса, адамға не керек екенін, қайдан келгенін, қайда баратынын және бойындағы шексіз сезімдер мен қабілеттерді қалай пайдалану керектігін де бір  Жаратушы ғана біледі.

Адам баласы дінсіз өмір сүре алмайды. Сол діннің қайнар көзі - ақиқат болуы шарт. Ақиқат дін ғана адамды нұрға бөлейді. Жалған дін жүректі қараңғылықтың қара шәлісімен тұншықтырады.

Ой түйіні, нағыз дін - ақыл иелерін өз еріктерімен ізгілік пен туралыққа жеткізетін ақиқат заңдар жиынтығы.



Бөлісу: