Абай мұрасы – ұлтымыздың рухани байлығы

Абай – ұлтымыздың рухани көсемі. Себебі ұлтымызға рухани даму үшін қажет нәрсенің бәріұлы Абайдың шығармаларында бар. Абай мұрасы – қазақ үшін рухани байлық пен өркениет көшіне жол сілтейтін компас іспетті.

Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын хакім айтқан оймен үндеседі. Бұл – біртұтас әрі мықты ұлт құруды насихаттайтын және соның жолын көрсеткен жұмыс. Халықты рухани жаңғыруға, дамудың даңғыл жолына түсуге үндейтін, қоғамдық сананы өзгертуге бағытталған бағдарлама. Қоғамдық сананы өзгерту дегенде, әрине, бірден хакім Абайды еске аламыз. Себебі халқымыздың рухани жаңғыру өзегі – Абай мұрасы екені баршамызға мәлім. Тұңғыш президент, елбасы ұсынған бағдарламада келтірілген даму бағыттары Абай еңбектерінде де бар. Осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы уақытта Абай осы бағыттарды өз еңбектерінде айтып, талдап кеткен. Ал сол уақытта қазақ үшін маңызды болған дүниелер әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Абайдың қырық бес қара сөзі – тұтас философиялық шығармалар жинағы. Қара сөздерінде Абай әр сөзімен ұлттық сананы дамытуға, қалың елі қазағының білімін жаңа деңгейге көтеруге талпынды. Ол қазақты дамыған елдердің қатарына тек білім мен ғылым қосады деп сенді. Сондықтан да өлеңдері мен қара сөздерінде білім-ғылымға шақырды.

Үшінші қара сөзінде Абай «Қазақтың қызметке таласқыш әрі жалқау болатұғынының себебі не?» деп сұрақ қояды. Қазақтың малы көп байларының болыстыққа таласып, дау қуып, пара беріп, ол болыстыққа жетіп алған соң, ел қамын ойлаудың орнына, енді орнымды қалай сақтаймын деп уақыт өткізетінін жазады. Хакім Абай ұлтының кемшілігін қалай қатты сынаса, солай оның білім мен ғылымы дамыған елге айналғанын көкседі. Тағы да «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нəрселермен озбақ. Онан басқа нəрселермен оздым ғой демектің бəрі де – ақымақтық» деп келтіреді. Адам баласының екіншісінен артықшылығы тек білімінде деп ой бекітеді.

Абай еңбектері халық өмірінің барлық саласын түгел қамтыды. Ол қазақтың дүниетанымын, ұлттық мінезі мен болмысын дәл суреттей алды. Абайдай қазақты жақсы көрген, жақсы көре тұра әдбен сынап-мінеген ұлт жанашыры бұрын болмаған. Сондықтан ұлттық жаңғыру жолында хакім шығармаларын басшылыққа алған дұрыс дер едім, өйткені Абай заманында көтерілген мәселелер әлі де маңызын жойған жоқ. Жастарды Абайша «Біріңді қазақ біріңдос, көрмесең істің бәрі бос» деп бірлікке шақыру арқылы ел бірлігін нығайтып, «Рухани жаңғыру»бағдарламасында айтылған бірегей ұлт бола аламыз. Себебі Абай қазақ баласын елінің білімді, ұлтжанды азаматы болуға шақырды. Ал мына өлең жолдары әр қазақ баласының жүрегінде болуы керек деп есептеймін:

Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.

Білім туралы айтқанда Абай батырып тұрып, қадап тұрып айтады. Мысалы, жиырма бесінші қара сөзінде: «Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма!» дейді. Енді қараңыз, бұл қазір де өзекті ақыл. Абай заманыда орыс тілін білімнің тілі деп, «Орыстың ғылымы, өнері –дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» десе, біздің заманда дүниенің тілі – ағылшын тілі болып тұр. Сондықтан да еліміз үштұғырлы тіл саясатын ұстанып отыр. Алдыңғы қатарлы дамыған елдердің бәрі де ағылшын тілінде сөйлеп, әлемдегі жаңалықтың бәрін ағылшын тілінен аударып отырмыз. Сондықтан да, біздерге, жастарға, Абайша айтсақ, «ағылшын тілін білмек керек». Тіл біліп, өрісімізді кеңейтуге ұмтылу қажет.

Қазаққа бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу қажет екенін қазақ арасында бірінші болып айтқан – Абай. Ол қазақтың басқа ұлттарға сыртынан күліп, мазақ етіп, ал бірақ өзі мал бағудан басқа ештеңе білмейтінін айтты. Екінші қара сөзінде «Қазақтың сартты шүлдіреген тəжік деп, ноғайды көрсе, ноғай дегенше ноқай деп, орысты жаман сасыр бас орыс» деп өзара күлісіп, мазақ ететінін айтады. Ал енді осы халықтармен бұл қазақ бәсекелесе ала ма? Жоқ, әрине. Қазақ талап қылмайды, кәсіп қылмайды, жастайынан кежір әрі кердең деп тағы да налиды. Мына түрімізбен ешкіммен бәсекеге түсе алмаймыз, көштің соңындамыз дегенді айтады.

Неге тəжік, ноғай, орысқа күліп, ал өз мінімізді білмей жүре береміз? Өзімізге өзгелердің көзімен қарап көрейік. Біз өзіміз ойлап жүргендей сондай бір мықты ел емеспіз. Бағанағы өзіміз күлген елдерге күніміз түсіп тұр. Сондықтан солардан білмегенімізді үйренейік дейді. Бәсекеге қабілетті ұлт болу мен дамудың негізгі бағыттары қандай болуы керек екені туралы осы екінші қара сөзінде ой қозғайды.

Өз халқын аямай сынай отырып, бірақ болашағынан үміт күткен Абай енді бірде былай деп жырлайды:

Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын ұғуға,

Көкірегінде болсын көз, – деп келер ұрпақтан нағыз білімділер шығатынына сенім артып, талапты жастар келеді деп үміттенеді. Ендеше сол білімді ұрпақ, талапты жас біз болайық. Абай мұрасын – рухани қазық ете отырып, рухани дамудың даңғыл жолына түсейік. Ал Абайдың рухани мол мұрасыбізге және әлі талай ұрпаққа жарығын түсіріп, жол сілтейтініне сенемін.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, журналистика факультеті
баспа ісі мамандығының 2-курс студенті

Жамила ДЖОМАРТ
Жетекшісі: Назкен ЖАНСЕРІКОВА



Бөлісу: