Бала көңіл немесе свеча...

Бала көңіл немесе свеча...
жеке
блог

Әкесі бұны емірене иіскеп көрмепті, иіскеген де болар, тек иіскеген кезі бұның есінде жоқ. Қашан көрсең де түнеріп жүргені. Көп сөйлемейді, шешесі әзірлеп берген тамақты ішеді, содан кейін газет-журнал оқыған болады. Көбіне көк «Москвичіне» мініп алып, күнұзаққа жоқ болып кетеді. Әкесінің машинасына мінудің өзі арман. Аңда-саңда ауданға қонаққа я болмаса басқа да бір шаруалармен барған шешесімен ерген кездерде ғана мінеді.
 Бекеннің әйтеуір осы машинаға құмартып тұратын әдеті бар. Кей күндері әкесі тамақ ішіп отырған кездерде есігі жабық машинаны сыртынан сипалап жүргені. Терезесінен үңіліп, ішін қызықтайды. Өзінің әкесінің алдында рөлде отырғанын, ара-тұра әкесіне мақтаныш сезіммен қарап қоятынын ойша ғана елестететін… 
Басқа балалармен ойнап жүрген Бекеннің көзі жол бойында жатқан бармақтай темірге түсті. Не деп аталатынын кім білсін әйтеуір әкесінің машинасында да осындай тетік барын бұл біледі.Әлгі тетікті қалтасына салып алып, үйіне қарай құстай ұшты. Әкесі жоқ екен. «Тамағыңды іш» деген шешесінің сөзіне де қарамады. Әкесі келгенше есік алдындағы сәкіде отырды. Бір кезде әкесі де келді-ау.
-Әке, мына сайманды ойнап жүріп тауып алдым, машинаңа керек болар?
Әкесі ұлы ұсынып тұрған «свечаны» алғанымен, зер салып қарамастан иығынан асырып лақтыра салып үйге кіріп кетті.
Бекеннің түрінің бозарып кеткенін әкесі байқамады.Ал, бала болса әкесі лақтырып жіберген свечаны көтеріп ала сала беті ауған жаққа жүгіре жөнелді.
Бекен содан үйге кірмеді. Ел-жұрттың малы жайылымнан келіп, ойын балалары үйді-үйлеріне тараған кезде де үйге оралмады. Сонда ғана балаларының үйде жоқ екенін сезгендей әкесі мен шешесі жанұшырып іздей бастады. Бекеннің денесін ертесіне ауыл шетіндегі өзеннен тапты. Кішкене ғана уысына свечаны тас қылып қысқан күйі өзен жиегінде жатыр екен…
Енді міне, Бекен мінуді армандаған көк машинаның ішінде кетіп барады. Тек бұл жолы кілемге ораулы күйі ауыл шетіндегі қорымды бетке алып бара жатты…