Отбасындағы қақтығыстар және олардың баланың мінез-құлқына әсері

Отбасындағы қақтығыстар және олардың баланың мінез-құлқына әсері
жеке
блог

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеу­меттік орта. Ал, отбасылық қақтығыстар әлеуметтік қақтығыстардың ең көп таралған түрлерінің бірі болып есептеледі. Ол қарым-қатынастың ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл біздің заманымыздың өте ауыр және өткір мәселесі.

Отбасылық қақтығыстар белгілі бір қажеттіліктерді қанағаттандыруға, жағымсыз әсерлерден аулақ болуға, отбасы мүшесінің қажеттіліктерін ескермей, өз мүдделеріне жағдай жасауға деген ұмтылыспен байланысты.

Қақтығыстың мәнін екі немесе одан да көп тараптар (нақты адамдар немесе топтар) арасындағы келісімнің болмауы ретінде анықтауға болады. Жанжалға қатысушы тараптардың әрқайсысы оның көзқарасы немесе сөзі қабылдануы үшін бәрін жасайды және екінші тараптың да солай істеуіне жол бермейді, сондықтан қақтығыс агрессиямен, қорқытумен, даулармен, дұшпандықпен, шиеленіспен және басқа эмоционалды жағымсыз құбылыстармен байланысты. Жанжал әрқашан жағымсыз, оны дереу шешу керек, өйткені ол адами қарым-қатынасты бұзады, бірлескен жұмыстың нәтижелеріне теріс әсер етеді. Алға қойған мақсаттары ысырылып, фокустың бәрі негатив пен жанжалда болады.

Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі. 

Өкінішке орай, отбасы ішінде қақтығыстар туындаған кезде, балалар ең көп зардап шегеді. Сонымен қатар, балаға әсері асоциалды мінез-құлқы бар отбасылардың жағдайындағыдай ашық емес, жанама түрде көрінеді. Жағымсыз көрініс баланың жеке басына әсер ететіні сөзсіз. Ата-аналар арасындағы жиі жанжалдар мен қарым-қатынастарды нақтылау баланың қауіпсіздік сезімін жоғалтуына әкеледі. Нәтижесінде мазасыздық күшейіп, ұзаққа созылған қақтығыстар ауыр зардаптарға әкеледі. Бала өзін-өзі жабады, оны қорқыныш пен уайым мазалайды. Жасырын шешілмеген қақтығыстардың болуы балалардың психикасына да зиян тигізеді.

Психологиялық және педагогикалық әдебиеттерде баланың жеке тұлға болып қалыптасуындағы бастапқы кезең мектепке дейінгі уақытты қамтиды екен. Баланың негізгі психикалық қасиеттері осы жаста қалыптасады. Мысалы, психологтар мен психотерапевттер ерлі-зайыптылардың жанжалының кесірінен баласының мазасыз, ашуланшақ және жүйке жүйесінің әлсіз болатынын атап өтті. Баланың көз алдында туындайтын кез-келген қақтығыстар оған ауыр жағдай туғызады, бұл қозғыштықтың, мазасыздықтың, қорқыныштың, әр түрлі невроздардың және тіпті психикалық аурулардың көзі болуы мүмкін.

«Кімнің сөзін сөйлеймін, қорғаймын, таңдаймын?»,- деген сауал баланың ойында бейсаналы түрде жүреді.  Осы кезде бала «Карпман» үшбұрышындағы қорғаушының немесе жәбірленушінің рөліне енеді.  Отбасындағы рухани тепе-теңдіктің бұзылуы дамып келе жатқан баланың психологиялық патологиясына әкеледі. Отбасындағы қатынастар бала үшін əлем бейнесін сипаттаушы модель болып табылады. Бала әлемнің жағымсыз бейнесін қалыптастырады және бұл болашақта өзінің ересек өмірінің сапасын едәуір нашарлатады. Ол ешкімге сенбейді, қарым-қатынаста өте қиын, пессимизм мен цинизмге толы болады. Кез-келген стресстік жағдайларда депрессия мен өзіне деген сенімсіздікті сезінуі мүмкін, олар көбінесе невроздарды дамытады. Әлеуметтенуіне кедергі келтіретін ерекше қасиеттерді қалыптастырады: оқшаулану, агрессивтілік, немқұрайлылық.

Мұндай балалар аяушылық сезімін түсінбейді және олардың көпшілігінде басқаларға зиян келтіру құмарлығы болады. Бала жай ғана өмірдің заңсыз жақтарына қол жеткізе алады, заң бұзады, басқа адамдарға қатысты заңсыз қатыгез әрекеттер жасай алады. Моральдық және жалпы мәдени құндылықтарды нашар меңгереді. Баланың ата-анасының біріне деген жанашырлығына байланысты басқа жынысқа қатысты жағымсыз сезімнің пайда болу ықтималдығы артады.

Сондықтан да отбасындағы достық, тыныш қарым-қатынас баланың жеке басының қалыпты дамуының міндетті шарты болып табылады. Кез-келген жанжалда ата-аналар өздерін басуы керек, өйткені жанжал мен қарым-қатынасты нақтылау балаларға орны толмас зиян келтіреді. Балалардың қатысуымен туындаған қақтығыста  ата-аналар оны позитивті түрде аяқтап татуласқанын балаларына көрсете білу керек.

Мақала авторы: Тұрғанбай Тоғжан

Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б. Рушанова