Қазақ балуандары Мемлекет басшысына алғыс білдірді

Күрес түрлерінен Астанада өткен Азия чемпионатында қазақ балуандары сәтті өнер көрсетті. Отандастарымыздың тарихи жетістігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жоғары бағалап, құттықтау хат жолдады.

– Сіздер байрақты бәсекеде топ жарып, ел абыройын асқақтаттыңыздар. Боз кілемде жеңіске деген ерік-жігер мен шеберліктің озық үлгісін көрсетіп, жанкүйер қауымға зор қуаныш сыйладыңыздар. Бұл – табандылық пен қайсарлықтың, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Сіздердің жеңістеріңіз спортты серік еткен жастарды жігерлендіріп, биік белестерге бастайтыны сөзсіз. Еліміз күрес өнерін дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Балуандарымыздың дүбірлі додаларда үздіктер қатарынан көрінуі – соның айқын дәлелі, – деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Мемлекет басшысы спортшыларымыздың алдағы уақытта да аламан сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін көтере беретініне сенім білдірді.

ҚР грек-рим, еркін және әйелдері күресі федерациясы Мемлекет басшысы құттықтауына алғысын жаудырып, елімізде күрес саласының дамуына жасалып жатқан игі істер үшін ризашылығын жеткізіп Алғыс хат жолдады.

- Сіздің жылы лебізіңіз жаңа белестерді бағындырып, жаңа  жетістік шыңына өрлеуге жетелейді. Қолдау сөздеріңіз бізге сенім мен күш-қуат беріп, алға ұмтылуға ерік-жігер сыйлайды. Балуандар және басқа да спорт саласындағы мамандар Жаңа Қазақстанның дамуы мен өрлеуі жолында жүргізіп жатқан саяси реформаларыңызды толық қолдайды әрі оған зор сенім білдіреді. Біздің жеңіс – елдің жеңісі!, - деп жазылған Алғыс хатта.

Айта кетейік, алдағы уақытта қазақ балуандарын Азия ойындары мен Әлем чемпионаты күтіп тұр. Осы жарыстар арқылы 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама үшін таласатын болады.



Бөлісу: